Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шаңырақ иесі - АРҚА АЖАРЫ

Шаңырақ иесі

Марат әжесінің бауырында өсіп келеді. Көкесі мен анасы қызмет бабымен қалаға көшіп кеткенде Марат:
– Әжемді жалғыз қалдырмаймын, қасында боламын, – деп айтқандарына көнбей қалып қойған. Қазір әжесінің қолқанаты, айтқанын орындап, зыр жүгіріп жүреді. Әжесі немересіне дән риза.
– Осы шаңырақтың иесі сенсің, құлыным!–деп жатса да, тұрса да құлағына құйып еркелететін. Алғашында шаңырақтың не екенін түсінбей жүрді. Кейін біліп алған соң, «шаңырақтың иесі» десе, мәз болып қалатын. Марат бүгін ұйқыдан жайсыз оянды. Әжесі кереуетте басын тұмшалап, қымтанып жатыр екен. Ауруы жанына батып, ыңқылдап-гүрсілдеп жатқан әжесін Марат қатты аяп кетті. Орнынан тұрды да, кереуетте жатқан әжесін құшақтап:
– Әже, ауырып жатырсың ба? – деді.
– Аузымның дәмі келмей, бір тердің буып жатқаны.
– Балықтың сорпасын ішсең жазыласың ба?–деп сұрады Марат.
– Ой, айналып кетейін, күнім-ау, балық аулап әуреленіп қайтесің,– немересінің басынан сипап, шашынан иіскеді. Марат ләм-мим деместен, үйден шығып кетті.
Ол күнде өзімен бірге ойнайтын, егіз қозыдай жұбын жазбай бірге жүретін Әсетке келіп:
– Балық аулауға барайық,– деп қиылып өтінді. Әсет бірден келісті. Екеуі қармақтарын алып, көлге барды. Ұзақ отырып қармақ салғанмен, жөнді балық іліне қоймады.
– Марат, жүр кетейік, менің қарным ашты. Балық ілінетін емес, – деді досы қозғалақтап.
– Менің де тамақ ішкім келіп отыр. Бірақ, кетуге болмайды. Әжем сырқаттанып жатыр. Оған балықтың жас сорпасы қажет.
Әсет ойланып аз тұрды да, қармағына құрт салып суға лақтырды.
– Мен де саған көмектесейін, сені тастап кетпейін,–деді Әсет ұстаған     балықтарын Мараттың ыдысына салып: – Сенің әжең аурудан тез айықсын, балықтарды сен ал.
 Екеуі көлден кештетіп оралса да, көңілді еді. Марат үйге жеткенше асығып келе жатты…
 Ертеңінде Марат ыңқылдап жатқан әжесінің дыбысынан оянды. Ауруынан айықпағанын сезіп, қасына келді.
– Әже балық сорпасын ішсең де жазылмадың ба?
– Иә, айналайын. Ішкеннен соң тәуір болған секілді едім, түнде қайтадан ауырып шықтым.
Әжесін қанша аяса да, қолынан ештеңе келмей, көмектесе алмаған дәрменсіздігіне іштей налып, Марат үндеместен далаға шықты. Үйдің көше жақ бетіндегі шарбаққа сүйеніп, олай-былай өтіп жатқан адамдарға селсоқ көз салды. Сол сәтте бұрылыстан шыға келген, қолында шағын сандықшасы бар Анар дәрігер көзіне оттай басылды. Ауырған кісілердің үйіне барып емдейтінін талай көріп жүретін. Анада өзі ауырғанда осы дәрігердің емдегені есіне түсіп кетті. Жүгіріп алдынан шықты:
– Тәте, әжем ауырып жатыр, – деді.
– Сен Маратпысың, амандық қайда? – деп, дәрігер оның бетіне күлімсірей қарады. Марат қысылып қалды.
Анар ауырып жатқан әжейдің хал-жайын сұрап, сандықшасынан дәрі-дәрмек алып берді де, дәріні ішудің, емделудің жолдарын түсіндіріп, қош айтысып шығып кетті. Марат әжесіне дәрісін беріп, күнұзақ қасынан айналып шықпай жүрді. Дәрі ішкен сайын:
– Әже, тәуір болдың ба? – деп мазасызданып сұрай берді.
Арада біраз күн өтті. Апасы: «Әжеңді қалада емдетемін»,–деп Маратты алдады. Ойы – ол кісіні қарттар үйіне тапсырып, Мараттың өзін алып кету еді. Жүрерінде туысы Ұмсынайға «Мен келгенше Маратты үйіңе жатқызып, бас-көз бол»,–деді. Ұмсынайдың:
– Біздің үйде бол, – дегеніне Марат көнбеді.
– Әжемді күтіп, үйде боламын, – деді. Маратты иесіз үйде жападан-жалғыз жатқызбай, Ұмсынай амалсыздан бірге түнеп жүрді.
Таңертең Марат көзін ашып, жұлмалап оятып жатқан анасы Қарашашты көріп шошына қарады.
– Тұра ғой, ботам, тез киін, бол! Автобус-тан қалып қоямыз. Әжең қалада тұратын болды. Енді бұл үйге келмейді. Есікті құлыптап кетеміз.
– Мені өйтіп алдама. Мені білмейді деймісің? Әжемді ауруханаға апардыңдар. Әжем тәуір болған соң келеді. Мен сен айтқан қалаға бармаймын. Алдаусыратқанға көнбей, қиғылық салып болмаған соң, Қарашаш ашуға мінді. Баланың зар илеп жылаған еркіне қоймай, киіндіріп үйден алып шықты.
– Қой, жылама, ұят болады! – деп жалынып-жалбарынғанына да қарамай, Марат жылағанның көкесін автобус ішінде көрсетті.
– Қалаға апарсаң да бәрібір үйге қайтып келемін,  – деп ботадай боздап, жұлқынып қарсыласты. Қарашаш әрі ұялып, әрі ызадан жарылып кете жаздады. Тілін алдыра алмаған баласын құшағына қысып алып, басып отырды.
Автобус ішіндегілердің көбі осы ауыл адамдары болғандықтан, бұл оқиғаның мән-жайына қанық еді. Маратқа аяушылықпен қарап, іштерінен тынып, мұңайып отырыс-ты. Кейбірі көздеріне жас алды. Автобус орнынан қозғалды. Марат жылауын үдете түсіп, өксігін баса алмай, терезеге үңілгенімен, үйін көре алмады. Әкесі мен анасы шаңырағының отын өшіріп, әжесін қарттар үйіне тапсырғанынан, хабарсыз кетіп бара жатты…
 Айса Хамзеұлы,
  педагог-жазушы.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар