Тәуелсіздік сарайынан Астана қаласындағы меншікті тілшіміз Талғат ҚАСЕН хабарлайды:
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс ХVІІ съезі өтті. Съезде партияның «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылдарға арналған
сайлауалды бағдарламасы қабылданып, биылғы жылдың 20 наурызында өтетін Қазақстан Респуб-
ликасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Сонымен қатар, съезд партия Саяси кеңесінің құрамындағы өзгерістерді қарады.
Съезге барлығы екі мыңнан астам адам қатысса, оның 611-і облыстардан сайланған делегаттар. Алқалы жиынға делегаттармен қатар, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің басшылары, білім, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері, қоғам, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов съезді кіріспе сөзбен ашқан соң негізгі баяндаманы Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жасады және партия алдына жаңа бағдарлама аясында бірқатар нақты міндеттер қойды.
Елбасы өз баяндамасында әлемде орын алып отырған қаржы дағдарысы, түрлі қақтығыстар мен шиеленістер белең алып тұрған қилы кезеңде мемлекетіміздің экономикасын одан әрі нығайтып, еліміздің даму стратегиясында белгіленген межелерге қалай қол жеткізу керектігі тұрғысында бірінші кезекте орындалуға тиісті істерді саралай келе, оларды оң шешудің сара жолдарын нақтылап берді.
– Әрине, әлемде орын алып отырған қаржы дағдарысы, мұнай бағасының күрт төмендеп кетуі, халықаралық жағдайдың ушығып тұрғандығы сынды мәселелер Қазақстанға да әсер етеді, – деді Елбасы өз сөзінде. – Әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі болғандықтан, онда болып жатқан өзгерістер, түрлі қиындықтар бізді де айналып өтпейді.
Біздің сайлауалды бағдарламамызда көрсетілгендей, әр халықтың өмірінде ұлттық мінез бітімінің барша қуатын таныту қажет етілетін кезеңдер болады. Осындай тағдыршешті кезең келді.
Өркениетаралық текетірес, бұрынғы тежемеліктің және тепе-теңдіктің ыдырауы міне, осының бәрі қазірдің өзінде азамат соғыстары мен қарулы қақтығыстардың жаңа ошақтарының оты өршуіне алып келді. Әлемдік экономика тағы да дағдарыс қыспағына түсті. Жер жүзінде болып жатқан тектоникалық өзгерістер тұтас мемлекеттердің күйреуіне соқтыруы мүмкін. Жаһандық сынақтар дәуірі әлсіз елдерді тарих күресініне ысырып тастайды. Міне, осындай заманда біз өз жолымызды айқындап, мүмкіндіктерімізді саралап, экономикамыздың алға басуын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбектенуіміз керек.
Алдымыздағы бес жыл Қазақстанның ХХІ ғасырдағы тағдыр-талайы қандай болатынын айқындайды. Біздің еліміздің беріктігі, біздің бәріміздің беріктігіміз сынға түсетін болады. Баршамызды елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
– Біздің міндетіміз елді сақтау, Егемендікті нығайту және ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу, – деді Елбасы одан әрі. – Біз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Біз оған қасқайып қарсы тұруға тиіспіз.
Президент бұл жолы да экономикамыз қарыштап алға басу үшін шағын және орта бизнесті дамыту керектігін баса айтты. Бұл орайда әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тек сауда-саттықпен шектеліп қалмай, халық тұтынатын сапалы да бағасы қолжетімді, бәсекелестікке төтеп бере алатын тауарлар шығару бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселелер қатарына жатады.
Бүгінгі таңда Қазақстан өзінің әлемдік қауымдастық алдындағы қаржылай міндеттемелерін ешқандай қиындықтарға қарамастан толық орындай алады. «Астана» қаржы орталығының ашылып, толыққанды жұмыс істей бастауы да көптеген мәселелерді оң шешуге ықпал етеді.
Баяндамада сондай-ақ, ауыл шаруашылығындағы ахуал, егістік және жайылымдық жерлер жайы да толық қамтылды.
– Жерді жалға беру де істің алға басуына сеп бола алады, – деді Президент. – Дегенмен, жалға алу бір басқа да, жердің нақты иесі болу бір басқа екендігін ұмытуға болмайды. Бұл арада «жерді шетелдіктерге сатады екен» деген үрей орынсыз. Ешкім, ешбір шетелдік ол жерді арқалап алып кетпейді. Өнім өндіреді, сатады, бюджетке салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Одан бізге зиян келмейді, тек пайда табамыз. Міне, осындай мәселелерді халыққа дұрыс түсіндіре білу керек. Бұл да партия алдында тұрған келелі міндеттердің бірі.
Президент бұдан соң қаржы дағдарысына, әсіресе, теңгенің долларға шаққандағы құнының төмендеп кетуіне байланысты
туындап отырған әңгімелерге назар аударды.Үрей тудыратын алып-қашпа әңгімелерге назар аударудың қажеті жоқ. Бағаның, оның ішінде күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасын сараптасақ, ешқандай күрт қымбаттау байқалмайды. Мәселен, базардағы бағаларға қарасақ, әзірге бей-берекет қымбаттаған ештеңе көрінбейді. Тіпті, кейбір тауар түрлері өткен жылдың осындай уақытымен салыстырғанда едәуір арзандаған. Біз керек заттарды теңгеге сатып аламыз. Долларды ұмытып, өз төл ақшамызбен өмір сүру керек.
Ал, енді ауылдық жерлерге келетін болсақ, мал өсіретін, бау-бақша егетін, жанұяда кем дегенде бір адам еңбек ететін отбасы үшін қандай қаржы дағдарысы болуы мүмкін. Рас, өзімізде өспейтін шетелдерден әкелінетін жеміс-жидектер сынды тауарлардың бағасы өсуі заңды құбылыс шығар. Ал, Қазақстанда шығарылатын тауарларды қымбаттату ақылға сыймайтын құбылыс.
Жалпы, осы уақытқа дейін теңгені қорғап, оны белгілі бір деңгейде ұстап тұру үшін қыруар қаржы жұмсағандығымыз белгілі. Ол да кезінде қажет болған саясат еді. Бірақ, нарықтық қатынастар жағдайында олай жалғаса беруі мүмкін емес. Тіпті, уақыт өте ондай саясат Ұлттық қордағы қаржының түгесілуіне апарып соғар еді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болады. Ал, Ұлттық қордың таусылуы жалпы экономикамыздың күйреуіне апарып соғады. Халық мұны білуге тиіс. Жаһандық қатерлерге жауап ретінде бізде іс-қимылдың нақты жоспары бар. Біз 5 институттық реформаны жүзеге асыруды межеледік. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын белгіледік. Осының бәрі жаһандық сын-қатерлерден мейлінше аз шығынмен шығуға бағытталған іс-шаралар.
Өз баяндамасында Президент сондай-ақ, халықаралық жағдайға, әлемдік экономикадағы келеңсіз құбылыстарға да терең тоқталды. Сайып келгенде, әлемде болып жатқан барлық өзгерістер, түрлі құбылыстар бізге әсерін тигізбей қоймайды.
Ендігі бір мәселе, ол ғылымды дамыту, жас ұрпаққа заман талаптарына сай білім беру. «Жақын болашақта әлемде бүгінгі күні мүмкін еместей көрінетін керемет жаңалықтар ашылатын болады. Түрлі роботтар, жаңа деңгейдегі «ақылды» компьютерлер білікті мамандарды қажет етеді. Біз соған дайын болуымыз керек. Өкінішке орай, әзірге біздегі жоғары оқу орындарының басым көпшілігі әлемдік стандарттарға сай келе бермейді. Сондықтан да, «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің озық оқу орындарына жастарымызды жібердік. Олардың біразы бүгінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Ел болашағы жастардың қолында екендігін ескеріп, оларды жаңа өмір талаптарына бүгіннен бастап даярлау керек. Сонда ғана біз өркениетті елдер қатарынан нық орын аламыз.
Баяндамасын түйіндей келе, Елбасы бәріміздің мүддеміз ортақ сондықтан, бірлігімізді сақтай отырып, жарқын болашаққа бастар жолды дұрыс таңдап, жұмыла іске кірісуіміз керек деді. «Нұр Отан» партиясы осы уақытқа дейін де өз міндеттерін толық орындап келді. Әлі де солай болады. Яғни, алдағы сайлауда халықтың жоғары сеніміне ие боламыз деген сенім бар.
Съезде сондай-ақ, партияның «Қазақстан -2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Аталған құжат 5 институттық реформа шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі бағыттарын ескере отырып әзірленген.
Съезд барысында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков,
Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры Бақыткүл Хаменова, Ақмола облысындағы «Родина агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС цехының аға шебері Күлбарам Кемалова, «Қазақдорстрой» ЖШС Солтүстік-Шығыс филиалының шебері Дмитрий Цурский, «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, тележурналист Майя Бекбаева сөз алды.
Сондай-ақ, съезде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітіліп, оған 127 адам енді. Олардың арасында біздің Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, өткен шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары Жексенбай Дүйсебаев, Сергей Дьяченко, Майра Айсина және «Родина агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр бар.
Осылайша «Нұр Отан» партиясы электоралдық науқанға дайын екендіктерін мәлімдеді.