Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Діни ғұрып кезінде суға шомылған қазақтар - АРҚА АЖАРЫ

Діни ғұрып кезінде суға шомылған қазақтар

Биыл православие христиандарының шоқыну күні қыстың қақаған аязында Қопа көліне барып, суға шомылған қандастарымыздың қатары аз болмады. Мұны қалай түсінсек екен?!.

Бесін намазының алдында мешіттің ауласында бір қажы атамыз: «Мұздың бір жерін крест түрінде ойып, оған хрис-тиандар шомылса, екінші жағын кәдімгі ай пішінінде ойған көрінеді. Ол, әрине, қазақтарға арналыпты. «Мұсылмандар, сендер мынау крест болып ойылған жерге түскілерің келмесе, анау ай болып ойылған жерге түсе беріңдер. Бүгін күнәларыңнан тазаратын күн, бүгінгі судың дерттеріңе шипа болатын ерекше қасиеті бар», – деп діннен, салт-дәстүрімізден білімі таяз бауырларымызды адастырып жатыр», деп реніш білдірді.
Сөзінің анық-қанығына көз жеткізейін деп көл жағасына барғым-ақ келген. Күнделікті қарбалас күйбеңмен бара алмай қалдым. Кешкісін көгілдір экраннан әнші Қайрат Нұртастың «Ем болсын, ем болсын!» деп мұздай суға сүңгіп жатқан бейнебаянын  жаңалықтардан көрсетіп жатты. Тыңдармандар әншінің бұл қылығын сөгіп, ренжіп оның әлеуметтік желідегі парақшасына мыңнан астам пікір білдірді. Ал, Қайрат болса, «Әлһамдулилла, мұсылманмын! Бұл видеоның дінге де, христиан мерекесіне де түк қатысы жоқ» деп ақталды. Мейлі, басқа күні түссе түсе берсін. Бірақ, дәл осы күні «Ем болсын, ем болсын!» деп суға қайта-қайта сүңгігеніне не жорық?!
Қажының күндіз айтқанын көзіммен көріп қайтайын деп  кеш болса да, Қопаның жағасына бардым. Сәл кешігіп қалыппын. Ойылған мұзды жауып тастапты. Бірақ, әлі суға түскісі келген адам қарасы азаяр емес. Келіп жатыр. Кешіккеніне өкініп, кетіп жатыр. Алдымнан сондай бір үш қазақтың жігіті шықты. Үлкендеуін сөзге тартып едім, өзін Мұрат деп таныстырды. Айтуынша, жылда келіп суға түседі екен. Орысшалау тәрбиеленген жігіт пе десем, қазақшаға судай. «Біздің дінімізге жат, дәстүрімізде жоқ нәрсе ғой. Неге түсесің?» – дедім. Ол «спортшымын ғой, маған бәрібір», –  деді. «Жарайды, солай-ақ болсын, неге бүгін түскің келді, басқа күні келмедің бе? Әлде, христиансың ба?» – деп төтесінен қойылған сұрағыма үндемей күмілжи берді…
Сол маңайда жүрген құтқарушы бригаданың құрамындағы қазақ жігітінен «мұзды қазақтарға арнап ай пішінінде де ойды ма?» – деп сұрап едім, өзіме тарпа бас салды: «Мұсылмандар шоқынады деп кім айтты саған?! Міне, ойылған мұздың орны. Ешқандай ай пішінде емес. Кәдімгі крест қылып ойған. Бірақ, сен сияқты суға түскісі келген қазақтар толып жатыр». Суға түсуге емес, өзімнің басқа мақсатпен келгенімді, журналист екенімді айтып едім, әңгімелесуден бас тартты.  
Бұл туралы облысымыздың бас имамы Қанат Қыдырмин: – Әрине, өз денсаулығы үшін суға түсіп, шынығып жүрген адамдар бар. Олардікін біз теріс дей алмаймыз. Бірақ, мұсылмандар дәл осы күні суға түспегені абзал болар еді. Бұл ғибадат мақсатымен түскен болып саналады. Бұл туралы тіпті, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың хадисі де бар. Ол: «Кім бір қауымға ұқсағысы келсе, ол – солардан!» деген, – деп өз ойын білдірді.
Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар