Ауданымызда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың туған күні атап өтілді. Соңғы жылдары бұл игі іс өңірімізде кеңінен қолға алынып, жақсы үрдіске айналып келеді.
Бурабай кентіне қарасты Оқжетпес ауылының мәдениет үйінде Мәуліт тойы мерекелік шарамен басталды. Қаңтардың қақаған аязы мен бораған боранына қарамастан, салтанатты шараға қатысып, көзбен көреміз, игілікті істің куәсі боламыз дегендерді аудан басшылығы төрт автобуспен орталықтан Оқжетпес ауылына тегін жеткізді. Оқжетпес мәдениет үйінің залы елді мекендерден, облыстан, аудан орталығынан келген меймандарға лық толды. Ең алдымен, үлкен экраннан салауат айтылып, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз жайлы бейнекөріністер көрсетілді.
Облыстық Науан Хазірет атындағы мешіттің наиб имамы Азамат Тілеуліұлы құттықтау сөзінде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өмір сүрген уақытына кезең-кезеңімен тоқталып, уағыз-насихат айтты. Сөз соңында барлық мұсылман жамағатты мерекелерімен құттықтап, бурабайлықтардың Мәуліт мерекесін кең ауқымда ұйымдастыруды үрдіске айналдырып келе жатқанына ризашылығын білдірді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов Алла тағаланың жер бетіне жіберген елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың өміріне тоқталып, хикметтерінен үзінділер келтірді. Аудан әкімінің және де өзінің атынан жамағатты Мәуліт мейрамымен құттықтады. Аудандық мешіттің белсенді намазхан азаматтары дайындаған көрініс те көпшілік көңілінен шықты. Шешен-ингуш орталығының өкілдері ұлы пайғамбарымызға арнап салауат оқыды. Концерттен кейін Бурабай аудандық мешітінің бас имамы Жаслан Ертихалов барлық мұсылман жамағатқа, осы кештің әсерлі де мазмұнды өтуіне мүмкіндіктерінше атсалысқан шығармашыл жастарға ризашылығын білдірді.
Қала орталығындағы «Сәтті» мейрамханасында Пайғамбарымыздың туған күніне орай, аудан әкімі Төлеген Тәшмағамбетовтың бастамасы және жергілікті азаматтардың қолдауымен жүз елу адамға құдайы ас берілді.
Жеңіс КӘРІПТЕГІ.
Бурабай ауданы.