Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Желтоқсанда жабырқаған - АРҚА АЖАРЫ

Желтоқсанда жабырқаған

 суретші жаны елдік тақырыптарды ұнатады

 

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы, суретші Әділбай Шүйінішев үшін желтоқсан айы  ерекше ай саналады. Бұлай болатын себебі, 1986 жылы қазақ жастарының кеңестік тоталитарлық жүйеге тұңғыш рет ашық қарсы шығуы түрінде көрінген желтоқсан көтерілісінің, 1991 жылы желтоқсанда еліміздің тәуелсіздік алуының осы аймен тұспа-тұс келуінен болса керек.

 

Бүгінде тарихтан бағасын алған Желтоқсан көтерілісі ол үшін жәй тарихи оқиға емес. Сол тұста ҚазПИ-дің көркемсурет графика факультетінің студенті Әділбай Шүйінішев Желтоқсан көтерілісінің бел ортасында болып, кеңестік өктем саясатқа қарсы ашық дауыс көтерген жастардың арасында жүрді. Өрт сөндіргіш машиналардың көмегімен су шашып, онан кейін сапер күректерімен ұрып-соғып жас-тарды қуып таратқан сарбаздар мен құқық органы қызметкерлері коммунистік жүйеге батылы барып қарсы шыққандарды аулауға кірісті. Алаңға барған жүздеген жастар құрыққа түсіп, қамауға алынды. Қамауға алынғандардың арасында Әділбай да бар еді. Үш күн бойы ұрып-соғып тергеп, жасамаған «қылмыстарын» мойындатпақ болғандарынан ештеңе шықпаған соң оны амалсыз босатқан. Бірақ жәй босатып жібермей, оқу орнына хабарлап, алаңға барып заңсыз шеруге қатысқан бұзақы ретінде қатаң шара қолдануды сұрап хат жазды. «Шаш ал десе, бас алуға» әзір тұратын институттың шолақ белсенділері құқық органдарынан тізімі келген студенттерді түгел оқудан шығарды. Осылайша, ҚазПИ-дің үшінші курс студенті Әділбай Шүйінішев  қоғамға қауіп төндіретін адам ретінде оқудан шығарылды.
Арада екі жыл өткенде, 1988 жылы халықаралық қауымдастықтың ықпалымен коммунистік жүйе Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтауға мәжбүр болып, соның арқасында ол институттағы оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік алды.  Оқу бітірген соң жолдамамен Көкшетауға келіп, өз мамандығы бойынша алғашында мектепке мұғалім болса, кейінірек жоғары оқу орнында оқытушы болып қызмет істеді.
– Соңғы жылдары халқымыздың ұлы тұлғаларының портреттерін салуды қолға алып жүрмін, – дейді суретші. Ол салған Абылай ханның, Шоқанның әжесі Айғаным ханшаның суреттері көрермен тарапынан оң бағасын алды. Халық аңыздары мен жырларының кейіпкерлерінің бейнесін салуға да көп көңіл бөледі. Қобыланды батырдың жары сұлу Құртқа мен тұлпары Тайбурылдың суреті көркемдігімен де, ұлттық реңкімен де ерекшеленетін тамаша туындылар.
Өкінішке орай, халыққа қажет осындай өнер туындыларын дүниеге әкелетін суретшілердің Көкшетауда арнайы шеберханалары жоқ. Ол суретті үйде салып, балконда немесе гаражда сақтайды. Дұрыс жағдай болмағандықтан, кейбір портреттерінің бүлініп кеткен жайлары да болды.
Кең дала, көгілдір ашық аспан, ақ шағаладай аппақ отау, жайылған мал – бұл оның соңғы салған «Дала» деп аталатын туындысы. Суреттен туған жерге, елге деген сүйіспеншілік, туған жердің табиғатына, тарихына деген құрмет  анық аңғарылатындай. Бір кезде елінің тәуелсіздігі үшін өктем жүйеге басын тәуекелге байлап қарсы шыққан жас, бүгінгі ұстаз, суретшінің өзінің елі мен жеріне деген перзенттік сезімін осы туындысынан анық байқауға болатындай.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар