Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Мұхтар Аюбаевтан облыс әкімі Сергей Кулагиннің атына Алғыс хат келіп түсті. Онда әскерге алынған жерлес жауынгерлердің үлгілі қызметіне ризашылық білдіріледі.
Аталған хатта жергілікті органдардың жауапкершілікпен қарауының арқасында өткен жылдың күзінде Ақмола облысынан әскерге шақырылған жастардың арасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің талаптарына жауап беретін үздік үміткерлер іріктеліп алынғаны айтылады. Олардың қатарында Қорғалжын, Астрахан аудандары мен Көкшетау, Степногорск, Атбасар қалаларынан барлығы 19 жерлесіміз бар.
«Олар арнайы тексеруден, медициналық және психологиялық зерделеуден өтіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің мандаттық комиссиясына сынақ тапсырды. Сонымен бірге, әскери дайындықтың негізгі пәндері кіретін оқу бағдарламасынан, сапқа тұру және бейімделу курстарынан өтті. Сөйтіп, 28 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті мен халқына адал болуға ант қабылдады. Ант қабылдағаннан кейін мерзімді әскери қызметтерін өтеуге Президенттік «Айбын» және «Батыр» әскери бөлімдеріне жіберілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдерінде әскери қызмет атқару жастардың өміріндегі маңызды кезең болып табылады. Олар шыңдалып, есейеді, ең бастысы, Отан алдындағы өздерінің конституциялық борыштарын элиталық бөлім қатарында атқарады. «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінің әскери қызметшілері хаттамалық іс-шараларды, құрметті қонақтарды салтанатты қарсы алу рәсімдерін өткізу және олардың жеке қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету кезінде жоғары кәсіпқойлық шеберліктерін танытып, қызмет ететін болады. Шетел басшылары және басқа да аса мәртебелі меймандар біздің елімізде болған уақытта олардың мінсіз қызметіне жоғары баға береді. Әскери қызмет атқару кезінде әскери қызметшілер төзімділікке тексеруден өтеді, өйткені, күзетілетін адамдар және біздің еліміздің стратегиялық нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо-йынша атқарылатын міндеттер ерекше жауапкершілікті талап ететіні белгілі.
Сізге сеніп тапсырылған өңірдің өкілдері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерекше сеніміндегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік полктерінің қатарында әскери қызметті үздік атқаратынына сенімдімін» деп атап көрсетілген хатта.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.