Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алматы алды ма мәңгі құшағына?!. - АРҚА АЖАРЫ

Алматы алды ма мәңгі құшағына?!.

Алматыдан қазақ баспасөзінің бүгінгі ақсақалдарының бірі Есмұхамбет Айтмағамбетов ағамыздың қайтыс болғаны туралы суық хабар келіп жетті.

Ес-ағаң сұлу Көкше өңірінен шыққан белгілі қаламгер, бесаспап баспагер еді. 1935 жылы 5 ақпанда Зеренді ауданының Қарашілік ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы бүкіл төңірекке белгілі қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін білім қуып, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Зеренді аудандық газетінде бастап, тәжірибесі толыса келе, Қызылту аудандық газетінде редактор болды. Одан әрі біраз жыл облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде шыңдалып, 1974 жылы жаңадан ашылған Торғай облыстық «Торғай таңы»  газетіне жұмысқа шақырылды. Сөйтіп, осы басылым редакторының бірінші орынбасары қызметінде жемісті еңбек етті. Кейін Торғай облыстық баспаханасының директоры, Қима аудандық газетінің редакторы лауазымдарында да өзін тек жақсы қырынан көрсете білді.
Осы жылдар ішінде қарымды қалам иесінің «Құлыншақ», «Ей, жаңа күн!», тағы басқа кітаптары жарық көрді. Әсіресе, 1977 жылы республикалық «Жалын» баспасынан шыққан «Құлақтың қырсығы» атты сатиралық әңгімелер жинағы оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алды. Белгілі қаламгердің әңгіме, очерк, новеллалары күні кешеге дейін республикалық баспасөз беттерінде үзбей жарияланып тұрды.    
Ес-ағамыз елден шалғай жатқанына қарамастан, туған жеріндегі мерзімдік басылымдармен де тығыз шығармашылық байланыс-та болды. Ол кісінің Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ағамыз туралы көркем естеліктері, басқа да құнды дүниелері әрдайым «Арқа ажары» газеті мен «Көкшетау» журналына шырайлы нәр беретін.
Амал не, енді осындай ақылгөй, қадірменді ағамыз жылда бір-екі рет елге келіп кеткенінде, бұрынғыдай  газетімізді сыйлап, редак-циямызға бас сұқпайды, иманды дауысымен «бір қажеттеріңе жарар» деп Алматыдан жаңа дүниелерін жібермейді. Есесіне біз өзіміз ол кісіні сағынып, қимай, іздей түсеріміз ақиқат. Осы бір ауыр сәтте артында жарқын ізі мен ізеттілігі қалған асыл ағаның отбасы мен жақын туыстарына шын жүректен қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бақұл болыңыз, Алла тағала алдыңыздан жарылқап, иман байлығын берсін!
«Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.

 

 

Жақсылығыңыз көңілден кетер ме?!.

 

Желдей ескен суыт хабар не айтып тұр?!. Ардақты Ес-ағамыз, кәдімгі өзімізге ұстаз болған Есмұхамбет Айтмағамбетов дүниеден өтті дей ме?!

 

Алматыдан жеткен осы бір ауыр сөзге сенгіміз жоқ. Өйткені, биыл жазда ғана елге келіп-кетіп еді. Сексен жылдығын артқа тастаған қартымыз әлі тың, сергек көрінген. Оның үстіне «Арқа ажары» газетінде жиі жарияланып тұратын тартымды дүниелері де осы бір аяулы жанның есен-саулығынан, қолынан әлі қаламы түспей келе жатқанынан хабар бергендей еді.
Сөйткен, ағамыз да енді бұл пәниде жоқ. Амал нешік, тағдыр деген сол. Сұм ажалдың жасты да, кәріні де өз дегеніне көндірмеген кезі бар ма. Бәрі көз алдымда күні кешегідей сайрап тұр. 1959 жылы ҚазМУ-ден алғашқы жұмыс тәжірибесінен өту үшін Зеренді аудандық газетіне келдім. Бір ауылдан жұбымыз жазылмайтын жан жолдасым Маман Ементаев Айыртау аудандық газетіне кетті. Зеренді газетінде бас редактор Айдархан Темірбаев ағамыз екен. Ол кезде басылым атауы – «Сталин жолы». Есмұхамбет ағамыз осында жа-уапты хатшы. Келе қамқорлық танытып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік.
Ол кезде ағалардың інілерге деген ілтипаты ерекше. Бес ай бойы журналистік сауатымды жетілдіріп, газет жұмысына көзімді ашты. Бес ай бойы белгілі журналист Мәтен Бижанов екеуіміз үйінде тұрдық. Жарты нанды бөле жеген Ес-ағамның кісілік зор келбетін, бауырмалдығын, маман ретінде өте іскерлігін сонда көрдім. Пейілі кең, жаны сондай таза еді. Өмірден де солай өткені даусыз. Қайда жүрсе де, қайда қызмет істесе де Көкшетаудың баспасөз мектебінің лайықты бір өкілі бола білді.
Кітаптан кітапқа өсіп, соңында мол әдеби мұра қалдырған Ес-аға, біз сізге ризамыз. Жақсылығыңыз жадымызда. Ол жүректе өшпейді. Туған Қарашілігіңіз, Зерендіңіз, қалың еліңіз барда, өмірдің көш керуені сіздің есіміңізді де есімізден шығартпайтындығы анық.     
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
қарт журналист, ақын, әнші-жырау,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар