Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
НАРКЕСКЕНІ НҰРАНЫҢ - АРҚА АЖАРЫ

НАРКЕСКЕНІ НҰРАНЫҢ

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің белді қызметкері, өңірімізге танымал қарымды қаламгер Талғат ҚАСЕН алпыстың  асқарына
шығып отыр. Жуырда ғана телефон арқылы хабарласқанымда Тәкең: «Шынымен-ақ алпыстың ауылына ат басын тірегеніме сеніңкіремей отырғаным, қартайып қалғанымыз ба, бауырым-ау! Ойхой, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай» деп өз таңданысын білдірген еді.

 

Иә, зымыран уақыттың алдында адам баласы дәрменсіз. Оның кіндік қаны тамған жері Қарағанды қаласы болса да, балалық дәурені ауылда өтті. Күні кеше ғана Қорғалжын ауданындағы алақандай  Ұялы ауылының көшесінде тал шыбықты ат қып мініп, май топырағында аунап өскен бала Талғат та міне, бүгін алпысқа толып жігіт ағасы дәрежесіне көтерілді. Қарапайым қазақы ауылда қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен оның бойында азаматқа тән барлық қасиеттер қалыптасқан деп айтуға толық негіз бар. Аузын ашса, көкейіндегісі көрінетін ақжарқын мінезі, турашылдығы мен бірбеткейлігін, әділетсіздікке жаны төзбейтін, нені болса да бетке айтатын қасиеттерін өз басым жақсы білемін. Осының бәрі  ауылдың сыйлы ақсақалы, атасы Қасен ақсақалдың тәрбиесін көргендігінің арқасы болар деп ойлаймын өз басым.
Киіктің асығындай лыпып тұрған, жайдары мінезді осы бір азаматпен таныстығым сонау 1989 жылдың ақпанында Қорғалжын аудандық «Шамшырақ нұры» газетінің редакциясында басталған-ды.  Редакция табалдырығын  жақын досым, сыныптасым, сол кездері газет редакторының орынбасары лауазымында жүрген Ғабдолла Қарымсақовтың қолқа салуымен аттаған едім. Екінші қабаттағы редакция дәлізінің ең түкпіріндегі қазақ тіліндегі басылымның қызметкерлері отыратын бөлме. Міне, біздің таныстығымыз да, бірлесіп қоян қолтық еңбек етуіміз де осы арадан бастау алды. Бір бөлмеде 4 адам отырады. Редактордың орынбасары Ғабдолла Қарымсақов, жауапты хатшы Қарлығаш Тәттімбекова, аға аудармашы Талғат Қасен, корректор Айгүл Әбдуова. Енді осылардың қатарына мен де қосылып, кіші аудармашы болып, бос тұрған бір үстелге қонжидым.
Жасыратын несі бар, ол кезде жетекші газет орыс тіліндегі «Свет маяка» болатын. Біздердің міндетіміз  сонда жарияланған материалдарды қазақшаға аудару. Алғашқы күннен-ақ Тәкең маған бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Аударма жасаудың, ара-арасында іссапарларға да шығып тұрамыз. Жазғандарымызды бір бірімізге көрсетіп, сын айту, оған түзетулер енгізу, тақырыптар қоюды ойластыру  қалыптасқан үрдіс еді. Редакцияның табалдырығын имене аттаған мен алғашқы кездері біршама толқып, жүрексініп жүрдім. Көкейімде: «Әй, осы менен бірдеңе шыға қояр ма екен?» деген дүдамал ой да жоқ емес. Сондай кездері менен гөрі тәжірибесі мол Тәкең жазған-сызғандарыма өз бағасын беріп, ара-тұра мақтап та қоятын. «Ғабеке, Тәкібайдың  (ол мені еркелете осылай атайтын) мына бір мақаласы сәтті шығыпты, өзінің  қаламы біршама төселіп келеді» деп, редактордың орынбасарына апарып көрсетіп, мәз болатын.   Бұған мен кәдімгідей арқаланып, жігерленіп кетуші едім. Бүгінде ойлап отырсам, менің де журналист болып қалыптасуыма әріптес ағам Талғат Қасен аз еңбек сіңірмеген сияқты.
Ежелгі Римнің билеушісі Юлий Цезарь: «Адам өз тағдырының ұстасы» деген екен. Расында әр пенде   өз соқпағын өзі салуы тиіс. Мектеп қабырғасында жүрген әрбір балаң жастың көкейінде толған мақсат пен тоқсан түрлі талғамның тұратындығы даусыз. Бала кезінде бәрі қиялшыл, балалық арман қайда жетелемейді? Біздің кейіпкеріміз сол мектеп партасында отырғанда-ақ журналист болсам деп армандады. Бұл асырып айтқандық емес, айна қатесіз шындық. Әдебиетке, қара сөзге жаны жақын ұлан осы арманынан онжылдықты бітіргенше айныған жоқ. Кезінде әдебиет пәнінен сабақ берген ұстаздары Дәмежан Дүзенқызы Жақыпова мен Алтын Орынбасарқызы  әр жазылған шығарма сайын мұның жұмысына үнемі бестік баға қойып: «Араларыңда Талғаттан мықтыларың жоқ-ау, сірә?» деп отыратын сүйсініс білдіріп.  
Тәкеңнің журналистікке ден қоюына жездесі, Қорғалжын өңіріне танымал азамат, марқұм Қуандық Әбіловтің де ықпалы аз болмағандығы анық. Кезінде «Шамшырақ нұрының» беделді бір қызметкері болған Қуекеңнің жазғандары аудандық басылымда  жиі жарияланатын. Сол кісіге еліктеп, 7-ші сыныпта оқып жүргенде мұның да газетке ауыл өмірінен бір мақала жолдағаны бар. Басылымның бір санында  жарқ етіп сол мақаласының шыға  келмесі бар ма? Сол күні оқушы Талғаттың қуанышында шек болған жоқ. Балалардың бәріне көрсетіп мәз болды, үй ішінің, ауыл адамдарының алғысы, мақтау-марапат та төбесінен төмен құйылып жатыр. Газеттің бір бұрышын ғана алып жатқан тырнақалды дүниесін сыныпта отырып та, көшеде келе жатып та, үйде сабақ әзірлеп отырып та қайта-қайта оқиды. Алып-ұшып қияндарға жетелейтін қайран бала көңіл-ай десеңізші!
Содан бергі аралықта да сынаптай сырғып қаншама  жылдар өтті. Арманды ойын, бала қиялын шын мәнінде жүзеге асырған Талғат Қасеннің бүгінде Арқаның ардақты азаматына, беделді басылымның белді қызметкеріне айналып, абырой биігінен көрініп жүрген жайы бар.  Бірақ, нақ осы жолдың оған қаншалықты қиынға түскендігін, өз сүрлеуіне түсу үшін қандай өткелектерден өткендігін былайғы жұрт біле бермейді.
Алдымен әкесі Бақтыбек қария оның бұл таңдауына, Алматыға баруына  үзілді-кесілді қарсы болды. Ол кісі үшін Алматы жердің түбі секілді болып көрінетін. «Жездең Қуандықтың жорналыс болып, ала қағазды шимайлап жүргені жетеді.  Немене, Алматыдан басқа жерде оқу құрып қалып па? Мына іргедегі Ақмоланың оқуын бітірсең де далада қалмассың, шырағым. Тілімді алсаң Ақмолаға бар, жанымызда бол» деп табандап отырып алды.  
Әкесінің көңілін қимай, ойлай-ойлай келе Целиноградтағы инженерлік-құрылыс институтына құжат тапсырды. Бірақ, көкірек түкпірінде сүйген кәсібіме түбі бір оралармын деген ой жатқан-ды. Жоғары оқу орнының 3 курсын бітірген соң оқуын тастап сол кездегі «Қазақсельмаш» зауытына жұмысқа орналасуы да өмірінің бір белесі. Бірақ, көп ұзамай  Кеңес әскерінің қатарына алынып, сәулетті Ленинград (бүгінгі Санкт-Петербург) шаһарында азаматтық борышын өтеді. Қайтып келген соң оқуын жалғастырды. Кейін институт бітірерде оған еліміздің батыс өңіріне жолдама берілген еді. Неге екенін қайдам,  ол жаққа баруға ықыласы болмады, зауқы соқпады. Ол кезде «Ақмола қайда, Гурьев (Атырау қаласы ол кезде солай аталатын) қайда» дегендей, ата анасы да алысқа ұзағанын қаламаған еді.  Дәм жазып, Атырауға барғанда бүгінде айтулы мұнайшы болып жүрер ме еді, қайтер еді?
– Адам баласын арман шіркін адастырмайды екен. Бес жыл институт қабырғасында жүргенде, кейін өз мамандығым бойынша Қорғалжындағы «Сельхозтехника» кәсіпорнында, одан соң оқу-өндірістік комбинатында қызмет істеп жүргенде де әдебиетке деген сүйіспеншілігім, жазуға деген құлшынысым бір сәт те бәсеңсіген емес. «Ескі ауруым» қозып,  анда-санда газетке мақала жазып тұратынмын. Тіпті, кейіннен негізгі жұмысымды атқара жүріп аудандық газетке де аудармашы болып орналастым. Ол кезде газетте Жақсылық Әбдин, Кенжебек Балжанов сынды қаламгерлер жұмыс істейтін. Сол ағаларым редакцияға әр барған сайын: «Әй, інішек, сен бізге ауысып келсеңші» деп жиі қолқа салатын. Әсіресе, сол кезде редактор болған Айдарбек Имажанов біраз үгіттеп еді.  Мен әжептәуір ойланып қалушы едім.
Басылымға бас редактор болып Болат Айтжанов келген соң тағдырым түбегейлі өзгеріп, журналис-тика саласына біржолата бет бұрдым. Содан бері міне, 30 жылға жуық журналистиканың қазанында пісіп, осы кәсіппен  біте қайнасып келемін. Осы  орайда журналистикадағы  ұстазым ретінде өзіме етене жақын болған марқұм Әміржан Зәкарин туралы ерекше айта кетпекпін. Ол кісі шын мәнінде көсемсөздің зергері, журналистиканың майталманы болатын.   Жазғандарына әркез тәнті болушы едім. Көлдей-көлдей очерктерді, әңгімелердің өзін дайындау барысында  бірден жазу машинкасына диктовкаға отыратын. Әміржан аға кезінде «Шамшырақ нұрынан» шыңдалып шыққан әріптестерімнің барлығының ұстазы болды десем, артық айтқандығым емес, – дейді Тәкең әңгіме барысында.
Өмір бір орында өзгеріссіз тұрмақ емес. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде ол Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне әдеби қызметкер болып келді. Осы жерде қызмет істей жүріп аймаққа танымал Жомарт Әбдіхалық, Бәдуан Имаш, Жылқыбай Жағыпарұлы, Аманкелді Жұмабек, Амантай Есілбай, Төлеубай Ілдебаев секілді қаламы қарымды журналистермен тізе қосып еңбек етті. Бір сәт босаңсып, жазудан жалыққан емес. Осының арқасында жаңа ортаға да тез сіңіп, өзі де оқырмандар арасында кеңінен таныла бастады. Аудандық газетте аудармашыдан бастап, редактордың орынбасарлығына дейін көтеріліп, тәжірибе жинақтаған ол алғашында мұндағы жазған-сызғандарына сәл түзетулер енгізілсе, біртүрлі жәбірленіп қалушы еді. Сөйтсе, «мен бәрін де білемін» деу астамшылық екен. Адамның өмір бойы оқып, өмір бойы іздену керек екендігіне дәл осы жерде жүріп анық көз жеткізгендей болды.
«Арқа ажарында» қызмет еткен жылдар ішінде облыс аумағында Тәкең шарламаған жер, Тәкең бармаған аудан, ол сұхбат алмаған басшы қызметтегі азаматтар  кемде-кем шығар. Әрбір іссапардан келген бетте жауапты хатшының алдына бірнеше мақаланы бірден тоғытатын. Осының өзі оның бойындағы өз ісіне деген жауапкершілік пен жұмысқа  мұқияттылығының белгісі дер едік. Журналиске жылдамдық, ұшқырлық, дәлдік қажет дейтін болсақ, осы қасиеттер оның бойынан әркез табылады.
Кейін екеуміздің жолымыз тағы да түйісіп, біраз жыл «Арқа ажарындағы» ажарлы күндерді бірге өткердік. Сонда бір байқағаным, Тәкеңнің бір мақаланы қолға алса, аяқтамай тынбайтындығы. Табандап отырып, соны жазып шығады және тақырыптарды да ойнатып  шебер қоятындығы.  Өз жазғандарыма тақырып таба алмай қиналғанда: «Тәке, мынаған бір тақырып ойластырсаңыз қалай болады?» деп өтінуші едім кей кездері.
Әріптес ағамның бойындағы тағы бір қасиеті – оның қушыкештігі. Жұмыстан бір сәт қолымыз қалт еткенде әзіл әңгіме айтып, күлкіден езуімізді жиғызбайды. «Аузында әзілі жоқтың қойнында шоқпары бар» демекші, оның бар  шынайы болмысы осы. Шырт етпе,  қызба мінезі де бар, бірақ,  ашуы ақ жаулық кепкенше. Кейіннен түк болмағандай шүйіркелесіп,  әңгімелесіп кетеді, кек сақтау деген оған жат.
Ұялыдан түлеп ұшқан бала елге танымал қаламгер, айтулы азамат бүгінде. Қазекем «Алпыс – талтүс» дейді. Олай болса, шаңқай түсіне енді ғана  жеткен әріптес ағамыздың алар асуы әлі де көп болғай. Елорданың төрінен орын теуіп, өмірлік жары Айша жеңгеймен 2 баланы тәрбиелеп өсіріп, қылықтары балдан тәтті немерелер сүйіп отырған Тәкеңнің арманы жоқ шығар. Қызы Гүлім – өмірінің гүлі болса, ұлы Қуат – шаршағанда сүйеніш етер тірегі.
Осындай мерейлі жасқа жеткенде бәзбіреулер жинақтарын шығарып, кітап етіп бастырып жатады емес пе?
– Алпыстың ауылына ат шалдырдың, мүмкін жинақтаған, жарыққа шығаратын  дүниелерің бар шығар? – деген сауалыма ойлана отырып жауап берді:
– Қазір өзі бәрі де жазғыш болып кетті ғой. Қалам ұстағандарды былай қойғанда, кезінде директор, әкім, депутат  болғандар жарыса кітап шығаруға кірісіп кетті. Солардың қатарын толықтырмай-ақ қойсам деймін. Әрине, осы жылдар ішінде екшеп, жинақтаған дүниелерім баршылық. Сәтін салса, ғұмыр болса зейнеткерлікке шыққан соң қолға алармын, – дейді Тәкең байыппен. Бұл да оның қарапайымдылығы, алға өрлесем, көзге көрінсем екен деген пиғылының жоқтығынан  шығар?
Өткен айда бір жолығып, әңгімелескенімізде: «Елге барып, армансыз бір дем алғым  келіп жүр, туған ауылдың түтінін сағындым» дегені бар-ды. Иә, адам баласының үнемі сағынышпен күн кешері анық. Сағына білмеген адамның сезімі тұл, ойы шабан, тілі жұтаң. Тәкеңнің де көңіліндегі көрікті ойын қағаз бетіне түсіріп, содан ләззат алуы, жұбануы осы сартап болған сағыныштың әсері болар, бәлкім?
Бұл мақаламда әріптес ағам, танымал журналист, қарымды қаламгер Талғат Бақтыбекұлы Қасен жайлы ой толғап, бүкпесіз әңгімелеуге тырыстым. Енді сөз соңын жүрегімді тербеген жыр жолдарымен түйіндегім келіп отыр:
Қалам тартпай өтпес сенде, сірә, күн,
Күмбірлеген кеудең толы жыр-ағын.
«Арқа ажарын» абыройға бөледің,
Жақтың қанша үміттердің шырағын.

Елдің жайы болды дәйім ұраның,
Атандың да наркескені Нұраның.
Сен ардақты азаматқа айналдың,
Қорғалжыннан қанаттанған, қыраным!

 Талғат САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
журналист.

 

 

 

Құрметті Талғат Бақтыбекұлы!

 

Сізді өзіңізбен бірге бір мақсат жолында еңбек етіп келе жатқан қаламдас әріптестеріңіз 60 жасқа толған мерейлі күніңізбен шын жүректен құттықтайды! Бұл жалғыз Сіз үшін емес, біздің шығармашылық ұжымымыз үшін де айтулы оқиға деп білеміз. Өйткені, көп жылдардан бері Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде сіздің де қаламгерлік қолтаңбаңыз өзіңізге тән мәнермен айшықтала көрінумен келеді.
Арқа төріндегі әсем  Астанамызда байырғы басылымымыздың көзі мен құлағы болып отырған сізге алдағы уақытта  да өмірдің бар жақсылығын тілейміз. Деніңіз сау, ғұмыр жасыңыз ұзақ болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз. Бала-шағаңыздың қызық-қуанышын көріп, бар ойлаған ой-мақсаттарыңызға жетуіңізге  
жазсын.  
Ізгі тілекпен: «Арқа ажары» газеті
редакциясының ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар