Осы аптада шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты аясында Көкшетаудың «Арланы» «Теміртау» командасын қабылдап, алғашқы ойында 2:4 есебімен ұтылса, келесі күні 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші күні теміртаулықтар бірден шабуылға шықты. Мұндай тегеурінді күтпеген біздің ойыншылар абыржып қалды. Бұл өз нәтижесін беріп, бірінші кезеңнің соңында теміртаулық Антон Соколов есеп ашты. Ойынның екінші кезеңінде Валерий Павлов есепті теңестіргенмен, қарсыластар тағы да басымдық көрсетті. Сөйтіп, кездесуді 2:4 есебімен өз пайдаларына шешті. Ал, келесі күні «Арлан» түлеп сала берді. Жеңілістен сабақ алған болуы керек, «Теміртау» командасының қақпасына шайбаны бірінен соң бірін тоғытты. Осылайша Биезайс Элвис, Антон Казанцев, Владислав Колесников, Антон Пет-ров және Артем Безруковтың шеберліктерінің арқасында ойын ақмолалықтардың ірі жеңісімен аяқталды. Есеп 6:0.
Әзірше 105 ұпай жинаған Көкшетаудың «Арлан» хоккей командасы турнир кестесінде көш бастап тұр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.