Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өткеннің де жақсысын алуымыз керек - АРҚА АЖАРЫ

Өткеннің де жақсысын алуымыз керек

Академик  Төрегелді Шарманов ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетінде  шыққан «Құндылықтарымыздың құлдырауы» атты мақаласын  көпшілік оқыды ғой деп ойлаймын.  Жоғары жақтағы шенеуіктер, депутат мырзалар, зиялы қауым өз ойларын да сол газет арқылы  білдірді.

Енді, міне, таяуда «Арқа ажары» газетінде  «Толғандырған  тақырып» деген  айдармен  ақын Ерболат Баятұлының «Бар мен жоқ немесе  қазақтың бүгінгі  хал-ахуалы»  деген көлемді  мақаласы шықты.  Мақала  авторы бүгінгі  қазақ халқының  істері мен  қылықтарындағы  келеңсіз  жақтарының көзі  көргендерін, естігендерін мақал-мәтелдерді  тиімді пайдалана отырып, оқырмандарға нақты жеткізіп отыр. Бұл автордың жанайқайы десе де болады. Бұл жайларды бәріміз де көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз, бірақ, автор осы мақаламның  жақсылыққа  бастауға бір септігі тие ме деген  оймен жазып отыр ғой деп  ойлаймын.  Осыған ұқсас ойлар әр тақырыппен басқа  басылымдарда да жарық көріп жүр. Солардың бірі  ретінде «Арқа ажары»  газетінің  осы жылғы  
5 қыркүйектегі  нөмірінде менің  «Салт- дәстүрлеріміздің  тозығынан  арылайық» деген  мақалам да шықты.  Осы  тақырыптар  айтыла-айтыла  жауыр болды. Тәрбие саласындағы  мекемелердің  қызметкерлері газет оқымай ма, әлде қолдары  тимей ме?! Меніңше,  уақыттары  жетпейді-ау деймін. Олай дейтінім, идеология саласында  бір науқаннан  кейін келесі науқан, әсіресе,  мейрамдар келіп қалады да, соның құрсауынан  шыға алмай, тәрбиелік маңызы зор  мәселелер қалыс қала береді.
Автор мақаласында «Ақшадан құнды  нәрсе  жоқ» депті.  Қазір шынында да солай. Сол ақша  адал еңбекпен табылып жатса, әл-ауқатымыздың жақсаруына  көмектеседі ғой. Бірақ,  олай емес қой. Жемқорлықпен тауып жатқандары қаншама.  Кейде көшеде  келе жатып байқаймын, өте қымбат, «крутой» машинаның рөлінде  жап-жас, әлі  кәмелетке де толмаған шығар, қыз бала отырады.  Баласы осындай көлікте отырса,  әкесі қандай машинамен жүреді екен?!   Онымен қоса, бірнеше  қабаттан тұратын коттедж  салып алған. Қай ақшасына?!. Осындай қаржыны адал жолмен келді деп айта алмаймын. Кез-келген жоғары шенді  шенеуік  өз жалақысына  осындай шаруа атқара алмайды.  Халық даналығы «кірісіне қарай шығысы» дейді.  Бұрын да ел жалақы алған, бірақ, бүгінгідей  бәсекелестік болмаған.  
Тәрбиенің басы  осыдан басталуы керек. Халықты адал еңбекпен адал табыс табуға үйрету қажет.  Сонда ақша үстемдік  етпейді. Қаржының  молдығынан  тойды да байлар төгіп-шашып жасайды.  Кедей де тыраштанып, байдан  қалмаймын деп  қарызданып, қауғаланып тойын өткізеді. Содан қарызға белшесінен батып, кедейленгеннің  үстіне кедейлене түседі.  Әлгі байлар ақшаны қайда қоярларын білмеген соң, тойға белгілі  әншілерді шақыру да сәнге айналып бара жатыр.  «Өнер – халықта» демекші, елдің ішінде де неше түрлі  өнерпаздар бар. Шақыртқан «жұлдыздардан» кем түспес еді, қаржы да үнемделер еді. Қазіргі тойларда  көбіне тілек  айтып, сөйлеушілер бірін-бірі қайталай береді. Сосын ән тыңдау, музыканы барлық дауысына қойып билеу. Көбіне мұндай тойдан дем алып қайтпайсың, керісінше,  шаршап ораласың. Музыканың  қаттылығы сонша,  жаныңдағы көптен көрмеген танысыңмен дұрыстап сөйлесе де алмайсың.
Жағымпаздықтың  бір ұшы  осы шараларда  байқалып қалады.  Тойға шақырылған  қонақтарға көңіл аудару бірдей болуы керек қой. Жоқ, олай болмай жатады.  Шақырылған  ең тәуір  шенеуік  келмей, той басталмайды.  Ол соны біледі де,  асықпай  қарты келгенде  бас көрсетеді немесе  келмей қалады.  Келсе,  оған ерекше  көңіл бөлінеді. Біздің орыс  көршілерімізде  олай емес.  Тойда  бәрі бірдей.  Жағымпаздықты  ұнататын, жиында өзін  жоғары ұстауға тырысатын шенеуіктерді өз басым мәдениетсіздердің қатарына жатқызар едім. Олай бедел  жинағанша, еңбегімен, сол өзі басқарып отырған мекеменің  нағыз қамқоршысы болумен бедел алуға  тырысқан  дұрыс болар еді.
Бәріміз де ауылда  туып-өскенбіз. Бала кезіміздегі ондағы  бір-бірімен қарым-қатынасты  білеміз.  Сол ауылымызға барғымыз келіп тұрады.  «Апаңа да барарсың, аңқиып та отырарсың» демекші,  осы күні алайда, бұрынғыдай үй-үйді  аралап,  сәлем беру қалды.  Барып түскен үйіңнен «бір-біріңмен қатынасасыңдар ма?» деп  сұрасаң, «жоқ» деген жауап аласың.  «Неге?»  десең, «бара қалсаң, бірдеңе дәметіп келгендей болып тұрасың» дейді. Сосын сен де соны ойлап,  ауылды араламайсың. Барған үйіңнен  қайтуға тырысасың. Жалпы, бұрынғы  қазақи дәстүрде үйге бөтен кісі келсе, төрге  шығарып,  дәм ауыз тигізіп,  содан кейін ғана келген шаруасын айтатын.  Сол кезде азды-көпті  әңгіме-дүкенге шейін  құратын.  
Ертеде  шыққан мәтел болуы керек: «от алуға  келген әйелдің, отыз ауыз сөзі бар» деген.  Әйелдер де  бір шаруамен  бір-біріне  барғанда кішкене  әңгімелесіп қалатын.  Техникалық  прогресс жақсы,  бірақ, оның да адамдардың  бір-бірімен қатынасуына кері  әсері қатты тиюде.  Менің айтып отырғаным телефон,  теледидар, т.б. Бұрын  мәдениет  ошақтарына барып,  бір-бірімен  кездесіп,  қауқылдасып қалатын. Соның бәрі енді қалып бара жатыр. Ауыл да  қаланың  тәртібіне  көшуде. Алайда, бір-біріне  қатынасып, араласып тұрғанға не жетсін.
Ерболат мырзаның әрбір көтерген  мәселесіне өз тарапымыздан қосымша жәйттарды келтіріп, кеңейтіп, толықтыра беруге болады.  Абай атамыз айтқандай, «жартасқа бардым, күнде айқай  салдым, одан да шықты жаңғырық…». Газеттер, тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдары айтудай айтып, жазудай  жазып жатыр. Бірақ «жаңғырық» шықпай тұр ғой. Бұрын басылымдар сын мақалалар мен өмірлік  маңызы бар материалдарды  сол салаға  жауапты  басшыға  поштамен әдейілеп салып жіберіп, жауабын күтетін. Сосын газет арқылы қандай шаралар  қолданылып жатқандығын оқырмандарға хабардар ететін. Осылайша әжептәуір қозғалыс болып,  сол бағытта жұмыс жүргізілетін. Қазір оның бәрі қалды. Автордың  көз майын тауысып жазғаны,  газет қызметкерлерінің  еңбегі  текке кетіп жатқан сияқты. Сондықтан, бұл мәселеде кеңес дәуіріндегі жұмыс әдісіне көшу керек қой деп ойлаймын.
Егер де  Елбасы көтерген «Мәңгілік ел» идеясын  дұрыс іске асырамыз десек, тәрбие жұмысына  жете көңіл  бөлуіміз қажет-ақ.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер-ұстаз.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар