Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа заң мемлекеттік қызмет тетіктерін жетілдіре түседі - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа заң мемлекеттік қызмет тетіктерін жетілдіре түседі

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметті жаңғырту көзделген. Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңы күшіне енді. Осыған орай, біз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қуаныш Асылбекұлы Жапақовқа жолығып, жаңа заңның ерекшеліктері жайлы айтып беруін өтінген едік.

 

– Қуаныш Асылбекұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Жұмысыңызға табыс тілеймін. Енді қабылданған заңның ерекшелігі  жайында айтып өтсеңіз?
– Рахмет! «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңы 12 тараудан тұрады. Ол мемлекеттік қызметке қабылдау, оны атқару және босату мәселелерін жете реттейтін 69 баптан құралған. Атап айтсақ, заң мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалуына, қызметтік тәртіпке, мемлекеттік қызметшілердің әдебі және құқықтық жағдайына, «А» және «Б» корпустарының әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасу ерекшеліктеріне қатысты тараулардан тұрады.
Заңға тұжырымдамалық жаңалықтардан өзге, тәуелді актілердің нормалары енгендігін атап өткен жөн. Яғни, жылдар бойы өзгермеген нормалар Заң деңгейіне көшті. Мысалы, ант қабылдау мәселесі 21-бапқа, тәртіптік жаза қолдану тәртібі 44, 45-баптарға енген. Заңның нормалары саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен қатар, құқық қорғау қызметін атқаратын мемлекеттік қызметшілерге де қатысты болады. Сонымен қатар, бірінші рет «құзыреттілік», «қосымша сыйақы», үстемеақы», «төменгі лауазым» сияқты жаңа түсініктер енгізілді.
– Төменгі лауазым және үш кезеңдік іріктеу дегендерді қалай түсінеміз?
– Жаңа Заң құзыреттілік пен конкурстық тәсілдемеге негізделген қазақстандық мемлекеттік қызметтің негізгі қағидасы ретінде «мансап қуғыштықты» күшейтеді.Қызметте өсу үшін қандай да бір құзыреттілік, төменгі лауазымдардағы еңбек өтілі, сондай-ақ біліктілікті тұрақты арттыру қажет етіледі. Мемлекеттік қызметке алғаш түсуші тұлғалар үш кезеңдік іріктеуден өтуі тиіс. Олар қажетті құзыреттіліктің болуы және заңнаманы білуіне үміткерлерді тестілеу; департаменттің қорытынды беру арқылы үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалауы. Мұндай жеке қасиеттерге, атап айтсақ, тұтынушыға бағытталу, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, әдептілік, сапалық бағытталу жатады. Бұл үшін қазіргі таңда әзірленіп жатқан арнайы тестер қолданылады. Тестілеу нәтижесі бойынша қатысушылармен тестілеуді одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды. Үшіншісі, әрбір мемлекеттік органда әңгімелесу жүргізу арқылы бейінді білімі мен іскерлігі бойынша бағалау. Енгізілген жаңалықтарға сәйкес құқық қорғау қызметіне алғаш рет орналасатын азаматтар тестілеуді, соның ішінде жеке қасиеттерін анықтау бойынша тестілеуді департаменттен өтетіндігін ескерте кеткен жөн.
– Жаңа заңда сынақ мерзімі ұзартылған және мемлекеттік қызметке шетелдік менеджерлерді тарту көзделген. Осы туралы айтып берсеңіз.
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына міндетті сынақ мерзімі енгізілді, яғни 3+3 формуласы бойынша сынақтан өтуші тұлға тәлімгер бекіту арқылы үш айдан және алты айдан кейін сәйкестілікке тексеріледі. Бірінші үш айдың қорытындысымен қанағаттанарлықсыз нәтиже болған жағдайда, қызметшіні лауазымынан босату немесе сынақ мерзімін тағы үш айға созу туралы шешім қабылданады. Екінші үш айдың қорытындысы бойынша теріс нәтиже мемлекеттік қызметшіні лауазымынан босатуға әкеліп соғады. Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметке қабылдау тетіктерімен қатар, шетелдік менеджерлерді тарту қарастырылған. Ел Конституциясының талаптарын ескере отырып, олар мемлекеттік қызметке емес, еңбек заңнамасы шеңберінде келісім-шарт арқылы және штаттан тыс қызметке алынатын болады.
Оларды жұмысқа қабылдау тәртібі мен жағдайы заңға тәуелді актілермен реттеледі. Бұл ретте еліміздің егемендігін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді қорғау және жеке компаниялар мүдделерін жүзеге асыруды болдырмау мақсатында мұндай тұлғаларды тартуға шектеулер қарастырылады. Шетелдіктерді мемлекеттік аппаратқа тарту туралы нормаларды жүзеге асыру үшін ілеспе заңдарға, Еңбек Кодексіне, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңдарына өзгерістер енгізілді.
– Мемлекеттік қызметкерлерді аттестаттау, біліктіліктерін арттыру, қайта даярлау қалай өткізілмек?
– Өз кезегінде жаңа заңмен бұрынғы депутаттар, саяси қызметшілер, судьялардың Ұлттық комиссия шешімі бойынша  кадр резервіне қоюсыз және конкурстық іріктеусіз «А» және «Б» корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу тәртібі жеңілдетілді. Жоғары тиімді мемлекеттік аппарат құру қызметшілердің өз біліктіліктерін тұрақты түрде арттыруын қажет етеді. Осыған орай, үш жылда кемінде бір рет міндетті біліктілік арттыру қарастырылған. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілерді өзекті және тиімді оқытумен қамтамасыз ету үшін қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бағдарламаларының мазмұны тәжірибеге бағытталған болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруда аттестаттау және бағалау институты маңызды тетік болып табылады. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау бойынша тәсілдер түбегейлі өзгереді. Осылайша 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 3 жылдың қорытындысы бойынша қызметінде екі рет қанағаттанарлықсыз баға алған тұлғалар аттестаттауға жататын. Енді мұндай бағаны бірінші рет алған мемлекеттік қызметшіге өзінің кемшіліктерін арнайы жоспар шеңберінде түзетуге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте, қайтадан теріс баға алған жағдайда лауазымынан төмендету немесе босату туралы шешім қабылданатын болады.
– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары жаңа заңда қалай қорғалған?
– Жалпы заңның мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға бағытталғандығын ерекше атап өткім келеді. Мысалы, мүгедек, жүкті, он төрт жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-ана, мүгедек баласы бар, қарт ата-анасы бар мемлекеттік қызметшілерді ротациялау тек сол мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бұл жағдайлар құжат түрінде расталуы тиіс. Саяси мемлекеттік қызметшілер, жауапты хатшылар мен аппарат басшылары арасындағы өкілеттіктер ажыратылатын болады. Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу мемлекеттік қызметшілердің атқаратын жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижесіне сәйкес теңестірілген түрде бекітіледі. Осылайша, енді мемлекеттік қызметшілер өз жұмысының нәтижесі бойынша бонустар алады деп қарастырылуда. Еңбек демалысына, зейнетақылық және әлеуметтік қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шараларына, іссапар кезіндегі кепілдіктер мен өтемақыларға қатысты қолданыстағы нормалар сақталады.
– Әдеп жөніндегі кеңестің жалпы міндеті қандай?
– Мемлекеттік қызметшілердің өзін-өзі ұстауының әдептілік нормалары реттеледі. Атап айтсақ, заңмен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп сақтауы бойынша негізгі талаптары қарастырылған. Сондай-ақ, әдептіліктің нақты шеңберлері Әдеп кодексімен бекітіледі. Заңмен жаңа мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер түрі енгізілген, олар бұрын тәртіптік жауапкершілікке әкелетін сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттер болатын. Осыған орай, тәртіптік кеңестер жұмысы қайта қаралып, олар Әдеп жөніндегі кеңес деп аталды. Әдеп жөніндегі кеңестердің негізгі міндеті – мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңмен қарастырылған аталған әрекеттерге жол бергені үшін жауапкершіліктер түрі сақталады. Мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылған мемлекеттік қызметшілер алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Жоғарыда айтылған заңдар мемлекеттік қызметтегі жаңа тәсілдерді бекітетіндігін және аталған саладағы қолданыстағы құқықтық қарым-қатынасты жалғастыратындығын, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыратындығын, бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиімді жұмыс жасауға ықпал ететіндігін атап өткім келеді. Ұсынылған өзгерістер жоғары тиімді мемлекеттік аппаратты құруда маңызды қадам болады және Елбасының бес институционалдық реформасының сәтті жүзеге асырылуына өз үлесін қосады.
– Әңгімеңізге  рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар