Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қала басшысы қарттарға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, көненің көзі ардагерлердің ортамызда аман-сау жүре беруіне ниеттестік білдірді. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, қал-жағдайларын сұрады.
Айта кетейік, биыл степногорлық ардагер Иван Бабин торқалы тоқсан жасқа келген екен. Қария өмірінде бірталай қиындықтарды бастан өткерген. Соның бірі – 1941-1945 жылдардағы сұм соғыс. Ел басына қауіп төнген осы қысталаң шақта ардагер Ленинград пен Прибалтикадағы шайқастарға қатысып, ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталған.
Ал, соғыс ардагері Андрей Рыбалко Жапон соғысына қатысқан. Бұл кісінің де майдан даласында көрсеткен жауынгерлігі мен қайсарлығы үшін алған марапаттары көптеп саналады. Қала әкімі мереке күні қарттарға ізгі тілектерін жеткізіп, қалада тұратын тағы жиырма ардагерге сый-құрмет көрсетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.