Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» республикалық акциясы салтанатты жағдайда бастау алды. Шараға қатысқан облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде барлық ақмолалықтарды ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған елдік іске белсене қатысуға шақырды.
Биыл еліміз Тəуелсіздіктің 25 жылдығына қадам басты. Осы маңызды датаны мерекелеу қарсаңында қолға алынған аталмыш акция аясында біздің облыста да отыздан астам іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде. Салтанатты кездесуде құттықтау сөз алған облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктеріне, іс-шараларды өткізу барысында әсіресе әлеуметтік, экономикалық және мәдени маңызы бар мәселелерге баса мән берілетініне тоқталып өтті.
Бұл күні, сондай-ақ, бірқатар этно-мәдени бірлестік жетекшілеріне марапат көрсетілді. «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тожибуви Медетоваға Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілсе, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр
Артеменко Елбасының Алғыс хатына, ал, мәдениет және қоғам қайраткері Ғосман Төлеғұл Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасына ие болды.
Шара барысында «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Видергебурт» Ақмола облысының неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Любовь Ленева, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 4 курс студенті Әділет Сембі сөз алып, өңіріміздегі ынтымақ-бірлікті нығайтуға үлес қосуға әркез әзір екендіктерін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.