Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерке қыз... Есті келін... - АРҚА АЖАРЫ

Ерке қыз… Есті келін…

– Талапкер Жәудір Ермекқызы және жауапкер Еркебұлан Елеусізұлы, сіздер берген арыздың шешімін бір айдан соң шығарамыз. Ойланыңыздар! Мүмкін әлі де татуласасыздар?! Сот залын үнсіздік жайлады.

Осыдан екі жыл бұрын бұлардың бір-біріне деген махаббаты, сүйіспеншілігі, өмірге деген көзқарасы да басқаша еді. Олар бақытты еді ғой. Әсіресе, екеуі танысқаннан кейінгі алғашқы алты ай қандай керемет еді. Олар осы аз уақыт ішінде бір-біріне бауыр басқаны соншалық, бір күн кездеспесе, бір мезет сөйлеспесе бірін-бірі сағынатын күйге жетті. Үйлену ше? Ал, үйлену тіпті жоспарда жоқ еді. Жоқ, мүлде жоқ емес. Бар еді. Бірақ, сәл кейінірек. Бір жылдан соң. Мүмкін екі-үш жылдан соң. Әлде одан да кейінірек пе? Білмеймін. Ол туралы екеуі де аса қатты ойланбапты. Әттең, сол жағдай болмағанда. Несін жасырайық?! Бұндай жағдай сіздің де басыңыздан өткен шығар? Сіз де немесе сіздің танысыңыз осылай үйленген шығар. Иә, қыз жүкті болып қалды. Енді жігіттің қызға берген серті бар, «мәңгі бірге боламыз» деген уәдесі бар. Оның үстіне бір-бірін сүйеді. Шын сүйеді ғой, әрине!
Сонымен Жәудірдің жағдайын білген соң Еркебұлан көп кідірмей шешесіне айтты. Шешесі әкесіне. Әкесі: «болары болып, бояуы сіңген екен, бір үйдің жалғыз қызын жылатып қойған дұрыс болмас»,–  деп ағайын-туысына айтты. Айтпақшы айта кетейін, Еркебұлан да бір үйдің жалғызы.
Сөйтіп, қызға құда түсіп, сырға салды. Әр жағын өзіңіз де білесіз ғой, қазақтың ырым-жырымы, салт-дәстүрі, жол-жорасы дүр етіп басталып кетті… Әдеттегідей алдымен қыз жақ шашылды. Бәрінен бұрын Жәудірдің шешесі құдалар келген күні қатты састы. Енді жалғызбасты әйелге оңай дейсіз бе? Оның үстіне қызы анандай жағдайда… Уақыт – тығыз! Жалғызбасты әйел дегенге сіз тағы жаман ойлап қалдыңыз ба? Жоқ, олай емес. Жәудірдің әкесі бар. Қай қалада екенін білмеймін. Әйтеуір бар. Тірі! Жәудір кішкентай кезінде ажырасып кеткен. Ол енді басқа әңгіме. Жәудір ол туралы ештеңе айтқысы да, ойлағысы да келмейді. Әкесіне өкпелі. Тойына да шақырғысы жоқ. Есесіне Жәудірдің шешесі бар. Қызын ешкімнен кем ғып өсірген жоқ. Қайта жалғызы болған соң көп еркелетті. Киімін жуып берді, тамағын дайындап берді. Сұрағанын әкелді, қалағанын әперді. Осы жолы да жолдан жығылмайды. Айналайын мемлекет аман болсын! Жағдайдың бәрін жасап қойған жоқ па?! Несие алады да алтын қызын ұзатады.
Тура солай істеді. Несие алды – қызын ұзатты.
Кезек жігіт жақта. Тәйір-ау, біздің қазақтан сөз қалған ба? «Өлім – байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» дейді. Қазір заман түзелген соң ба, бұл сөзді өлім-жітімге емес, той-томалаққа қатысты айтатын болған. Еркебұланның үйлену тойында әке-шешесінің арты ашылмаса да біраз малы шашылды. Айтқандай бұлар да несие алды. Тойды онсыз да өткізе салар еді-ау. Бірақ, алтын сарайдай мейрамхана, үш жүзден асып жығылатын қонағы бар, соятын жылқысы бар. (Өз жылқысы да бар, алайда, оны семіртіп жататын уақыт қайда?! Келіннің түрі анау…) Ол ол ма, әлгі бір тойына бір тайдың құнын алатын асабаң бар, фотоң мен бейнебаян бар, кортеджің бар. Баяғыдай ауылдың москвич пен жигулиін әшекейлей салып шықпайды ғой. Қазір арнайы лимузин дей ме, әйтеуір, салтанатты салқар көштей көрінетін кілең шетелдің қымбат машиналарын жалдайды. Тағы не бар? Ә-ә, әлгі қыздың той көйлегі бар. Көйлек демекші, кезінде біздің ауылға келін болып түскен Сәлимә көйлекті бір жыл бұрын келін болып түскен Сәбирәдан алған. Енді сәл-пәл қысқартқаны болмаса, сол көйлек қой. Ал, Сәбирә оны Бәтимәдан алған. Бәтимә болса… Енді ол да бөлек әңгіме. Қош сонымен. Осының бәрін жасамай-ақ қарапайым ғана той жасай салуға болар еді. Оған анау туысының тойы қалай өтті? Мынау досының баласының тойы ше? Қалыспау керек. Ұят болады. Ертең дос бар, дұшпан бар демекші, өсектейді, күледі, табалайды.
Не керек, жігіт жақ та биіктен көріне білді. Тойды дүркіретіп өткізді.
Той өткен соң да бәрі жақсы сияқты еді. Тек ерке қызға есті келін болу қиынға түсті. Алғашқы айда білінбегенімен Жәудір шаруаға – епсіз, қазан-ошаққа – олақ болып шықты. Айтсаң ренжитін, айтпасаң білмейтін еркетотай қыз енесін ұнатпады. Еркебұлан жұмыстан келсе болды, «сенің мамаң маған былай деді, олай деді, бүйт деді, сөйт деді» деп құлағына ызыңдай берді, ызыңдай берді. Не керек, жастар ата-анасымен үш айдан артық тұра алмады. Пәтер жалдап жеке шықты. Өз алдына үй болды. Той жасарда ағайыннан алған қарызды әке-шешесі жауып жатқанмен, банктен алған
несие Еркебұланның мойнында. Оған міне, ай сайынғы пәтерақы келіп қосылды.
Жәудір – жүкті. Күн сайын ыңқыл-сыңқылы көбейе бастады. Бұрын көрмеген мінездер шығаратын болды. Еркебұланның киімі үтіктелмеген, кірі жуылмаған, тамағы дайын емес… Еркебұлан еркелігі шығар деп шыдады. Қояр деп күтті. Түсінер деп төзді. Үйренер деп үміттенді. Сосын ол да шаршай бастады. Тамақты сырттан ішті. Киімін өзі жуды…
Бір күні баяғы студент кезінде өзі ғашық болған Еркемай бар емес пе? Тура соның өзін автобуста көріп қалды. Көргенде де сығылысқан адамның ішінде дәл қасына кеп бетпе-бет тұрғанын айтсаңшы. Екеуі де сәл ыңғайсызданғанымен, бұл кездесуге қуанышты екенін жасырмады. Әттең, екеуі де үйлі-баранды адамдар. Сонда да араласып тұрайық деп бір-бірін әлеуметтік желіден тауып алды. Кейін сөйлесті. Одан кейін ұзақ сөйлесетін болды. Сырлас, мұңдас болды. Кездесті. Сосын кездесіп тұратын болды. Күнде кездесетін болды. Түнде кездесетін болды…
Қазір мынау ұялы телефон деген бәле болды ғой. Еркебұлан әдеттегідей «жұмыстан» кеш келіп, шаршап ұйықтап қалған бір күні Жәудір күйеуінің телефонын ақтарып, Еркемай екеуінің әңгімесін оқып қойды. Бәрін емес. Еркебұлан да ақымақ емес қой. Бұрынғы жазбаның бәрін өшіріп тастаған. Тек бүгінгісін ұмытып кеткен. Түнімен жылады. Білмеген адамдай жүре бергісі келіп еді. Шыдамады. Таңертең бұл шаңырақта ең алғаш ыдыс-аяқ сынды… Бұдан соң Жәудір жанары жәудіреп, Еркебұланның ата-анасына емес, өз шешесіне, яғни, төркініне кетіп қалды.
Әрине, сол күні-ақ Еркебұланның ата-анасы жалынып, жалпайып жүріп алып келді. Еркебұлан да кешірім сұрағандай болды. Содан кейін де бәрі жақсы сияқты еді. Еркебұлан жұмыстан ерте келетін болды. Тіпті, Еркемай екеуі мүлде кездеспейтін сияқты болып көрінді… Бірақ…
Уақыт өтті. Жәудір босанды. Ұл тапты.
Нәресте шаңыраққа шаттық сыйлады. Сезім айнасына жарықшақ түсіп, берекесі қаша бастаған бұл отбасының соңғы үміті де осы – бала еді. Бәрінен бұрын Еркебұланның анасының қуанышында шек болмады. Ол жаңа босанған келіні мен алғашқы немересіне керек-жарақтың бәрін өзі алып берді. Базар мен дәріхана, үй мен жұмыс, перзентхана арасында жүгіріп жүріп суық тиіп, ауырып қалды, әттең… Сөйтіп, Жәудірді перзентханадан шығаратын күні ауырып үйде жатты. Есесіне Жәудірдің шешесі келді. Қырқынан шыққанға дейін қызым мен жиенімнің қасында болам, құдағиым саспасын деп кісілік танытты.
Еркебұлан ше? Балаға не керектің бәрін шешесі алып берген соң 70 мың жөргекақыны қайда жібереді? Әріптестерін кафеге шақырып жуды. Достарын шақырып жуды. Үйге кеш келді. Оның үстіне араққа сылқиып тойған мас күйінде келді. Жұмыста жоқ. Күндіз ұйықтап, түнде жортатын болды. Әрине, бұнысы үш-төрт күнге ғана жетті. Аз күнде жөргекақы мен жалақысының көзіне су құйды. Әлі төленбеген пәтерақы бар,
несие бар. Уайым енді басталды. Не істесін? Енесінен қарызға ақша алды. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп осындайда айтылатын шығар. Небары қырық күннің ішінде енесі күйеу баласына кенедей қадалатынды шығарды. «Сен алқашсың, ақша таппайсың, үйің жоқ, күйің жоқ, қыдырасың, қатынқұмарсың, менің қызыма көрмегенді көрсеттің сен», –  деп жерден алып, жерге салатын болды.  
 Күндіз жұмыстағы бастықтарының жүйкеңді жүн қылатыны бар, кешке енесі бар, түнде жылаған баласы бар. Әбден қажып кетті.
Жәудір де ренжитін болды. Ренжімегенде ше? Анасының айтқаны дұрыс. Еркебұланның шынымен де кемшіліктері, ұнамайтын жерлері көп екен ғой. Бұрын қалай көрмеген? Анасы айтпаса, көзін ашпаса әлі де осылай көзсіз ғашық болып, мінсіз таза көріп жүрер ме еді? Жоқ, оның мінезін өзгерту керек. Еркебұлан түзелуі керек. Жәудір түзетуі керек оны!
Осының бәрінен шаршаған Еркебұлан оңаша ойланатын болды. Кезінде әке-шешесінің қолында тұрып, толыққанды отбасы болса, қазір мұндай жағдай болмайтын еді ғой. Енесі кеп билік айтпайтын еді. Әйелі ұрыс шығармас еді. Именер еді. Баласын бағу да жеңілдер еді. Атасы мен апасы бағар еді. Пәтерақы да төлемеуші еді. Үйіне де мас болып келмейтін еді. Ойын белгісіз нөмірден түскен қоңырау бұзды.
– Алло?
– Бұлан, қалайсың? Мені ұмытып кеттің бе?
– Ерке, сенсің бе?
– Иә, менмін. Басқа кім болушы еді? Танымайтындай күйге жеткенсің бе?
– Түу, енді сен бастамашы…
Басы қатты басталған әңгіменің аяғы тәтті аяқталды. Осы күннен бастап күнде сөйлесетін болды. Ұзақ сөйлесетін болды. Кездесті. Күнде кездесетін болды. Түнде кездесетін болды… Олар осы аз уақыт ішінде бір-біріне бауыр басқаны соншалық, бір күн кездеспесе, бір уақыт сөйлеспесе сағынатын күйге жетті. Ажырасу ше? Ал, ажырасу тіпті жоспарда жоқ еді. Жоқ, мүлде жоқ емес. Бар еді. Бірақ, сәл кейінірек. Бір жылдан соң. Мүмкін екі-үш жылдан соң. Әлде одан да кейінірек пе? Білмеймін. Ол туралы екеуі де аса қатты ойланбапты. Әттең сол жағдай болмағанда.
Иә, олар туралы біліп қойды. Сол күннен бастап Жәудірдің шешесі бар, тұрмысқа шықпаған құрбылары бар, ажырасқан сыныптас қыздар бар, бәрі-бәрі осы шаңырақтың күйреуіне белсене араласты. Орасан зор үлес қосты.
– Ойбай, кешірме!
– Ол сенің тырнағыңа да татымайды. Он не достоин тебя, ты что?!
–Мен өз күйеуімнен кетіп қалғам. Ни че жаман болғам жоқ. Зато қазір жалғызбасты аналарға пәтер алу жеңіл. Өз пәтерім бар. Ал, күйеу? Күйеу табылады!
–Ең бастысы алимент! Осы жағын дұрыстап тексеріп отыр. Ол ақшасын сенен және сенің балаңнан жасырып жүрмесін! Ол оңбағаннан шығады!
Ол аз десеңіз, Жәудірдің шешесінің құрбысы да кірісетін болды. Ол да кезінде ажырасқан көрінеді. Жалғыз ұлын сылап-сипап бағып өсірген ол да айтар ақылын аямады. (Сіз ешкімге айтпаңыз, арамызда қалсын. Бірақ, осы кісінің әкесіз өсірген баласы қызтеке болып кетті. Неге?)
Ал, Еркебұлан тағы да оңаша ойланып отыр:
Кезінде әке-шешесінің қолында тұрып, толыққанды отбасы болса, қазір мұндай жағдай болмайтын еді ғой. Енесі кеп билік айтпайтын еді. Әйелі ұрыс шығармас еді. Именер еді. Баласын бағу да жеңілдер еді. Атасы мен апасы бағар еді. Пәтерақы да төлемеуші еді. Үйіне де мас болып келмейтін еді. Ойын белгісіз нөмірден түскен қоңырау да бұзбайтын еді. Жәудірдің құрбылары да үйге жоламайтын еді.
Есіңізде ме? Осыдан екі жыл бұрын бұлардың бір-біріне деген махаббаты, сүйіспеншілігі, өмірге деген көзқарасы да басқаша еді. Олар бақытты еді ғой. Осы аз уақыт ішінде бір-біріне бауыр басқаны соншалық, бір күн кездеспесе, бір сағат сөйлеспесе сағынатын күйде еді. Ажырасу ше? Ал, ажырасу тіпті жоспарда жоқ еді. Мүлде жоқ еді. Ол туралы екеуі ойланбапты да. Ал, бүгін олар – бақытсыз. Жұрттың бәрі бақыт тілеген еді бұларға! Тойдағы үш жүз адамның тілегі өтірік болды ма? Әр келген қонақ тілек айтқанда осы екі жас бақытты болсын деп ішті ғой. Әлде, мешітте екеуінің некесін қиған имамның ақылын тыңдап, тойды арақсыз өткізу керек пе еді?

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

P.S.
Сот залындағы үнсіздікті судья бұзды:
–Талапкер Жәудір Ермекқызы және жауапкер Еркебұлан Елеусізұлы. Бір айдан соң осы жерде күтеміз. Сіздер мүмкін ойланасыздар?..

 

 

Ақмола облысының азаматтық хал актілерін тіркеуді  және апостильдеуді қамтамасыз ету бөлімінің 2015 жылғы статистикасы:
5388 неке тіркелді.
2596 неке бұзылды.
Көкшетау қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің 2015 жылғы статистикасы:
1816 неке тіркелді.
744 неке бұзылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар