Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерейментау даласындағы дүрбелең - АРҚА АЖАРЫ

Ерейментау даласындағы дүрбелең

Ақ патша мен төңкерісшіл қызылдар билігіне тап болған тұстары қазақ халқы көп қиянатты басынан кешірді. Бодан елдің әбден әлсіреп, абдыраған кезі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы жазылған тарихи құжаттарда айқын байқалады.

 

Сол қанталапайда талан-таражға түскен жан мен малда есеп болмаған. Жер жәннаты Жетісу мен қырғыз еліндегі бұл дүрбелеңді көзімен көрген Алаштың ардақтысы, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, Ресей Думасының мүшесі Мұхаметжан Тынышпаев Ресей Үкіметінің төрағасы, адмирал А.В. Колчакқа қазақ-қырғыздың тіршілік мәселесін шешуге көмектесу жөніндегі өтініш хатында мынаны баяндаған:
«…После двухмесячных боев повстанцы, преследуемые карательными отрядами, свыше 200 000 душ обоега пола (около 20%) бежали в октябре месяце через снеговые горы в китайские провинции. …На местах восстания и зимовки, оставшееся имущество беженцев было сожжено, уничтожено, разграблено, отбитый скот конфис-кован…».
Ал, ақтар жеңілген кезде оның орнына келген большевиктердің істеген ісі одан да сорақы болған: «… Когда в июне 1918 года до киргизов Лепсинского и Капальского уездов дошло известие о перевороте в Сибири – Степь зашевелилась. Это обстоятельство еще больше разозлило красных и они принялись за массовое убийство безоружных киргизов. …Так, в пяти Садыровских волостях Лепсинского уезда убито было свыше 5 000 киргиз, а во всем уезде около 8 000 человек».
Қаныпезер төңкерісшіл биліктің бишігін ұстағандар бейбіт халықты айтқандарынан шығармау үшін құдай жақтамайтын бар қиянатты жасап баққан. Бұл сергелдеңді әділетсіз түрде ант бұзған Николай патшаның июнь жарлығына қарсы көтерілген Ереймендегі Қанжығалы баласы да тегіс басынан өткерді.
Алпысыншы  жылдар ішінде Ақмолаға арнайы ат басын тіреген қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов та барлық ұсынылған аудандардан бас тартып, неге тек Ерейменді ғана жөн көргенін біздің елдің сол кездегі үлкендері іштей  жақсы сезіп еді. Әңгімелескен адамдардың ішінде бірге болған әкем Сәлкен бас қонақтың бар ынта-жігері қарт сардар Бөгенбай батырдың ерлік жолдары, сосын Ереймендегі аты шулы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы мәліметтерге ауғанын айтып келгені әлі күнге есімізде.
Сонда халқымыздың ардақтысы Сәбит Мұқанов өзінің ұлы бабасы Қожаберген жыраудың Бөгенбай батырға көрсеткен сенімі мен берген батасын Мәшһүр Жүсіптің «Даналарға» деген өлеңі арқылы жатқа айтып беріпті:
Бабадан Қожаберген бата алған,
Бөгенбай Қанжығалы сардар болған.
Ел қорғап, қамал бұзып, даңқы шығып,
Оған да аруақ пен бақыт қонған.
Қожаберген батыр көзі тірісінде Керей елінің мерейі әрі бар қазақтың қошемет-құрметіне бөленген таңдаулылардың бірі болыпты деседі. Жас та болса ерлігі дүйім жұртқа мәлім Бөгенбайдың Әз-Тәукенің бас батыры болуын алдымен қолдаған ол сахара беделділерінің бел ортасында  жүрген. Тіпті, ақтабан шұбырындыда жоңғардың жойқын шабуылынан бой тасалаған хан-сұлтандарды қатты мінеп, сынаған.
Бөгенбай қарадан шықса да, хан-сұлтандардан басы биік, қадір-қасиеті жоғары болған. Бірде-бір қазақ батыры ол сияқты Тәуке ханның заманында үш жүздің әскеріне сардар болмаған. Қос Жәнібек, Қабанбай, Олжабайлар Абылайдың тұсында ғана белгілі болған.
Қанжығалы қарт Бөгенбай Әз-Тәуке, Әбілхайыр, Болат, Сәмеке, Абылай тұсында абыройы асқақ, даңқы бүкіл қазақ даласына әбден мәшһүр болған кісі. Бұхар жыраудың «Батыр шыққан даңқынан» деуі бекер емес.
Төреден Әйтеке би  безін деді,
Келді ғой көсем  сайлар кезің деді.
Қазақты батыр-көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.

Төрелер Әз-Тәукедей бола алмады,
Оларға қазақ көңілі тола алмады.
Сәмеке, Ғайып, Болат сатқын болып,
Кездейсоқ ел жағдайы оңалмады.

Батырлардың ағасы,
Қырықта жас шамасы.
Қамқор болар халыққа,
Бөгенбайдай данасы.

Қанжығалы Бөгенбай,
Алтын тонның жағасы.
Осы күнгі сардардың,
Бәрінен артық бағасы.
Әкемнің туған інісі Әлім Түгелбаев пен «Ерейментау» кеңшарының директоры Ахметжан Қанапиянов Сәбеңе жолсерік болған соң, құдайы қонақтың тілегі бойынша біздің елдегі 1916 жылы қиян-кескі соғыс өткен тау-тасты, орман-тоғайларды толық көрсеткен. Марқұм сол ағаларымыз білімді, орысшасы мен қазақшасы бірдей,  мейлінше өткір, ашық кісілер еді. Қиын кезеңнің өзінде ұлтшылдықты өздеріне мансап қылғандар олардың ығынан жүруге қаймығатын.
Ағам Әлім Түгелбаев өзінің «Естеліктер» атты кітабында Сәбит Мұқановтың сол жолы айтқан сөздерін бүгінгі ұрпаққа жақсы жеткізе білген. Ұлы жазушының бір аманатын: «… Би-батырлар мен әнші-серілер, шешендердің елі екенсіңдер, мол қазыналарыңды құрметтеңдер, сақтаңдар, ұрпаққа шырқын бұзбай жеткізудің қамын ойлаңдар. Күрделі оқиға болған жерлерге белгі қойыңдар деп ақыл-кеңес беріп аттанды» деп дәлме-дәл келтіреді.
Ереймен елінде болған кезінде жазушы Сәкен Сейфуллин, Шоқан Уәлиханов, Ақан сері мен Естай ақын сияқты қазақтың біртуар перзенттері  ат басын тіреген ұлы бабамыз Бөкеңнің мекені Қоржынкөлді де көріпті. Бұл жазбалардан сардардың шөбересі Саққұлақ бидің, Қазақстанның бас қариы болған Сәкен Қалпенің атасы Сәлменнің қорымына да арнайы барып, құран бағыштағанын оқып, білеміз.
Ағамыз 1916 жылғы Ереймен көтерілісінің басы-қасында болған, бес қаруы сай патша әскерін шығынға ұшыратып, зәре-құтын қашырған Бала Сыздық, Жанмолда, Жанайдар, Молдажан батырлардың ерліктерін үнемі сүйсіне айтып отыратын. Бұл оқиғаның желісіне алматылық меймандар айрықша мән берген. Сол делегация қатарында белгілі жазушы Жайық Бектұров пен «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінің бас редакторы Әнуар Ипмағамбетов та болған көрінеді. Сонда Сәбең Ерейменнің бір бөктеріне шығып, қатты шайқас болған жерді барлай қарап: «…Қазақтар қандай мықты стратег. Қарашы, шеп құрған жерлері атты әскерге маневр жасауға өте ыңғайлы екен. Осы жылдардағы арпалыс жөнінде өзім де ойлап жүр едім, жағдайларың келсе, соғыс болған жерлерді түгел көрсетіңдерші» деп таңданысын жасырмаған екен.
Ереймендегі бұл қантөгіс қазақ даласында ең ұзаққа созылған шайқастардың бірі болып табылады. Сырттан көмек келмесе де, көтерілісшілер  «Жалғыздың жақтасы жаппар Құдай» деп алған беттерінен қайтпапты. Қараша мен желтоқсанның  ызғары, толассыз соққан ақ боран мен сақылдаған сары аяз болмағанда көтеріліс қалай тынары белгісіз еді.  
Мұның бәрі Алтынтау, Жалпаққайың, Ақшоқы мен Төрежалынның тарихында ұмытылмастай таңбаланып қалды. Жанайдар, Молдажан, Жанмолда, Бала Сыздық, Иманғали сияқты қайсар жандардың ерліктері мен есімдері жұрттың сүйсіне тыңдайтын әңгімесіне айналды.
Сол жан алысып, жан беріскен тұс менің аяулы әжемнің әкемді дүниеге әкелген мезгілімен тұспа-тұс келген. Қарашаның алғашқы аптасында үдере көшкен кемпір мен шал, жас балалар мен әйелдердің ішінде ұлы анам Мәрия да болыпты. Жер бетін ақ қар жапқанда Ерейменнің Бозтал маңындағы Жаманқара деген жерде шыр етіп әкем – Сәлкен Түгелбаев дүние есігін ашады. Арба үстінде шиеттей үш бала отырған. Олар әкемнің апасы Рахила (Жақай), ағалары Мәден мен Әйтікен.
Жас ана жақын тұрған молаға барып жаны қиналып босанып, өз кіндігін өзі кескен. Бұл кезде атам, яғни, әкемнің әкесі Әуелі өзінің ағасы Әушақыммен бірге ереуілді  қолдаған жандармен патшаның жазалаушы әскеріне қарсы қиян-кескі ұрыстың бел ортасында жүрген-ді.
 Тоз-тоз болып  көшкен бейбіт елдің ақсақалдары Мәрияға «азаматтар жанын қиып жатқанда шаранаға не қарап тұр, осында  тастап кет. Мұндай сергелдеңде Құдай да кешіреді» депті. Бірақ, толғақтан есін жиған Мәрия бұл сөзге құлақ аспай, қос етек көйлегін жыртып, сәбидің мұрны мен көзін сүртіп, қымтап орап ап, тор төбелін жетектеп, бағыты белгісіз ұзақ жолға бет бұрыпты.
Ерейментаудағы қарулы үкіметтің әскерімен күш сынасқан сойқанда Қанжығалы елі көп боздақтарынан айырылды. Қарша жауған оқтан бүгінгі біздің елге танымал белгілі өнерпаздар әулеті – Қайрат, Ордабай, Баян, Жәнібектің аталары Өсіп мерт болады. Бізге ағайын боп келетін Қабыл деген кісі де тура келген ажал оғынан құтыла алмайды.
Жазалаушы әскердің меселін басқан көп ерлердің бірі – ұлы атамыз Әуелінің атына оқ тиіп,  омақаса құлағанда, сарбаздың аяғы шорт сынып кетеді. Содан бері сылтып басса да, батыр бабамыз 100 жасқа жуық  ғұмыр кешті. Бұл арпалыста екі жақтан да жарақат алмағандар саусақпен санарлықтай ғана еді.  
Ерейменнің бір тауы – Кеңасу арқылы жүрген ақ гвардияшылар жолдарындағы орман-тоғайларды, тал-шіліктерді өртеп отырған. Олар мұсылмандықты пір тұтқан елдің ағаштан қиып салған мешіттерін де түп-тамырымен жойып отыруды ұмытпапты. Қаратаудың бауырындағы Жақсылық бидің үйін, көптеген қыстауларды өртеп жіберген. Бұл жазалаушы отряд Омбы мен Ақмоладан арнайы алдырылған. Зеңбіректерін сүйрегендері Қанжығалы ереуілшілерін Қоржынкөл бағыты арқылы қоршауға алуды жобалайды.
Әкемнің бірге туған ағалары сол қысылтаяң  уақытта қара күздің ызғарлы суығынан ажал құшып,  жалғыз апасы Жақай екеуі ғана тірі қалады. Тек 10 жылдан кейін ғана дүниеге Әлім есімді інісі келген.
Сол бір қанды қырғында туған әкемнің бұдан кейінгі өмірі де оңай соққан жоқ. Ол 1928 жылғы ашықтан-ашық жасалған кәмпескені, 1932 жылғы ашаршылықты, 1937-1938 жылдардағы саяси қудалауды бастап кешіп, 1939 жылы әскерге алынып, фин, неміс пен жапон соғыстарына  түгел қатысты.
Әжем Мәрия орысшаға тілі келмей, «Понт жылы» деп бастайтын әңгімесін. Онысы «Бунт» дегені. Сөзге ұста болғасын, ертегі, мақал-мәтел, өлеңдерді жатқа айтқанда бір мүдірмеуші еді, жарықтық. Атам Әуелі керісінше, мінезі біртоға, дауысы зор, сөзге жоқ кісі еді. Кезінде патшаның «бунтари» деген айыбын арқалап, еркіндік жолында шыбын жанын шүберекке түйгендердің ішінде жүргеніне біртүрлі марқая түсетін.
 – Бауыр тауына қарай көшкенде толғағым қысып, біздің бағымызға сондағы болып жатқан сұмдықтан бейхабар мына жаман әкелерің өмірге келді ғой, – деуші еді немерелері, біздерге қарап көз жасын сүртіп. Әкеміз жымиып шешесінің әңгімесін бізбен бірге
тыңдайтын.
Қазақтың: «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзінде шындық бар. Зұлматы мен зобалаңы алма-кезек өмірде әкем Сәлкен мойыған жоқ. Ол Отаны, ата-анасы, ағайын-туыстары алдындағы борышын толығынан өтеді. Әкесі 98, ал, шешесі 90 жасқа таяу өмір сүрді. Екеуін де шешем Құснимен бірге арулап өз қолынан жөнелтті. Осы орайда мына бір ұмытылмас оқиғаны да айта кетудің реті келіп тұр.
Алпысыншы жылдардың ішінде дүние салған атамның жаназасына Алматыдан Қазақстанның сол кездегі дінбасы, заманында атамның  қанды көйлек жолдасы әрі жақын досы болған Сәкен қалпе келді. Сүйекке түскен діндар адам сыртқа шыққан соң, «осы үйдің келіні кім?» дегенде, сасқалақтап қалған ағайындар қазан-ошақтың басында жүрген анам Құсниды
жылдам алдына шақырып әкеледі. Сонда:
– Қарағым, көп жаса. Бала-шағаңның қызығын көр. Атаңды  жақсы күтіпсің, – деп әкем мен анама берген ақ батасы әлі күнге дейін біздің жанымызды сергітіп,  қуантумен келеді.
Ашаршылық жылдары әкем Сәлкен Әуеліұлы Ерейменде  жаңадан құрылған қой совхозында ата-анасымен бірге шопан болды. Исаев атындағы фермада жұмыс істеген балаң жігіт маңайындағыларға, сондай-ақ туған-туыстарына қамқорлықты молынан жасапты. Жалаң аяқ жүріп, қоздаған саулықтарды жалпақ тастардың үстіне сауып, ол сүт күннің көзінде ұйығаннан кейін түнге қарай арып-ашыққандарға таратып отырған.
Қатерлі 1937-1938 жылдар біздің шаңырақты да айналып өткен жоқ. Оның басты себебі, әкемнің туған нағашы апасы Сағадат Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитовтың жұбайы еді. Бір топ қазақ зиялыларымен бірге ол да ату жазасына кесілді. Сағадат сүйек жағынан да бізге бөтен емес. Ол Қанжығалының ішіндегі Жетірудың Қылшар атасынан тарайды. Өнген-өскен ортасы бүгінгі Аршалы ауданына қарасты жерлер.
Ардақты апамыз «халық жауының» әйелі болғандықтан, «АЛЖИР»-дегі бейкүнә жандармен бірге ұзақ жылдар бойы жазықсыз жазадан көз ашпады. Сталиндік қуғын-сүргінде оған тағылған айып бізді де айналып өтпепті. НКВД-ның жергілікті уәкілдері ол кісіге әжемнің  туыстығын бір сәт те ұмытпаған көрінеді. Әрбір сөзі, тұрмыс-тіршілігі үнемі аңдулы болса керек. Соғыстан жеңіспен оралған күннің өзінде де әкемнің жүріп-тұрған жерлері осыған «жауаптылардың» назарынан бірде-бір қалыс қалмаған. Осыны біліп майдан даласындағы өзі басынан өткерген шайқастарды екі қалың дәптерге тізіп әкелсе де, тексерістен әбден жүрегі шайлыққан інісі, ағасының ендігі тағдырынан қорқып, бір реті келгенде онысын отқа жағып жібергенін кейін ғана білдік. Өткенге  өкініш жүрмейді. Елді есеңгіреткен сол бір сергелдең енді қайтіп  қайталанбаса екен деп тілеуші еді олар.
…Патша әскері қолға түскен ереуілшілерді жаяу-жалпылап, Ақмола дуанына апарады. Ереуілге әртүрлі деңгейде басшылық жасаған 100-ге жуық адам екі ай бойы ауыр азапты бастан кешкен. Өлімге кесілгендері де аз емес. Содан 500 жігіт іріктеліп, Қызылжар арқылы тыл жұмысына жөнелтіліпті.
Кейін Ерейменді мекендеген қазақ-орыстардың кейбірі 1918 жылы Ақмолада Сәкен Сейфуллин мен Захар Катченко құрған Совдептің құрамына енеді. Олар Баймағамбет Жайнақов пен Иван Гниненко. Соңғысы біздің елге 1899 жылы Харковь губерниясынан қоныс аударған.
Адмирал Колчактың төңкерісінен кейін Иван мен Баймағамбет Сәкен Сейфуллинмен бірге «Анненковтың өлім вагонының» бар азабын көрген. Гниненко 1919 жылы Омбының түрмесінен қашып, Ерейментаудың Шәкей  ауылының жанындағы тау-тоғайды паналап ғұмыр кешіпті деседі. Бірақ, қызылдардың екпініне шыдамаған ақ гвардияшылар Қытайға бет бұрған жолдарында Ерейментаудың елді мекендерін тонап, революцияны жақтаған адамдарды аяусыз жазалаумен болған. 1921 жылы И.М.Гниненконы да осындай пиғылмен Қарашат тауындағы тоғайда қолға түсіріп, айуандықпен  қылыштап өлтірген. Олар жалғыз бұл жолы ғана емес, кейін де Қаратал ауылында партия ұйымының мүшесі болған Михаил Шевелевті осылайша оқ шығармай, қылышпен боршалап тастаған.
Сәкен Сейфуллиннің Қанжығалының Жолымбет атасынан шыққан қимас досы Баймағамбет Жайнақовқа келсек, ол  Көкшетау абақтысынан елге оралмапты. Топырағының бұйырған жері осы өңір.
Екі жақтың теке-тіресі тұсында Ерейменде мектеп ашып, білім дәнін еге бастаған алғашқы қызыл мұғалім, Қанжығалының Нияз бабасының бір ұрпағы Әлиасқар Мәрин де аңдушы жақтың қолынан қапылыста қаза табады.
1916 жылдан, бәлкім, одан да бұрын басталған аумалы-төкпелі заманның әу-жайы міне, осындай болған. Ауыртпалығы мол сындарлы сағатта, Қанжығалы елін мұздай құрсанған, күші мен қаруы басым жауға қарсы күреске бастаған Молдажан, Жанайдар, Бала Сыздық, Жанмолда сияқты жаужүрек ерлер бүгінгі тәуелсіздікті осылай аңсаған.  Бұл орайда, ұлы жазушы Сәбит Мұқановтың сол бір аманат сөзіне тағы бір тоқталғым келеді. Ол елдің азаматтарына Ереймендегі 1916 жылғы көтеріліске арнайы белгі тас қоюды мықтап тапсырған. Бұған әлі де кеш емес. Ескерткіш Ерейментау ауданының кіре берісіндегі маңдай таулардың басында тұрса, құба-құп. Бәрі болмағанмен, ол тасқа қол бастаған айтулы ерлердің есімдері жазылса, мұның өзі 2016 жылы ел тәуелсіздігіне 25 жыл, Желтоқсан оқиғасына  30 жыл, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне бір ғасыр толатын тарихи оқиғаларға көрсеткен терең құрметіміз, ұрпаққа қалдыратын ұмытылмас өнегелі ісіміз болар еді.
Батыстың ғұлама ойшылы Жан Жорестің тарих туралы: «Біз өткен өмірден күл-қоқысты емес, от пен жалынды алуымыз керек» деген рухы күшті пікірі билік басындағы азаматтарға ой салады деп ойлаймын.
Кеңес дәуірінде 1979 жылы Қазақстанда «неміс автономиясын құру» мәселесі көтерілгенде, Ереймен елі тағы да дүрлікті.  Себебі, сол тұстағы саясат пен жағрапияны кесіп-пішкендер оларға осы қасиетті жерді ойып бермек болған. Ерейменнің бір шеті Ақмола, бір шеті Қарағанды, келесі шеті Көкше, Ертіс, Омбы. Табиғаты сұлу, өзен-көлі көп жердің аңдысын аңдығандар тек бір ғана мәселені ескермеген. Ол ұлы тарих. Қазақтың рухы биік, мінезі өршіл нағыз ұлы батырлары Бөгенбай, Жантай, Досай, Атанның ұрпақтары  мекендеген елді елемегендері ақыры,  оларды оңбай сүріндіргені белгілі.
Сол дәуірде Ерейментау ауданын ұзақ жылдар бойы басқарған Жетісу өңірінің тумасы Төлеген Ошағановтың сөзімен айтсақ: «Олар аруақты Қанжығалы Бөгенбай батырдың қатты кәріне ұшырады. Ерейменнің шынайы иесі ұрпағына жақ болып, жауының мысын басқан шым-шытырық оқиға оты лапылдап жанып, әрең дегенде басылып еді. Көп жастар оқудан, басшылар жұмыстан қудаланғаны елді аз үрейлендірген жоқ».
Кеңес үкіметі басшыларының «неміс автономиясы» жөнінен жіберген қателіктерін таратып жазған «Арқа ажары» газетінің бұрынғы қызметкері, белгілі қаламгер  Амантай Кәкен де өз кітабында осы оқиғаға жан-жақты түсініктеме берген. Батыр бабаларының ерлікке толы өнегелі істерімен рухтанған елдің үлкен-кішісі бұл қисынсыз шешімге жан-тәнімен қарсы болғаны мұрағат құжаттарымен де дәйектеле түседі.
Сол кездегі Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Морозов өзінің «Взгляд в прошлое» деген естелігінде «неміс автономиясының» сәті түспегенін өзінше түйіндеген: «… В республике есть три святые места казахов. Это Абайский район, где родились гиганты казахской литературы – Абай Кунанбаев и Мухтар Ауезов. Джамбульский район – родина народного акына Джамбула Джабаева и Каркаралинские, Ерейментауские степи – родина казахского национального героя – Богенбая. Отдать Каркаралы и Ерейментау – это вырвать сердце у казахов». Осы кітабында ол қиын шақта өзінің дұрыс таңдау жасағанына да ризалығын білдірген: «…Я рад, что в те тревожные дни занял единственно  – правильную, твердую позицию, сделал все, что было в моих силах, чтобы ошибочное решение не состоялось».
Ақмола облысына бертін басшы болған Андрей Браун да «Моя жизнь» кітабында бұл дүбірлі оқиғаны айналып өтпеген. «Делалось все, как всегда: секретно, топорно, без учета мнения местного населения, не учитывая такой важный фактор, что земли Ерейментауского района имели историческое значение для казахов. Именно в этих местах родился народный батыр Богенбай, великий полководец казахов ХVІІІ века».
Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың тойы Ереймен жерінде ойдағыдай өтуіне 1991 жылы нақ осы кісінің  басшылық жасағанын да біз тарихтан жақсы білеміз.
КНБ-ның құпия ақпаратында 1979 жылдың июнь айының 16-20 жұлдызында Ақмола өңірінің тумалары Жұмабек Тәшенев пен Сабыр Ниязбековтің де осы біздің елде болғаны туралы хабарланған. Жастарға жалын берген деп Олжас Сүлейменовке де айып тағылған. Қазақтың өр рухты ақыны Хамит Ерғалиев бұл оқиғаны «Ақмола көтерілісі» деп бағалаған.
Нағыз ерлік қашанда  шынайы патриоттық сезімнен, туған елге, жерге деген сүйіспеншіліктен туады. Оны сезіне білгендер шынымен, бақытты адамдар. Ендеше, өткенімізді бағалап, жақсы мен жайсаңдарымызды ұмытпайық.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстаннның құрметті журналисі.

Астана.

Суреттерде: Ереймен өңіріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі  басшыларының бірі болған  Жанайдар ақсақал; сол бір ел басына күн туған кезеңде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар