Осылай деуге болатын Әлішер Қинуарбек Австрияның Инсбрук қаласында өткен VІІ қысқы халықаралық балалар ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды.
Онда тау шаңғысы, биатлон, шаңғы, мәнерлеп сырғанау, коньки, хоккей, фристайл, сноуборд сияқты спорттың сегіз түрінен жеңімпаздар анықталды. Ауқымды жарысқа әлемнің 22 елінен 12-15 жас аралығындағы 800-ге жуық жас спортшы қатысты. Осы байрақты бәсекеде Ақмола облысының үкілеп қосқан үміті Әлішер Қинуарбек бәріміздің сенімімізді ақтап, шаңғы жарысында жеке спринтте қола медальдің иесі атанды. Ол Қазақстан құрама командасының мүшелерімен бірге спорттың осы түрінен эстафета жарысында да жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал, классикалық сайыста мәре сызығын бесінші болып қиды.
Әлішер бұған дейін шаңғы спортынан Қазақстан чемпионатында да ерекше көзге түсіп, бас жүлдегер атанған болатын. Енді міне, халықаралық деңгейде де тамаша өнер көрсетіп, ел, облыс намысын ойдағыдай қорғап отыр. Жарқайың ауданы Тасөткел негізгі мектебінің 8 сынып оқушысы Әлішер Қинуарбектің бұл жетістігінде жаттықтырушысы Фарид Башмаковтың да үлкен үлесі бары сөзсіз. Жас спортшыға алдағы жарыстарында да тек қана табыс тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.