Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сот жүйесіндегі өзгерістер халық мүддесіне қызмет етеді - АРҚА АЖАРЫ

Сот жүйесіндегі өзгерістер халық мүддесіне қызмет етеді

 Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет БАҚ өкілдерінің алдында ҚР Азаматтық процессуалдық кодексінің жаңа нұсқасын қабылдауға қол қойған еді. Жаңа Азаматтық процессуалдық кодекс сот саласында заман талабына сай қолға алынған жаңа өзгерістерге жол ашатын маңызды құжат болып табылады.

 

Жалпы, сот саласында бүгінде жүзеге асырылып жатқан игі өзгерістердің бәрі де «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан туындайтын міндеттердің шеңберінде іске асырылып жатқаны белгілі. Бұған қоса, Мемлекет Басшысы өзінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласының «Құқық тәртібі және заңдылық» бөлімінде екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруге бағытталуы тиістігіне ерекше назар аударады.  
 Енді сот саласында соңғы жылдарда қолға алынған осы оң өзгерістер  жайында жан-жақты баяндай кетейік.
Өткен жылы қабылданған Азаматтық процессуалдық кодексте үш сатылы сот жүйесін енгізу нақтыланған еді. Бұның артықшылығы – сот шешімдерінің жеделдігін, сапалылығын арттырып, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмайтындығында және сот ісінің созбалыққа салынуына жол бермейтіндігінде. Бұрын бес сатылы сот жүйесі қызмет істеген кезде төменгі сатыдағы сот шешімдерін жоғарыдан бұзу арқылы істің созылуы орын алатын және апелляциялық немесе кассациялық алқаның судьялары бір-біріне ауысып жататын. Бұның бәрі жұмыстың сапасына, жеделдігіне біршама кері әсерін тигізіп келген болатын. Ендігі уақытта облыстық сотта тек апелляциялық алқа ғана қалып, істі қарау мерзімі мен тәртібі біраз қысқартылды. Кассациялық қарау құзыреті Жоғарғы сотқа берілді. Осыған орай, Жоғарғы соттың құрамы кеңейтіліп, оған аймақтарда үлкен тәжірибе  жинақтаған білікті судьялар тартылды.
Бұрынғы заңға сәйкес бірінші сатыда қаралған істер бойынша сот шешіміне тараптар шағым-арызды он бес күннің ішінде беруі тиіс болса, ендігі уақытта ол мерзім бір айға дейін ұзартылды. Түрлі жағдайларға байланысты сот шешіміне орай, арыз-шағымды он бес күннің ішінде беріп үлгере алмайтындар болады. Сол себепті бұл өзгеріс қарапайым халық үшін қолайлылық туғызатыны анық. Жоғарғы соттың кассациялық алқасына шағымдану тәртібі де аздап өзгертілген. Мынадай жағдайларда азаматтар кассациялық шағым бере алмайды: ықшамдалған тәртіпте қаралған істер, бұйрық тәртібімен шығарылған шешімдер және екі тараптың келісімге келуіне орай шығарылған шешімдер. Үш сатылы сот жүйесіне көшу істерді қарауды оңтайландырып қана қоймай, жеделдігін және сапасын да арттыруға жағдай жасайды.
Сот саласындағы соңғы жылдарда жүзеге асырылған игі өзгерістердің қатарында жаңа технологияларды пайдалануды атап өткен жөн. Бүгінгі күні барлық сот залдары бейне-дыбыс жазатын құрылғылармен қамтамасыз етілген. Барлық сот отырыстары бейне-дыбыс таспаға жазылып алынады. Бұл, біріншіден, судьялардың сот мәжілістерін өткізу тәртібі мен заңды бұрмалауына жол бермейді. Екіншіден, дауласушы тараптар да сот мәжілісін өткізу тәртібін бұрмалай алмайды. Бұрын сот хатшысы мәжіліс  барысында тараптар мен куәлардың сөздерін жазу кезінде техникалық себептермен кейде бұрмалаушылықтарға жол беріліп жатса, ендігі уақытта бұндай олқылықтар болмайды. Сондай-ақ, тараптар сот отырысы жазылған бейне-дыбыс таспаларын өз қалауларынша  жүктеп алуларына болады.
Сот жүйесіне енгізілген тағы бір технологиялық жаңалық – «Сот кабинеті» онлайн жүйесінің қолданысқа енгізілуі. Бұл өткен жылдың екінші жартысынан бас-тап сотта кең қолданыла бастады. Ендігі уақытта сотқа арызды сотқа келіп, әуре-сарсаңға түспей, үйінде компьютердің алдында отырып-ақ беруге болады. Ол үшін ғаламторға қосылған компьютеріңіз болса болғаны. Электрондық талап-арыздар бірден тіркеледі және сот үшін төленетін мемлекеттік салықты төлеу түбіртегінің электронды көшірмесі қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтар еш әуре-сарсаңсыз интернет арқылы сотқа шағымданып, сот арқылы өз құқықтарын қорғауына толық мүмкіндіктері бар.
Соттағы бұндай жаңалықтардың тағы бір тиімділігі – арызданушы азаматтар мен судьялардың тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол бермей, сол арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жағдай жасайтындығында. Қазіргі таңда ғаламторды пайдаланушылар санының елімізде күрт көбейгенін ескерсек, сотқа жаңа технологияның енгізілуі қарапайым азаматтар тарапынан үлкен ынта туғызып отырғанын бағамдаймыз. Мәселен, Көкшетау қалалық сотымен өткен жылы барлығы 12253 іс қаралса, солардың  5300-і
интернет арқылы талап-арыз жазғандардың үлесіне тиеді. Яғни, барлық істің  40 пайыздайы интернет арқылы берілген талап-арыздар бойынша қаралған істер. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш онан әрі өсе түсетіні анық.
Қылмыстық істерді қарау бойынша да біраз өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылдың қаңтарынан бастап тергеу судьясы деген қызмет енгізіліп, іске кірісті. Тергеу судьялары негізінен, қылмыстық істерге қатысты санкция берумен айналысады. Биылғы жылы олардың құзыреті біраз кеңейтілді. Ендігі уақытта тергеу судьялары азаматтардың жеке басын тінтуге қатысты санкция береді. Сондай-ақ, мекеме, ұйымдардан құжаттар сұратып алу да тергеу судьяларының құзырында.
Жоғарғы сотта арнайы инвестициялық істерді қарайтын алқа құрылды. Осы санаттағы бірінші сатыдағы істер Астана қалалық сотында қаралады. Жоғарғы соттың инвестициялық істер жөніндегі сот алқасы аса ірі шетелдік инвесторларға қатысты кейбір істерді бірінші сатыда да қарай береді. Бұл еліміздің экономикасын көтеруге елеулі ықпал ететін ірі инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сол арқылы еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға игі ықпалын тигізеді деген сенім бар.
Сот саласындағы елеулі өзгерістердің бірі ретінде судьялыққа үміткерлерді іріктеу шараларын жетілдіруді атап өтуге болады. Ендігі уақытта судьядан үміткер әр адам сот саласында кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі қажет. Ол бәлкім, сот хатшысы немесе қорғаушы болып істеуі мүмкін. Осыдан кейін үміткер емтихан тапсыруға мүмкіндік алады. Сынақтан сүрінбей өткендер бұдан кейін бір жыл жергілікті соттарда тағлымдамадан өтеді. Тағлымдамадан өткен үміткердің қызметіне жергілікті судьялар комиссиясы баға береді. Осыдан кейін оның жұмысы облыстық соттың жиналысында талқыланады. Одан оң бағасын алған үміткерлер ғана конкурсқа жіберіледі. Конкурстан өткен соң да бірден жұмысқа кірісе алмайды. Алдымен бір жылға дейін сынақ мерзімімен қызмет істейді. Оның жұмыс қорытындысын Жоғарғы соттың жюри кеңесі қарап, сараптайды. Тек содан кейін ғана ол судья қызметіне толыққанды кірісетін болады. Судьяларды іріктеудің бұл жүйесі судья құрамын білікті мамандармен қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізері анық.  
Доғарыстағы судьяларды мемлекеттік қамтамасыз етуге арналған заңның қабылдануы зейнетке шыққан судьялардың материалдық жағынан тапшылық көрмей, еркін өмір сүруіне жағдай жасамақ. Яғни, мемлекет адам тағдырын таразылайтын жауапты қызмет атқаратын судьяларды барлық жағынан толыққанды қамтамасыз етіп отыр. «Судың да сұрауы бар» демекші, бұл өз кезегінде судьяларға қойылатын талапты күшейтіп, ендігі уақытта олардың қызметінен кетпей, өмір бойы осы салада қалуға деген ынтасын арттыратыны даусыз. Судья үшін болмашы себептермен қызметімен қош айтысу тиімсіз ғана емес, орны толмас өкініш те болары анық.
Мемлекет Басшысы сот саласына еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап ерекше көңіл бөліп келеді. Сот жүйесінде жүзеге асырылған оң өзгерістер мен жаңалықтардың бәрі Елбасымыздың тікелей басшылығымен іске асып отырғанын атап өтпеуге болмайды. Өз кезегінде судьялар да Елбасының өздеріне жүктеген биік міндеттерін орындаудан күш-жігерлерін аямайтын болады.

Мәди КӨШІКБАЕВ,
Көкшетау қалалық сотының төрағасы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар