Ауада бетті сәл-пәл ғана шымшылай ойнайтын аяз бар. Биік көктен билеп ойнап, жапалақтап қар жауып тұр. Төңіректің бәрі шымқай ақ түске оранған. Мөп-мөлдір, тап-таза.
Табиғаттың өзі бүгінгі адамдардың көңіл-күйі тәрізді кіршіксіз, әдемі кейіпке енген. Мерекелік шыршаның ашылу рәсімі өтер кезде ауа райы дәл осындай болды. Ал, биылғы қар қалашығын дайындау оңайға соқпаған еді. Кей күндері ауа райының жылы болғандығы соншалық, қардан қашалып, қырналып жасалған ертегі кейіпкерлері бірінен соң бірі еріп, жантая құлап, рәсуа болып жатты. Әйтсе де жаңа жылдың алдында барлық тұрғындар күш-жігерлерін біріктіріп, қирағанды жөндеп, қайсыбірін жаңадан салып, әйтеуір, уақытылы аяқтап шықты.
Бұл орайда, аудан орталығындағы №11 агротехникалық колледжі, Атбасар электровоз жөндеу зауыты, «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді ұжымдар көп көмек көрсетті. Ал, қар қалашығындағы безендірудің көркемдік кейпіне «Атбасар диірмені», «Нан абыройы», «Облгаз» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мол еңбектерін сіңірді. Одан басқа ұжымдар мен мекемелер қаншама?
Мереке түні қала тұрғындары мен қонақтарына арналған театрландырылған кеш өткізілді. Онда әдеттегідей Аяз Ата мен Ақша қар ғана емес, әртүрлі ертегі кейіпкерлері өнер көрсетті. Қаланың байырғы тұрғындарының айтуына қарағанда дәл мұндай сәнді безендірілген мерекелік шырша көптен бері тұрғызылмаған екен.
Әдетте жылды қалай бастасаң, тұтас жыл солай болады деп жатады ғой. Осы мерекенің ау-жайына қарағанда атбасарлықтар үшін алдағы жыл еңбек жеңісіне, тіршілік жемісіне толы жыл болар деп ойлаймыз.
Атбасар ауданы әкімінің
баспасөз қызметі.