Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақ жаулықты асыл әже - АРҚА АЖАРЫ

Ақ жаулықты асыл әже

 Күлшара Өмірәлина – 100 жаста

Ұлы Отан соғысының қайғы-қасіретін бір кісідей бастарынан кешірген майдангерлермен қатар, тыл ардагерлері де өз тағдырларының тауқыметін тартқан, ұрпаққа ерліктің ерен үлгісін көрсеткен өшпес бейне ретінде тарих бетінен мәңгілікке орын алды. Тылда еңбек етіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, жалын атқан жастығын соғыс өртіне құрбан еткен әжелердің бірі, Көкшетау қаласының тұрғыны Күлшара Өмірәлина бұл күнде 100 жасқа толып отыр. Осыған орай, ақ жаулықты әжені мерейтойы-мен құттықтай келген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкері Дархан Зәкіров, «Жас Отан» жастар қанаты Ақмола облыстық филиалының төрайымы Жанаргүл Жүнісова жүрекжарды тілектерін жеткізсе, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің шәкірті Өміржан Әбдіғалыұлы әсем де әуезді күйін тарту етті. Көкшетау қалалық әкімдігі тарапынан да мерейтой иесіне жүз мың теңгенің сертификаты табыс етілді.  
Күлшара әже 1916 жылы қаңтар айының он екінші жұлдызында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Лавровка селосында өмірге келеді. Зобалаң жылдарды басынан кешірген Күлшара әжей балалық бал дәуреннің дәмін еркін тата алмады. Ұлы Отан соғысы басталғанда он беске жаңа толған бойжеткен өзі құралпы құрбыларымен қатар, майданға аттанған ер-азаматтардың орнына егін орып, шөп шабады, соқамен жер жыртады. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деп ұрандата бел шешпестен еңбек еткен мылтықсыз майдан жауынгерлері де Жеңіс күнін жақындатуға өздерінің өлшеусіз еңбектерін сіңіре білді.
Соғыс аяқталған соң елдегі Байғожа атты жігітпен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Өмірлік жары да өте еңбекқор, шаруа десе тыным таппайтын азамат еді. Ол кісі ауыл ұстасы болып, алдына келген жанның көңілін қалдырмай, шамасы келгенше бұйымтайларын орындап отырған. Күлшара әжей 1947 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша мал фермасында сауыншы болып жұмыс істейді. Балбармақ сауыншының ерен еңбегі де басшылық тарапынан лайықты бағаланып, талай мәрте ақшалай және бағалы сыйлықтарды иеленіп, аудандық, облыстық басшы орындардың Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Құдай қосқан қосағы Байғожа атай 1981 жылы бақилық болып, жалған фәнимен қош айтысты. Әжеміз екеуі өмірге алты сәби әкеліп, тәрбиелеп, өсірді. Қазір бәрі де өз алдарына жеке бір шаңырақ.
Күлшара әже жүз жасқа толып отырса да, әлі де тың. Кеудесінде мерейтойлық медальдар жарқырайды. Алты баласынан өрбіген 23 немересі, 55 шөбересі мен 6 шөпшегінің ортасында бақуатты өмір кешуде. Тек осыдан бір жыл бұрын есік алдындағы аулада жүрген кезде жазатайым аяғы тайып кетіп, мертігіп қалған екен. Содан бері қол арбаға таңылған кейуана бір ғасыр жасағанына қарамастан еңбектен қол үзіп көрген емес. Немерелері мен шөберелеріне байпақ-биялай тоқып береді. Отбасылық мерекелерде бәрі жиналып қалған сәтте кейінгі жастарға ақыл-кеңесін айтып отырады.
Ғасыр жасаған Күлшара әже  бүгінгі көрген құрметіне риза болып, жаны жасарып, көңілі көтеріліп, келген қонақтарға ризашылық көңілін білдіріп, батасын беріп жатты.
Жанат СӘБИТОВ.
Суретті  түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар