Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өкініш - АРҚА АЖАРЫ

Өкініш

«Мен де бақытты жандардың бірі едім. Үйдің тұңғышы болдым. Әке-шешем мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Ал, мен болсам, ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деп бастады әңгімесін Жанар.

– Бұл өмір соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан құралған. Мен үшін зіл батпан қайғы-мұңға батырған өмірдің көлеңке тұсына ешқашан күннің сәулесі түспейтін сияқты болып көрінеді. Бәлкім, қателесетін шығармын?! Не үшін олай айтқанымды да білмеймін. Жо-жоқ, мен өмір сүруге тиіспін. Өйткені, жолыма қарайлап, әрқашан аман-саулығымды тілейтін ата-анамның, «ана» деп айтатын жан балапанымның бейнесін көз алдыма елестетсем, қайта өмірге келгендей күй кешемін. Жолдасым да үйде тағатсыздана күтіп отырған шығар. Бірақ, бәрібір мен үшін өмір өкінішті сәттерден құралған. Ата-анамның тұңғышы болғандықтан, жан жылуы мен махаббаттарына бөлендім. Шексіз қамқорлықтың арқасында әр күнді шырайлы шаттықпен өткіздім. 9 сыныпты бітірген соң арманымның биігіне шығуға ұмтылдым. Жас шыбықтай бүр жарып, мен де жаңа өмірге қадам бастым. Арқалық экономика колледжіне оқуға түстім. Бүгінде соның бәрі елес сияқты. Бірақ, өкінгеннен не пайда? Менің пешенеме жазылған тағдыр осы шығар. Қазір  қамауда отырмын. Оған да үш жылдың жүзі болды. Бостандықта жүргенде уақыттың қадірін білмеген екенмін. Жастықтың буымен алтын уақытты бағалай алмағаныма өкінемін.
Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Опық жеп, опынып қалатын сәттер әркімнің-ақ басында болады. Қазіргі күні шерменде күйде жүрмін. Сырт көзге жігері жалын атқан жас болып көрінсем де, жүрегiмде өзекті өртейтін өкініш пен мұң-жара, жанарымда мұң-нала бар. Менің осындай күйге түсуіме өзімнен басқа ешкім де кінәлі емес. Өкініш өзекті өртесе де, жасымай, өмірдің арпалысқа толы екенін түсініп, тіршілікте тырмысып қарекет етуім керек. Теңіз толқынындай арпалысқа толы ғұмырда адам өз-өзімен күресе білгені жөн. Ақылмен пішіп, санамен салмақтайтын болсақ, өмір – теңіз, ғұмыр – дария. Бұл дүниеде кез келген пенде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін.
Сотталғандардың барлығын жаман адамдар деп айтуға болмайды. Тағдырына налыған мен сияқты қазақтың қыздарын көргенде, ішім өрттен күйіп кетердей. Ал, мен не үшін жаза бастым? Бақыт нұрына шомылған ақ күнім қара пиғылды қиянат түніне айналды. Ойланбай шалыс қадам жасадым. Ата-анама, балама, жарыма қиянат жасағаныма қатты ұяламын. Олардың сенімінен шыға алмағаным үшін өзімді-өзім жазғырамын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету бойынша сот шешімімен айыпты деп танылдым. Қанды қылмыс болмаса да, заң алдында кінәлімін.
Мен 1982 жылы Целиноградта дүниеге келдім. Негізгі мектепті бітірген соң, Арқалық экономика колледжіне экономика және құқық мамандығына оқуға түскенімді жоғарыда айтып өттім. Кейін Қарағанды экономикалық университетін тәмамдап, экономист атандым. Адам өмір бойы ізденіс үстінде болуы керек. Оқу оқып, білім алу ешқашан кеш емес. Білімімді одан әрі шыңдау үшін Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне заңгер мамандығына оқуға түстім. Сол кезде темір торға тоғытылатыным үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ, өткен өмір мен үшін жай ғана түс сияқты. 2005 жылы арман қуып, Астанаға бардым. Жекеменшік компаниялардың біріне жұмысқа орналастым. Онда ерекше көзге түсіп, жақсы жұмыс істеуге тырыстым. Жалақым да жаман болған жоқ. Жалпы, біздің қоғамда еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Бірақ, көбіміз соны дұрыс түсіне бермейміз. Қолымыздан келсе, қонышынан басып, ар емес, пайда іздейміз. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, шайтанның құрсауына түскенімді өзім де аңдамай қалған екенмін. Осылай біреуден кейін, біреуден ілгері сәтімен өрбіген өмірімнің күл-талқаны шығады деп кім ойлаған?!.
Біреудің мүлкіне қол салғаным үшін сот мені айыпты деп тауып, 8 жылға бас бостандығымнан айырды. Қылмыс әшкереленбесе, мен әрі қарай да алған бетімнен қайтпай жүре берер ме едім. Бірақ, Алланың көзі түзу екен. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, құныққан құлын көрген Жаратушымыз темір торға тоғыту арқылы маған түзу жол көрсетті. Қанша азапқа салса да, Алла мен адам алдында адал болу керек екенін үйретті. Опық жегізіп, ойландырды. Істеген істен қорытынды шығаруыма септігін тигізді. Өмірдің мәні ақша, бедел, мансап емес, отбасы, ошақ қасы екенін ұғындырды. Басында Алматы қаласындағы колониялардың бірінде отырған едім. Бір жыл бұрын мені Қызылжардың түзету мекемесіне ауыстырды.
Менің балапаным қазір не істеп жүр екен? Үлкен қыз болып қалған шығар. Қазақ: «балаң – бауыр етің», – деп бекер айтпаған. Құлынымның кішкентай күніндегі тәтті қылықтарын да көре алмадым. Мен қандай анамын? Мен анамын ба?! Барлық аналар сияқты бөбегімді мейірлене, құшырлана иіскей де алмаймын. Мен үшін өмірдің азабы осы. Егде жастағы ата-анамды қайғы-мұңға батырып, ұятты қылық жасадым. Әрбір ата-ана баласы үшін алаңдап, сары уайымға салынады. Жақындарымды жерге қаратқаным үшін олардан кешірім сұраймын. Әттең, бәрін кеш түсіндім.
Біздің «екінші үйіміз» болып кеткен тар қапаста әлі бес жыл отыруға тура келеді. Сырттағы адамдарға жылыстап жылдар тез өтіп жатқан болуы керек. Олар өмірдің бейқам тіршілігімен сабылып, күндегі шаруасымен әлек. Ал, біздер үшін уақыт тоқтап қалған сияқты. Бірақ, әйелдер колониясындағы тігін цехын көңілге медет қыламыз. Цехта біз түрлі киім-кешек тігеміз. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Бұл тігін цехына жұмысқа орналасқаныма үш ай болды. Тігіншіліктен менің хабарым жоқ еді. Алайда, өмір өз ырқына көндіріп, осыған бейімдеп, қолыма ине мен жіп ұстатты. Жұмысқа орналаспас бұрын 9 ай оқыту курсында тігін тігуді үйрендім. Бізге технолог мамандар сабақ берді. Тас құрсауда отырсам да, адал еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Қатал тағдырды жазғыра берудің реті келмес. Болған іс болды. Өтті, кетті. Енді артқа қарайлаудың не қажеті бар. Керісінше, жасаған қателіктеріміз сабақ болып, алға қарай жүруіміз керек. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Алдағы күндер сен үшін бұлыңғыр болса да, жарқын болашаққа ұмтылған жөн. Бәрі өзімізге байланысты. Мен отбасым үшін өмір сүруім қажет. Отбасыммен бірге жалған дүниенің жақсылығын көруге ұмтылуым керек. Иә, қазіргі құлшынысым – отбасым. Бірақ, ертең қызымның бетіне қалай қарамақпын. «Мама, сен осыншама уақыт қайда болдың?» – десе, қайтіп жауап бермекпін. Жүрегімді тілгілейтін де осы бір сауал. Қазіргі таңда Сәуле 6 жас-та. Оның алғаш мектеп табалдырығын аттағанын көре алмадым. Барлық аналар сияқты қолынан жетектеп, мектепке де апара алмадым. Ата-анам қазір Қостанай қаласында тұрады. Менен кейінгі інім бар. Күйеуім мен туыстарым ара-тұра түрмеге келіп, сәлем-сауқат жеткізеді. Бірақ, үміт отын маздататын Сәулемді бір көруге зармын. Оны көрмегелі де үш жылдың жүзі болды.
Қасымда менімен шамалас қыз-келіншектер бар. Олар да жаза басып, опық жегендер. Түрлі қылмыстық әрекеттері бойынша темір торға қамалған әйелдердің тағдыры әртүрлі. Бірі істеген ісіне өкінсе, келесі біреуіне бұл үйреншікті жағдай. Әйтеуір, өзім мұнда бос отырғым келмейді. Тәрбиелік маңызы бар шаралардың бәрінің басы-қасынан табыламын. Мерекелерде театрландырылған көріністер қоямыз. Дегенмен, қамауда отырғанның несі жақсы. Әйтеуір, ит тірлікте өлместің күйін кешіп жүргеніме тәубе деймін.
Мұндағылар жақсы тәртібім үшін мерзімінен бұрын босатылуым мүмкін екенін де айтуда. Енді екі жылдан соң бостандыққа шықсам деп үміттенемін. Ұшқан құстың қанаты талатын сайын дала Сарыарқамның төсінде кең тыныс-тасам арманым болмас еді. Қазір мен үшін осы кең даламның самал желі де таңсық. Тезірек отбасыммен қауышып, жаңа өмірімді бастасам деймін. Сол күнге Алла аман-есен жеткізсе екен. Әлі де кеш емес. Туған елімнің гүлденуі жолында еңбек етсем. Әйтеуір, мына аласапыран қоғам, айналамдағы адамдар маған деген сенімін жоғалтпаса екен.
Арамызда мен сияқты жаза басқан тағдырлар көп болмаса екен. Қылмыс әлемінде атым шығып, қазақы тәрбиеге сызат түсіргеніме ұяламын. Өзімнің істеген ісіме қатты өкінемін және жан-жүрегіммен осы егіліп отырғаным өзгелерге де сабақ болады ғой деп ойлаймын.
Міне, Сәулешімнің суретін қолыма алып, ары мен жаны таза, санасы уланбаған, жүрегін кір шалмаған құлыншағымның жәудір жанарынан көз алмай отырмын. Балдәурен балалық шағында ана махаббатына бөлене алмаған бейкүнә жанның обалына қалғаным ба?!.

Әңгімені жазып алған журналист
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар