Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жылу зығыр сабанынан алынады - АРҚА АЖАРЫ

Жылу зығыр сабанынан алынады

Владимир Андрюхин басқаратын «Викторовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Польшадан сатып алынған  бу қазандығы арқылы кәсіпорын қаржысын үнемдеп, әрі қоршаған ортаға залалсыз жұмыс істеп отыр.

Кеңсе, дәмхана, техника тұрақтарына, аспазхана мен машина-трактор шеберханасына жылу беретін бу қазандығының құрылысы көмір жағылатын бу қазандығынан сәл өзгешелеу әрі қарапайым. Кептірілген 350 келі зығыр сабанының орамасы тельфер арқылы арнайы орынға салынады. Сабанды жағу үшін тамыздықтың қажеті жоқ. Сіреңке тұтатсаң болды, лап етеді. Қақпағы жабылғаннан соң пештегі орама 2 сағат жанады. Аязды күндері тәулігіне 12 зығыр орамасы, 20 градусқа дейінгі суық күндері 8 орама жағылады.  Сыйымдылығы 25 текше метр қазандықтағы су қайнатылады. Ол су сорғыш арқылы жылу жүйесіне жіберіледі.  Қажетті жылу компьютер арқылы реттеледі. Бұрынғы бу қазандығында тәулігіне құны 30 мың теңгеге бағаланған  2-3 тонна көмір жағылатын. Ал, бір зығыр сабаны орамасына жұмсалатын шығын 900 теңгені құрайды. Бұл қаржыға арнайы жіп пен жанар-жағармай сатып алынады, механизаторларға еңбекақы төленеді.
Қыста тәулігіне құны орташа есеппен
9 мың теңгеге бағаланған зығыр орамалары жағылады. Сөйтіп, бұрынғы жылдары жұмсалатын қаржының 60-70 пайызы үнемделуде. Оның үстіне зығыр сабанының түтіні көмірдікіндей қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Мұнда от жағушылар Мереке Қаппасов, Олег Уфимцев, Николай Никулин кезекпен жұмыс істейді.
Олар  жаз айларында темір тұлпарларын тізгіндеп, жер өңдеу, көктемгі егіс, шөп науқаны, егін орағы тәрізді дала жұмыстарына араласады. Серіктестік зығыр тәрізді өзге де майлы дақылдарды өсірумен айналысады. Зығырдың сабаны Викторовка мен Красиловка селоларының іргесінде маяланған. Сабан қоры бірнеше жылдарға жетеді. «Викторовка селосындағы жергілікті әкімшілік, көп қабатты мектеп, балабақша, мәдениет үйі тәрізді әлеуметтік нысандарда осы әдіспен жылытылса, бюджеттің қаржысы одан сайын үнемделер ме еді»,–дейді жергілікті тұрғындар. Бізде бұдан қаржы үнемдеуге қолайлы әдістің жүзеге асуы әбден мүмкін деген ой түйдік.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар