Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Топжарғандарға арналған мереке - АРҚА АЖАРЫ

Топжарғандарға арналған мереке

Тарихымызда қилы-қилы заман болғаны белгілі. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз қандай күндерді бастан кешсе де, қашанда болашағын ойлаған.

Қазақтың маңдайына біткен Есім, Тәуке, Қасым, Абылай хандардан, Төле, Әйтеке, Қазбек билерден, басқа да даналар мен көреген қариялардан қалған баталы, бәтуалы тағылым сөздер осының дәлелі. Осының бәрін топшылап, халқын жарқын болашаққа өзі бастап әкеле жатқан Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев  «Ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын көшелі ел, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне, шәкірт біліміне ерекше назар аударады» деп тектен-тек айтпаған.

 

Кешегінің баласы мен бүгінгінің баласының замандары да басқа, ойын-пайымы да бөлек, мүмкіндіктері де сан қилы. Балалық шағы өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары  біздің жазғы ермегіміз өзен жағалау, балық аулау, тау-тасқа шығу, жеміс-жидек теру, жуа қазу, ал қысқы бар қарекетіміз кесілген талды таяқша етіп, бұйырғаны пимаға коньки байлап, бұйырмағаны конькисіз жүгіріп, өзенде қатқан мұз айдынында хоккей ойнау, барымыз шаңғымен, қол шанамен, жоғымыз бос қайқиып қатып қалатын керзі етікпен таудан төмен сырғанау еді. Әрине, мұның барлығы қысы-жазы бітпейтін мал, бақша күтімі, басқа да тірлікке байланысты үй шаруасынан босаған сәттерде ғана мүмкін болатын.
Қазір балалар үйден шықпайды. Туа салып көргені – телевизордағы кәріс-үнді сериалдарына күндіз-түні телміріп отыратын  шал-кемпір, бір қолтығында сәбиі, екінші қолында ожау-пышағы, құлағында қыстырулы телефоны бар,  ұдайы біреумен сөйлесіп жүретін анасы болса, бала да бар ынта-талпынысын сол теледидар, компьютер, ұялы телефон төңірегіне  басқа кімге, неге қарап еліктемек?!
Күніне бір сағаттан артық телефон, компьютер пайдаланған үлкен-кішінің миында қатерлі ісіктер, жүрегінде түрлі ақаулар пайда болатынын әлем ғалымдары әлдеқашан мойындап қойған. Ал, біз кеше ғана қолымыз жеткен бұл дүниелерден қос қолдап ұстап  айрылмайтын сыңайлымыз.
Балаларды ондап, жүздеп спорт залдарындағы түрлі үйірмелерге тартып, түрлі жарыстарда шәкірттерінің топ жаруы мақсатында бар уақытын, қалтасында бар қаржысын сарп етіп жүрген спорт жаттықтырушылары, доп ойнаған бала көрсе, немересіндей еміренетін спорт ардагерлері елу жыл бұрын да бар еді, қазір де бар. Соларға қарап, ұдайы тебіренемін. Жаңа ғана біз сөз еткен заман кеселінен жас ұрпақты жұлып алу жолында аянбай тер төгетін, ол үшін ешкімнен ештеңе дәм етпейтін шынайы спорт  жанашырларының еңбегін сол спортты дамытуға міндетті шенеуніктер лайықты бағаламай отырғаны айтылуы тиіс ақиқат.
Таяуда Ақкөл қаласында кешегі бірді-екілі спорт әуесқойынан,  алты-жеті жаттықтырушыдан, аты бар, заты жоқ спорт федерацияларының бірнеше президентінен құралған қауымдастық «Ақкөл жұлдыздары балалар спортын қолдайды» атты спорт фестивалін өткізді. Заңды түрде әрекет ететін қазақ күрес федерациясы жерлес батыр Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналып келесі жылдың мамыр айында өтетін республикалық турнирге дайындық мақсаттарын көздесе, әр саланы жалғыз-жалғыздан сүйреп жүрген азаматтар осы мерекеде барын да, жоғын да көрсетіп қалуға тырысты.
Аудан әкімдігімен келісе жүріп, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Б.Әкімованың жанашырлығы және қамқорлығымен осы фестивальды қоғамдық негізде дайындаған қазақ күресі федерациясының құрылтайшылары шын мәнінде Ақкөл топырағында өсіп-өнген спорт және өнер тарландарын мерекеге құрметті қонақ етіп шақырылған спорт ардагерлерінің алдына шығарды.
Өздері де спорттық киімдерін киіп, спорт үйірмесіне қатыса бастаған алғашқы бір-екі жылда алған медальдарын тағып, ауданда тұңғыш өтіп отырған спорт мерекесіне келген балалар сахнадан өздерінен үлкен, аудан, облысты қойып, республикалық додаларда топ жарып жүрген бозбалаларды көріп, мәре-сәре болды. Жүргізушілер атақ-мәртебелерін түгендеп сахнаға шақырған екі бірдей қысқы Олимпиадаға қатысушы ерлі-зайыпты, Азиаданың 4 дүркін чемпионы Александр Червяков пен Азия чемпионы Анна Лебедеваның, гір тасын көтеруден әлем чемпионы Ермек Дәукенов, грек-рим күресінен 2015 жылғы Ресей чемпионы Төлеген Бертаев, қазақ күресінен жастар арасында ел чемпионы Әділ Жақсылықовпен кездесулерін  үйірме тәрбиеленушілері   ұмытпайтын шығар.
Мереке бағдарламасы әрі қарай спорт пен мәдениет тақырыптарында кезек-кезек өрілді. Күні кеше ғана аяқталған республикалық «Қазақстан дауысы» жобасының бас жүлдесін иеленген жерлесіміз Мұратбек Хайролланың,  Тәуелсіздік күні қарсаңында балалар мен жасөспірімдер арасында «Ғұмырдария» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген телевизиялық фестивальдің жеңімпазы Әлмира Кәукенованың, 40 жыл бұрын құрылса да, әнін де, мәнін де, сәнін де жоғалтпаған «Тихогуры» эстрадалық тобының жетекшісі Владимир Рыкунов бастаған жезтаңдай әншілердің ән шашулары, «Үздік ауылдық округ» жобасының жүлдегерлері Кеңес, Урюпинка, Новорыбинка топтарының сахналандырылған көріністері спорт фестивалінің алауын маздатты, көрігін қыздырды.
Ал, спортшылар өз арасында жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын ұлықтады. «Жыл спортшысы» атағын балалар мен жастар арасында Әділ Жақсылықов, ересектер арасында Ермек Дәукенов, ардагерлер арасында Төлеген Бертаев, «Жыл жаттықтырушысы» атағын футбол жаттықтырушысы Евгений Везнер, қазақ күресі жаттықтырушысы Дархан Құрымбаев, «Жыл командасы» атағын балалар арасында 2003 жылы туылған футболшы балалар командасы, ересектер арасында қыздар баскетбол командасы, «Жыл меценаты» атағын футбол федерациясының президенті Болат Ахатов иеленді. Оларға тиісті сертификаттар мен  кубоктар тапсырылды.
Балалар спортын дамытуға мейлінше ұйытқы болған аудан әкімі Теміржан Едігеновке спорт қауымдастығы «Жыл адамы» мәртебесін лайықтады.
Өз кезегінде еңбегі еленбеген 4  спорт жаттықтырушысы еңбек ететін отбасының отағасы, айтулы спорт бапкері Роберт Везнер өзіне ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәтпек  Әлімжанов Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаhарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальды тапсырғанда,  борша үгілді… Оның көзінен парлаған жас тамшыларын залдың алдыңғы қатарында отырған жұрт, негізінен спорт ардагерлерінің бәрі көрді.
Спорт мерекесіне дайындық барысында таратылған қайырымдылық билеттерінің кейбір нөмірлері бойынша мерекеден тәбәрік таратылды. Спорт және өнер жұлдыздарының айтулы сәттері бейнеленген суреттерді, қысқы олимпиадалар кәдесыйларын белгілі спортшылар қолынан алуға үмітті балғындардың қуаныштары ұзаққа дейін толастамады.  

Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар