Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр қырынан танылды - АРҚА АЖАРЫ

Әр қырынан танылды

 Жуырда Ақмола облыстық филармониясында жас әнші Сәрсенбай Хасеновтың жеке шығармашылық есебі іспетті концерті болып өтті.

  Өнер өлкесінде жылдан-жылға өзіндік мәнерімен көрініп келе жатқан талантты әнші бұл жолы да тыңдарман қауымды нәрлі әндерімен сусындатты. Алдымен, көз алдымызға халқымыздың жыраулық дәстүрін елестетіп өткендей болған Сәрсенбай көпшілік көңілінен шыққан осы бір мазмұнды концертін Қазтуған жыраудың  бүгінге жеткен өшпес мұраларынан бастады. Өткеннің ойлы сөзі, өрнекті мақамымен  тыңдарманын бір желпінтіп алған әнші бұдан кейін ұлы Мағжан ақынның «Батыр Баян» поэ-масынан үзінді, Үмбетай жыраудың  толғауларынан тебіреністі шумақтарды көлденең тартып, ынтызар көңілдерді халқымыз басынан кешкен қилы заманның зар-мұңына да бір  бойлатып алды.
Енді бір сәтте әншінің мол репертуары осы күнгі кең тынысты өршіл әуендерге де ойысып, жаныңды жаңа бір қырынан тербеді. Жалпы, Сәрсенбай әнші өзі орындайтын кез-келген әнін бірден бастап кетпей, оған азды-көпті түсінік беріп, тыңдарманын авторлары, шығу тарихы сияқты тұстарына алдын ала бойлатып отыру жағынан да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан өнер иесі екендігіне көзіміз жетті.  Жоғарыда айтылғандардан басқа, осы жолы көпшілік оның орындауындағы Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Ақан серінің «Құлагер», Ақселеу Сейдімбектің «Дәурен-ай», Мұқағали ақынның сөзіне жазылған «Фариза», тағы басқа әндердің де үлкен шеберлікпен сезім қылын дөп басқанының  шынайы куәсі болды.
Сәрсенбай Хасеновпен бірге сахнада әсем ән шырқап, қыл қобыздан келісті күй төккен өнердегі серіктері мен достары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Элмира Төлеубаева, Аян Омаров та концертке өзіндік бір түр, сипат бергенін ауызға ала кетуіміз керек. Қорыта айтқанда, Міржақып Дулатовтың «Қайда едің?» деп аталатын өлеңіне жазылған өз әнін де ғасырлар сарынындай қоңыр мақаммен жиналған қауымның жан сарайына әсерлі қондыра білген Сәрсенбай Хасеновтың концерттен концертке өсу үстінде екенін байқадық.  Оның 2015 жылы әртүрлі мерекелік шараларға орай, қайырымдылық концерттерін де аз бермегенін ескерсек, жүрегі әрқашан «елім» деп соққан, өзінің өскелең өнерімен дәйім сол елінің көңілінен шығуға ұмтылған талантты да парасатты  өнер иесін көреміз.
Осы еңбегі шығар, әншіні ескі жыл мен жаңа жыл айырығындағы тартымды кешімен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева құттықтап, сый-сыяпат жасаса, ғалым ұстаз Аманжол Есмағұлов, өнер өкілдері Құдайберлі Мырзабек,
Кенжебай Мұқышев та ізгі тілектерін білдірді.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар