Жаңа жылдан хабар жеткелі, кішкене балдырғандар Аяз ата мен Ақшақарға арнап өлең шумақтарын жаттай бастайды. Өйткені, Аяз аталарының өнерлі балалардан тәттісін де, сыйлығын да аямайтынын жақсы біледі.
Сондықтан, Жаңа жыл жақындаған сайын Аяз ата мен Ақшақардың жұмысы қыза түседі. Қомақты қаржы үшін олар бәріне даяр. Әрине, балаларыңызды қуантқыңыз келсе, сізге де Аяз ата мен Ақшақардың көмегіне жүгінуге болады. Ол үшін балдырғандарға тарататын сыйлықтарыңызды есептемегенде, қалтаңызда он мың теңгеден жоғары қаржыңыз болуы керек. Мәселен, облыс орталығындағы «Көбелек» арт тобындағы ертегі кейіпкерлерінің бір сағат қызмет көрсетуі 18 мың теңгені құрайды. Ал, бұл бағаны көпсінетіндерге 8 мың теңгеге 20 минут Аяз ата мен Ақшақардың рөлін сомдап береді. Бірақ, сұраныс көбейіп, соны қанағаттандыруға дәрменсіз болып қалатын мекемелер де аз емес. Қала тұрғыны Мая Жана-това жұмыс істеп жатқан топтардың біріне хабарласып, 31 күнгі түнге келісіп қойыпты. Алайда, дәл сол күні тапсырыстың көптігінен күткен Аяз Ата оның үйіне, жалғыз оған емес, басқа үйлерге де үлгере алмай қалған. Себебі, сонау Бурабай асып кеткен. Әйтеуір, сөз тауып «Сыйлығын есіктің түбіне тастап кетіпті. Ренжіме. Келесі жылы міндетті түрде үйге кіреді» деп қызын жұбатқан. Міне, ақшаға құнығып, өз уәдесіне атүсті қарағанның салдары осындай болмақ.
Бұл бір ғана мысал. Уәделескен уақытында келмей, бала жанын жараласа, құттықтауға келіп думанның шырқын бұзатын Аяз аталар да жоқ емес. Тіпті, ащы суға сылқия то-йып алып, шақыртуларға бара береді. Олардың осындай күйде де пайдадан бас тартпайтынын көргенде жағаңды ұстайсың.
Шет елде Аяз аталарға талап күшті. Біріншіден, ішімдіктен аулақ болуы тиіс. Бұл жөнінде арнайы келісім-шартта көрсетілген. Егер жылдың бас кейіпкері ереже бұзса, онда жұмысынан қуылып, айып пұл төлейтін көрінеді. Сонымен қатар, әр қойылым өзгеше болуы шарт. Ал, біздегі кей Аяз атаның қызметінің түрі жоғарыдағыдай…
Ырысгүл АШУОВА.