Елімізде тек соңғы бір аптаның ішінде ғана дүние есігін жаңа ашқан бейкүнә сәбилерге қатысты бірнеше сорақы оқиғалар орын алды.
Мұның өзі осыны естіп білген қалың жұртшылық арасында үлкен пікір туғызды.
Мұндай келеңсіз жағдай өкінішке орай, біздің облысымызда да орын алғанын айтпасқа лажымыз жоқ.
Қаңтардың 19-ы күні Целиноград аудандық ішкі істер бөліміне белгісіз азаматша көшеде картон қорапқа салынған сәбиді байқағанын айтып хабарласады. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері қораптағы нәрестені тауып алады. Абырой болғанда, сәби аман. Ол жедел ауруханаға жеткізіліп, күтім жасалған. Полиция уақыт өткізбей, естір құлаққа сұмдық әрекетке барған әйелді іздеуге кіріседі. Кінәлі алыста емес екен, тапқан сәбиін қорапқа салып, көшеге тастаған басқа емес, полицияға телефон шалған келіншектің өзі болып шықты. Қазір ол да, нәрестесі де ауруханада дәрігерлердің бақылауында ұсталуда.
Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің
баспасөз қызметі.