Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел алдында еңбегі бар - АРҚА АЖАРЫ

Ел алдында еңбегі бар

Өзім өмір бойы оқып келе жатқан сүйікті газетім «Арқа ажары» арқылы досым, әрі әріптесім, Қазақстанның және ТМД елдерінің еңбек сіңірген энергетигі, Щучинск қаласында туып-өскен Қалымтай Оразбекұлы Қазыбеков туралы айтқым келіп отыр. Оның өмір және еңбек жолы Отанға қалтқысыз қызмет етудің айшықты үлгісі болып саналады.

 

1963 жылы Щучинск  тау-кен техникумын тәмамдаған ол еңбек жолын Петропавл қаласындағы жылу-электр орталығында слесарь, содан кейін шебер қызметінде ерте бастады. Міне, содан кейінгі өткен жарты ғасырдан астам өмірін ол Астана қаласы мен Ақмола облысының энергетика саласына  еңбек етуге арнады. Бүгінде Қалымтай Оразбекұлы зейнет демалысында.
Кейінірек Ақмола облысына қызметке ауысқан оның еңбек жолы шебер, аудандық электр желісінің бастығы қызметімен жалғасып, облыстық электр желісі басшысының орынбасарына дейінгі қызмет баспалдағынан өтті. Ол он жылдан астам уақыт «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары қызметін атқарды. Оның бойындағы ерекшелейтін қасиеті – өзіне де, өзгеге де жұмыс үшін қатаң талап қоятындығында. Сонымен бірге, ол жастарға бауырмал аға, үлкендерге кішіпейіл іні бола білді.
Қалымтайдың бойындағы еңбексүйгіштік, өз міндетіне адалдықпен қарау қасиеті ата-анасынан дарыған болса керек. Әкесі Оразбек аға Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыста артиллерия командирі болған, ал, соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы кеңшар директоры болып, тың жерлерді игеру сияқты маңызды науқанға белсене атсалысқан. Анасы Кәмал да отбасының ұйытқысы болып, балаларына жақсы тәлім-тәрбие беруге бар өмірін жұмсаған жан.
Қалымтай Оразбекұлы бала жасынан техникаға жақын болып өсті. Оның тау-кен техникумына түсуі де тектен-тек болмағаны анық. Кейінірек оқыған Ленин атындағы (қазір Қаныш Сәтпаев атындағы) қазақ политехникалық институтында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, шахмат жарыстарына қатысып жүрді. Ол бүгінде де шахматтан ешкімге есесін жібермейді. Институтта жақсы оқыған жігіт, еңбекте де жақсы қырынан көрінді. Бұл жас жігіттің қызмет сатысымен тез өрлеуіне игі ықпалын тигізді. Содан болар, оны түрлі қызметтерге шақырушылар аз болмаған. Дегенмен, Қалымтай қызметке қызығып, басқа өңірге баруды ойламады. Бар өмірін Ақмола облысында өткізді.
Өмірінде бір-ақ рет ол өзі сүйген мамандығын тастауға мәжбүр болған. Ол кезде партия мүшесі партияның жауынгері болып саналады. Жоғарыдан берілген нұсқауға қарсы келуге болмайды. Болашағы бар жас маманға Теңіз ауданының ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқару тапсырылды. Содан кейін осы ауданның аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Ол кезде Теңіз аудандық партия комитетін Қайырден Кәрібайұлы Кәрібаев басқаратын.
Қалымтай Оразбекұлы облыстың энергетика саласында еңбек ете жүріп, көптеген маңызды шаруа-ларды жүзеге асырды. Әлі күнге дейін қашықтығы жетпіс шақырым болатын Аршалы мен Үшқағыл бөлімшесінің арасын орталықтандырылған энергетика жүйесіне қосқандығын мақтанышпен есіне алады. Атқарылған шаруа туралы сол тұста ол «Целин-
Энерго» басқарушысы Вениамин Моисеевич Деминге мәлімдеген еді.
Алыстағы мал отарында еңбек ететін шопан үшін электр қуаты деген не? Бұл жарық көзі ғана емес, сумен қаматамасыз ету, әлемнен ақпарат беретін радио. Біраз жыл Теңіз ауданында қызмет еткен ол қайтадан облыстық энергетика компаниясына оралды.
2000 жылы Қалымтай Оразбекұлы тәжірибелі маман ретінде Астананы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қалалық су арнасы» компаниясына бас директордың орынбасары қызметіне шақырылды. Оның кандидатурасын бір кезде Теңіз ауданында қызметтес болған, сол тұстағы қала әкімінің орынбасары Сансызбай Сейітжанұлы Есілов қуана қолдады.
Ол кезде басқа да кәсіпорындар сияқты «Қалалық су арнасы» да күрделі және қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан болатын. Жалақы жарты жылға дейін кешіктіріліп беріледі. Оның үстіне жалақы мөлшері де мардымсыз еді. Бір тонна су небары жиырма теңге тұрды. Бізді энергетиктер жиі-жиі өз мақсаттары үшін пайдаланып, жарықтың ақшасын төлемегендерді ауыз судан айыруға итермелейтін. Салық органы, басқа да қызмет өкілдері жиі тексеріп, мазамызды алып жататын.
Міне, осындай ауыр кезеңде басшылықты қолына алған Қалымтай Оразбекұлы бірден жұмысқа білек сыбана кірісті. Ол ең алдымен жұмыстың тиімділігін арттыруға күш салды. Бірінші кезекте кәсіпорын нысандарын қайта құжаттауды қолға алды. Содан кейін электр қуатын үнемдеу шараларына көңіл бөлді. Сол тұста барлық нысандарға есептегіш құралдар орнатылды. Соңында ескірген құрылғыларды сатылап жаңартуға кірісті. Жүргізген осындай жұмыстардың арқасында екі-үш жылдың ішінде біз электр қуатын 20-30 пайызға дейін үнемдейтін жағдайға жеттік. Бұның сол тұста үлкен игі ықпалы болды. Қалымтай Оразбекұлының тікелей атсалысуымен электр қуатын делдалсыз өндіруші компаниядан, яғни, жылу-электр орталығынан сатып алуға қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде электр таратқыш қалалық электр желісі компаниясына ұнамаған еді.
Бір сөзбен айтқанда, Қалымтай Оразбекұлының осы атқарған шараларының нәтижесінде «Қалалық су арнасы» қыруар ақшаны үнемдеп, пайда табатын кәсіпорынға айнала бастады. Біздің жағымды тәжірибемізбен сол тұста басқа аймақтардың кәсіпорындары да танысып, оны қолдануға кірісті. Сол кезеңде республикалық су жүйелері қауымдастығының ұйымдастыруымен семинар болып, онда Қалымтай Оразбекұлы өз тәжірибесі жайында баяндағаны бар.
Барлық мәселені маман шешеді деген қағиданы берік ұстанған ол осы салада көп жылдар қызмет еткен тәжірибелі экономистер мен бухгалтерлерді, инженерлерді шақырды. Олардың арасында С.Вилков, Л.Саинова, Ш.Пішембаева, С.Әбдірахманов, Е.Жұманалин, О.Сигай және басқалар болды.
Қалымтай Оразбекұлының ұзақ жылдар бойы энергетика саласында қызмет істеген тәжірибесінің тағы бір жағымды жағы – қызмет ақысын жинау мәселесін шешуі еді. Қызметке ақы төлеу қарызы жыл санап өсіп келе жатқан. Астана халқы да бұрынғымен салыстырғанда екі еседей өскен. Сол тұста қызмет ақысын жинау мәселесі аса өткір тұрды. Қалымтай Оразбекұлы бұл мәселені шешуде де тапқырлық көрсетті. Ол ұсынған ақыны жинаудың тәсілін пайдалану арқылы жарнаны жинау көрсеткіші 90 пайызға дейін жетті.
Содан бері он бес жылдан астам уақыт өтіпті. Қазір ол кездерді еске алсаң, бәрі ертегі сияқты. Бүгінде әрбір үйде, әр пәтерде су есептегіш құрылғы бар. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Тіпті, есептегіш құрылғылардың көрсеткішін қарау үшін үй жағалаудың қажеті жоқ. Орталықтанған желі арқылы бәрі бақылауда ұсталады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қызмет көрсету деңгейі сапалық жағынан заман талабына сай шарықтап өсті. Әрине, мұның бәрі бір кезде Қалымтай Оразбекұлы сияқты білікті мамандардың жүргізген жұмыстарының заңды жалғасы екені дау-сыз.
Бүгінде мың  жарымнан астам адам еңбек ететін Астананың «Қалалық су арнасы» компаниясы В.Досаевтың басшылығымен өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Кәсіпорын ертеректе қызмет істеген ардагерлерді ешқашан естен шығарған емес.
Қазір зейнет демалысындағы Қалымтай Оразбекұлы сондай-ақ, өнегелі отбасы иесі. Ол төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Айдар, қыздары Әсия, Әйгерім және Зәуреш – бәрі де өмірден өз орындарын тауып, әкелерінің жақсы атын асқақтатып жүрген жандар.  Бүгінгі күні Қалымтай Оразбекұлы сүйікті жары Майра екеуі он екі немере тәрбиелеп отыр.
Мерейлі 70 жасың құтты болсын, асыл дос, қадірлі әріптес. Достарың мен туыс-бауырларыңның, отбасыңның арасында әлі де ұзақ жылдар жасай бер!

Жаңбыршы НҰРКЕНОВ,
еңбек ардагері, Қазақстан Республикасына
еңбегі сіңген құрылысшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар