Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоғам тұрақтылығы – басты құндылық - АРҚА АЖАРЫ

Қоғам тұрақтылығы – басты құндылық

 

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен ішкі саясат саласында атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен  ағымдағы жылға арналған мақсат-міндеттер сараланған алқа мәжілісі  болып өтті. Бүгін біз осы шарадан арнайы есеп жариялап отырмыз.

 

Алқалы жиында аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің жұмыстары жан-жақты талқыланды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мүсірәлімова  өткен жылы жүзеге асырылған шаралар жайында кеңінен баяндады. Бүгінгі таңда аталмыш басқарманың жұмыс ауқымы өте кең.  Өткен жылы ішкі саясат басқармасының құзырына кіретін  шараларды жүзеге асыру үшін 542 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Мемлекеттік идеология-ны насихаттау бағытындағы түрлі шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл қоғамдық-саяси маңызы зор іс-шараларға жалпы ауқымы 53,5 миллион теңге қарастырылған. Өңіріміздегі қоғамдық
ахуалды және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын бақылау үшін  әлеуметтік зерттеулер жүргізу өз тиімділігін көрсетуде. Жалпы алғанда, 2015 жылы тоғыз әлеуметтік зерттеу өткізілген. Оның нәтижесі «Социс» атты  сараптамалық жинақта жарияланды. Идеологияны насихаттау жұмысының басты бағыттарының бірі мемлекеттік рәміздер арқылы азаматтардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру болып табылады. Осы орайда, барлық мекемелердегі  ел нышандарын заңға сәйкес қолдану бойынша қырыққа жуық тексеріс өткізілді.
Өңірдің ақпараттық-идеологиялық қызметіне белсене араласып, облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуы, басқа да тыныс-тіршілігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты жазып келеді. Бүгінгі таңда облыста 99 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оның 77-сі баспа, 15-і электронды ақпарат құралдары. Ендігі мақсат – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Газет беттерінде Елбасының сарабдал саясаты, сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мақалалар жиі жарияланып тұрады. Ақпараттық қызметтің тиімділігін арттыру үшін медиа жоспарлар жасалып, жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын әр газет айшықты түрде қамту қажеттігі де айтылды.
Бұдан кейін жарыссөзге қатысқан ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси жағдайды сараптау бөлімінің басшысы Оксана Салахова өңіріміздегі осы жағдай жөнінде әңгіме өрбітті. Оның айтуын-ша,  өткен бір жылда төрт әлеуметтік шиеленіс орын алған. Тарқатып айтар болсақ, Целиноград ауданының Қоянды ауылында 195 жер телімін заңсыз иелену оқиғасы тіркелген  еді.  2015 жылы бұл мәселені реттеу жұмысы қолға алынып, 112 жер телімі заңдастырылды.  Оразақ ауылында көктемгі су тасқынынан тұрғындар зардап шегіп, үйлеріне залал келген болатын. Қазіргі уақытта тұрғындарға жаңа баспаналар салынып, жағдайлары жақсарды. Есіл ауданы Калачи ауылы тұрғындарының ұйқы ауруына шалдығуы да жұрттың дегбірін қашырғаны мәлім. Үш жыл бұрын басталған бұл құбылыс тұрғындарды өзге елді мекендерге көшіру арқылы шешілу үстінде. Тағы бір мәселе, Астана қаласының маңында  жасыл белдеуді қалыптастыру барысында Целиноград және Шортанды аудандарының аумағынан  жер телімдері берілген еді. Пай иелерінің осыған келіспеу мәселесі де оң шешілді.
Жиында қоғамдық сананы қалыптастыруда жетекші орын алатын бұқаралық ақпарат құралдары жайында ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Асылбек Байжұма сөз сөйледі. Ол жиналғандарға журналистермен тығыз қарым-қатынас орнатып, болған оқиғаны ізін суытпай ақпарат беріп отыру қажеттігін ескертті. Әрі редакторлармен жұмысты ширату, баспасөз парағының мән-маңызына тоқталып өтті.  Баяндамашы өңір тұрғындары арасында баспасөзге жазылу мәселесі ақсап тұрғанын айтып, аудандар бойынша бірсыдырғы мәліметтер келтірді. Мәселен, облыстық «Арқа ажары» газетіне жазылу 71,7 пайызды құраса, «Акмолинская правда» газетіне жазылу 73,1 пайызға ғана орындалған. Осы ретте, азаматтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде тұрғындар  бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарға басымдық берсе екен деген пікір білдірген.  Бұл баспасөз қызметі мен тілшілердің тыңғылықты еңбегін қажет етпек.
Баяндамашы сөз арасында өздері дайындаған «Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қоян-қолтық еңбек етуге септігін тигізер 100 кеңес»  көрнекі құралы жөнінде айтып берді. Мұнда тілшілер және редакторлармен өзара ынтымақтастық байланыс орнату, сұхбатқа дайындалу, баспасөз қызметтерімен жұмыс істеу, баспасөз мәслихатын өткізу сынды үдерістерді оңтайландыру мақсатында пайдалы кеңестер берілген. Бұл құрал қызметкерлерге жұмыс барысында үлкен көмек болары сөзсіз.
Ішкі саясат басқармасының бас маманы Берік Әшірбеков азаматтық қоғам мемлекеттің ұстанған басты бағыты екенін айта келе, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына тоқталды. Облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша өңірімізде  622 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 160-ы  қоғамдық-саяси жағынан өте белсенді. Барлығы экологиялық, этномәдени шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырумен айналысады. Ал, бас маман  Серік Сәдуақасов  облыстағы партиялардың негізгі қызметі туралы хабарлама жасады. Облыста алты саяси партияның филиалы тіркелген. Түптеп келгенде, өңірімізде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Өткен жылы олардың тарапынан митинг, жиналыс өткізуге ешқандай өтініш түспеген.
Келесі болып мінбеге шыққан жауапкершілігі шектеулі «ВВS-ТТ» серіктестігінің директоры Жанна Искакова  ақпараттық жүйенің қыр-сырымен таныстырып, аудандардағы баспасөз қызметінің жұмысы мардымсыз екенін жеткізді. Себебі, аудан әкімінің парақшасында жаңалықтар енгізілмейді, өңірдің тыныс-тіршілігін көрсететін мақалалар жоқтың қасы. Тек «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылуы туралы хабарлар ғана кездеседі. Сол себепті, өздерінің баспасөз хатшыларын оқытып, ғаламтордың мүмкіндіктерін жақсы меңгеруге қол ұшын бере алатынын сөз етті.
Ақмола медиа орталығының басшысы Жарас Бейсембаев  аудандық газеттердің атын атап, түсін түстеп,  кемшін тұстары мен жаңашылдықтарын сараптады. Оның айтуынша, «Вечерний Степногорск», «Степногорск ақшамы» Жарқайың, Есіл аудандық, тағы басқа  газеттерде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жайында мақалалар аз жарияланады. Есесіне аудан, қала әкімінің іссапарлары көп беріледі. Өз кезегінде журналист уақыт тынысын айқын сезініп, сан алуан
қоғамдық мәселелерге жіті қалам тарта білсе, оқырманның басылымға деген қызығушылығы арта түсері сөзсіз. Елімізде күн санап әлеуметтік желіні пайдаланушылар қатары  өсіп келеді. Сондықтан, өңірлік басылымдар жеке сайттарын ашып, оларды күнбе-күн өз материалдарымен толықтырып отырулары қажет. Дегенмен, бұл жұмысқа аудандық газеттер әлі де болса ден қойып кіріспеген. Жеке сайттары бар басылымдар саусақпен санарлық қана. Өз кезегінде, облыстық  жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямов аудандық жастар ресурстық орталықтарындағы кадрлардың жетіспеушілігі мен саланың аз қаржыландыруын тілге тиек етіп, бұл  орталықтар аудан басшылары тарапынан қолдау тапса деген тілек білдірді.
Қоғамдық кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде  елімізде ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету әлеуметтік-экономикалық дамудың алғышарты екенін атап өтті.  Жұмысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп,  ұлттық идеологияға баса мән берген жөн. Үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарымен  тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп бір мақсатқа жұмылу көптеген әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға көмектеспек.  Осыған тоқтала келе, Нұрлан Нұркенов:
–Тұтастай алғанда, біздің бәріміз облыстың дамуы үшін жұмыс істеуіміз керек. Бұл үшін өзара түсіністік қажет. Әсіресе, аудан басшылары бұқаралық ақпарат құралдарымен көбірек жұмыс істемесе болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  атты Жолдауы халық арасында кеңінен насихатталып, тұрғындар маңызды құжатта көтеріліп отырған мәселелерге жете қанығуы қажет. Облыстың тыныс-тіршілігін жан-жақты қамтитын мақалалар легін де молайтып, оларда ел игілігі жолында адал еңбек  етіп жүрген жандар туралы баяндағанымыз дұрыс, – деп атап өтті. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары облыстық газеттерге жазылу мәселесіне баса назар аударғанын ерекше атап өту керек. Бұл орынды да. Өйткені, Елбасы Жолдауынан туындайтын іргелі міндеттер халық арасына нақ осы баспасөз, электрондық БАҚ арқылы жетпек. Облыстың идеологиялық активі 2015 жылы жаман жұмыс істеген жоқ. Алда тұрған жаңа істер ауқымы да зор. 2016 жыл ең алдымен, Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толатын мерекелі жыл. Сондықтан, осы шешуші кезеңнің жаңа міндеттерін айқындаған алқа мәжілісіндегі сындарлы ой-пікірдің ортақ іске игі ықпалын тигізбей қоймайтындығы айдан анық.  

Суретте:  алқа мәжілісінде марапатталған таңдаулы қызметкерлер.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар