«Нұр Отан» партиясы Ерейментау аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтар әртүрлі өтініштерімен көптеп келеді.
Келіп түскен өтініштер әртүрлі сұрақтарды қамтиды. Жақында «Орталық-Шығыс» бағыты №1 «Сайдалы» учаскесіндегі Астана-Шідерті тас жолын қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан 25 жұмысшы аудандық партия филиалы төрағасының орынбасары Сара Дүйсембаеваның қабылдауында болды. Шағымданушылар «Global construction» ЖШС-ының басшылығы оларға жаз бойы еңбек еткендері үшін айлықтарын төлемегендерін жеткізді.
Бұдан бұрын жұмысшылар сотқа, еңбекті қорғау инспекциясына жүгінсе де, бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан жоқ еді.
– Біз «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне үмітпен келіп едік, бұл жерде мәселемізге зор жауапкершілікпен қарап, бізді мұқият тыңдап, партия өкілдері өтінішіміздің шешім табуына қолғабыс етті, – дейді экскаваторшы Елтай Бижанов.
Төраға орынбасары Сара Дүйсембаева қажетті шараларды қолданғаннан кейін, таяуда 25 жұмысшыға 4,5 миллион теңгеге жуық соманы құрайтын еңбекақы толықтай өтелді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ерейментау ауданы.