Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақы жылқы - қазанат - АРҚА АЖАРЫ

Қазақы жылқы — қазанат

 

І.Қой жылғы қарбалас, мешін жылғы мазасыздық
Шоқ қайыңның ығында бір табын жылқы селсоқ, бейғам жусап тұр. Әдетте тоқ мал жусаушы еді. Бұлардікі тісіне ілігер шөп іздеген жанталас-тан кейінгі демалыс тәрізді. Күйі тайған арық құнан томар басындағы қияқты шалмақ болып ұмтылады. Қар омырауынан келеді. Жүдеулігі тайға таңба басқандай анық көрініп тұрған жылқының тұқым тегі әрқилы. Дені өткен жылы рубльдің реңі тайып құнсызданғанда іштен әкелінген мәстектер. Біздің жақ іш дегенде Ресейдің Түмен аймағын айтады. Онсыз да мойны жерге жетпейтін мәстектер қой жылғы жайсыздықтан мүлде жүдеп, жамбастары шодырайып тұр. Шеткерірек тұрған, қабырғасын қолмен санайтындай жүдеген жабағының шашасы қан-қан. Сонда да ірі жылқылар тебіндеген жерден қылтанақ табыла ма дегендей үмітті. Жанды мен жансыздың жанталасқан әрекетін көрмей-ақ қояйыншы дегендей балапан қайың да нәзік ұшар басын төмен иіпті.  
Қой жылы қашаннан момақан, жұртқа жайлы саналғанымен, биыл қабағы  қату, аса жайсыздау болып тұр. Қараша-желтоқсан айларында күн май тоңғысыз жылы болды. Аракідік жауған қар жатып қалмай, бірден еріп, әлсін-әлсін жаңбыр жау-ды. Желтоқсанда жаңбыр жауғанын көрмеген ақсақалдардың өзі «мынау заман қай заман» деп қатты таңырқап, іш тартып қалған еді. Ел ішіндегі көпті көрген қариялар биыл жылқыға кәдік болады-ау дескен. Шынында да жыл он екі ай бойы еркін жайылып, өз тамағын өзі тауып жейтін жылқының қысқы азығын малсақ қауым ескере бермейді. Жазғы, күзгі қарбаласта бағымдағы малына жемшөп әзірлегенде жылқы жарықтық есепке кірмейді. Қорадағы қара малы мен ұсақ тұяққа ғана өлшеп дайындайтын қазақ жабағының жүдегенін, мама биелердің желіні тақағанын ғана қолға ұстар еді. Онда да ерте көктемде, бірер апта.
Биыл жылқышылар қыс қабағын танығаннан кейін-ақ ауыл-ауылдарда жылқыны ірілі-ұсағына қарамай, түгел ұстата бастады. Өйткені, сұрауы бар. Айнала көк мұз, жылқы тісіне ілінер талшық жоқ. Енді қайтсін, оның үстіне қыруар жылқы қысқа күйсіз түскен. Жаз бойы жылқы малы түнде ғана бағылады. Жаздың түні де бір тұтам. Ал, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта ірісі ұсағын теуіп мертіктіріп, шақырайған күн астында күйіп қамауда тұрады. Қашан маңайдағы егін алынып біткенше жылқының көрген күні осы. Егіннің өзі қара күзді еңсеріп барып, алғаш қар жауғанда ғана аяқталатыны бар. Осы уақытта босатылған жылқы қысқа дейін қоң жинай алмай, жалы жығылып, көтеремнің ар жақ, бер жағында күй кешеді. Арқаның аптап аязына арып-ашып түскен жылқы қайдан оңсын.
Қазір жылқышы атаулы үстемдік құрған заман. Күндіз неге бақпайсың деп күңкілдегендерге, малыңа жаның ашыса, өзің бағып ал деуден та-йынбайды. Өйткені, жұмыссыздық жайлаған ауылдан атқа мініп, құрық ұстап өздерінен басқа жылқышы шықпайтындықтарына бек сенімді.
Төңіректің бәрі тұтасқан пышақ қырындай шыңылтыр мұз. Кеше сіркірей жауған жауын қызыл суға айналып жүгіре бастапты. Бүйірі қабысқан аш жабағы тұяғын ауырсынғандай шыңылтыр көк мұзды тырналап қояды. Қасат қардың қабатын талқандай, қирата тебуге дәрмен жоқ. Жүдеу жабағы түгілі қабырғалы айғыр, мама биелердің өзі табиғаттың тосын мінезіне қауқарсыз болып шықты.
– Ендігі амал жергілікті жерде егін егіп, пайдасын көріп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары қос тілді соқамен ағаш алқаптарының бауырын жыртса,–дейді Макинка қаласының тұрғыны Егінбай  Қапаров ақсақал,–жылқышылар ұстап ал дегенмен, албарыңда үюлі тұрған шөбің мен жемің болмаса, құр қолға қаңтарғаныңнан не пайда.
Шынында да көпті көрген ақсақалдың айтуы жөн. Оның үстіне егістік алқаптарының бетіндегі сабан да жоқ. Қазіргі жаңа жосықты комбайндар сабан қалдырмайды. Турап-турап, алқап бетіне шашып тас-тайды. Топырақ құнары артуы үшін, ылғал жақсы сіңуі үшін. Ол да жөн шығар. Бірақ, әлденеше жылдан бері алқап бетінде мая-мая болып үйіліп жататын сабанның қарасы жоғалғалы жылқының да қоңы тая бастады.
– Осы арада біздің ұлтымыздың бейғамдығы көрінеді,–дейді Зеренді ауданына қарасты Жаңауыл елді мекенінің тұрғыны Құлан Болатов,–әлі күнге дейін қысқа дұрыстап да-йындалуды ескере алмай келеміз. Былтырғыдай шөп мол шыққан жылы ойдан орып, қырдан қырып қор жасамағаннан кейін өзің бармағыңды тістейсің, жылқы тілін тістейді.     
ІІ. Жылқы – малдың  
          төресі

Қазір мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы ағайынның өтімді тауары – жылқы. Әсіресе, соғым уақытында. Семіртіп отырған жылқың бар болса, тіршілік болған соң қилы-қилы жағдай бар, қай кезде де өтеді. Тек соңғы жылдары жылқы тұқымы азып, ұсақталып кетті. Оның басты себебі, үйірдегі айғырды ауыстырмау, тұқым жаңартпау.
–Жылқының ендігі болашағы соғым,–дейді ат спортына жанашыр болып жүрген белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек, – сондықтан, жатпай-тұрмай қазақы тұқымды жылқыны көбейту керек. Оның етті саласын да, спорттық бағытқа қажеттісін де. Өздеріңіз білесіздер, Алаш жұртымен бірге жылқы да саяси қуғын-сүргінге ұшыраған түлік. Атқа мінген қазақтың бәрі біледі, жылқы үстінде адамға өзгеше рух бітіретін құдірет бар. Жер баспай тұрған жүйрікке тақым салған халыққа ие бола алмай қаламыз дегендіктен де болар, алдымен жылқысын алды. Кейін техника дәуірлеген тұста, ұлттық рух жасып, қаншама ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміз біржола жоғалуға тақағанда жарықтық жылқының да маңдайынан бақ тайды. Ол туралы көп айтуға болар еді. Ендігі арада өзгеден мойны озық тұрған Адай, Көшім жылқыларын әкеліп, қолда бар жылқыны сіңіре будандастырып, жылқының қазақы тұқымын асылдандыру қажет. Қазақ жылқысы жаратылысынан қыс бойы қораға кірмей, ырыздығын даладан тапқандығы белгілі. Кешегі кеңес заманында бұрынғы Щучье ауданының «Щорс» кеңшарына Көшім жылқылары әкелініп, бастама көтеріліп еді. Кейін аяқсыз қалды. Тіпті, Дон жылқысын, Орлов тұқымдас жылқыларды будандастырса да болар еді. Әйтпесе, тоқпақ жалды, құйрығы бір құшақ қазақы жылқыны қазір күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың. Бұрынғы үйірінен қасқырға жетім жабағы бұйыртпайтын шоқтығы биік, жаясына етжеңді адам етпетінен жатқандай айғыр жоқ. Негізінде бәрі табиғаттың тылсымын санаңның таразысына салып бағамдасаң, текке байланысты ғой. Тек азған соң жарамды жылқы азаймағанда қайтеді.
Шынында да жаздың аптабына, қыстың қақаған аязына шыдамды мал төресі қазақы жылқының тұқымы азғалы үйірге салар айғырсыз қалдық.
– Қазір спорттық бағыттағы жылқының ішінде мақтаулысы ағылшын, араб, түркімен жылқылары,–дейді облыс орталығының іргесіндегі Краснояр кентіндегі балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің әдіскері Оралбек Қайсанов,–көкпарға салу үшін де белі бекем ат керек, ал, ат бәйгесінде қазақы жылқы ұзаққа шабады делінгенімен, қазір үлкенді-кішілі бәйгеде маңдайы жарқырап келетін тұлпардың тұқымы тұздай құрығаны жүрегіңді ауыртады. Сонда ілкі заманнан бері аузымен құс тістеген жүйріктеріміз қайда кеткен? Алаш тарихында аңызға айналған ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған тұлпарлар аз емес қой. Енді қайтіп сондай қылқұйрықтының жалынан ұстар күн туар ма екен? Менің ойымша, тұқымы азған жылқыны будандастырған жөн. Мысалы, қазақы жылқының бойындағы өз қасиеті де аз емес. Қазіргі мақтаулы тұқымдардың бойында қазақ жылқысының қаны бар. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде атты әскер пайдаланған мініс көтеретін белді жылқының көбі қазақ жылқысы. Тек сол тұқымнан қапияда айырылып қалып отырмыз.
Ұзақ жылдар бойы ұмыт болған, жоғалған ұлттық брендтерді түгендеуге ғұмырын сарп етіп келе жатқан Оралбек Қайсановтың пікіріне кереғар уәж де айтылады. Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Саттыбаев былай дейді:
–Атам қазақтан қалған мынадай сөз бар, «қой мырзалық, жылқы мақтан, сиыр ақтық, түйе байлық». Ертеде мыңғыртып мал баққан бір бай жүз түйесінің біреуінің көзін ағызып жібереді екен. Он соқыр түйесі болса, түйенің жалпы саны мың болғаны. Бәсекелес байлар бір-бірінен соқыры қанша екен деп сұрайды ғой. Ал, жылқының мақтан болатындығы аламанда ат оздыру өзгеше бір ғанибет. Ілкі заманда сайын даладағы сарабдал азаматтардың атақ-даңқы астындағы атымен шыққан. Бүгінгі күні жылқыға деген көзқарас әлі де түзелмей тұр. Жылқы тұқымын асылдандырумен айналысатын зауыттар некен-саяқ. Ал, ел ішіндегі жағдай әбден алаңдаушылық туғызардай. Жалпы, мен қазақы жылқыны жүйрік екен деп араб, ағылшын жылқысымен будандастыруға өз басым қарсымын. Егер олай сан ғасырлық тәжірибені бұзып, сұрыптауды тәрк етіп, шеттің жылқысымен будандастыратын болсақ, онда ол қазақ жылқысы болып шықпайды ғой. Қазақ жылқысының түгел тұқымы жойылып кеткен жоқ, әлі де бар. Ендігі іс-қимыл тек соны тауып, асылдандыруға, тұқымын көбейтуге бағытталуы керек. Өйткені, осы жердің табиғатына еті үйренген, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан төл малымыздан асқан тұқым табылмайды ғой.
Шынында да, баққанымыз қазақы жылқы болса, желтоқсанда жауын жауып, анық жұт болмаса да, жанталас-тырып тұрған жылдары қылшығы да қисаймас еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар