Етікшілік – екінің бірі қолы бара бермейтін кәсіп. Шеберлік пен аса ыждағаттылықты қажет етеді. Бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды.
Сондай жандардың бірі – таңның атысынан күн батқанша біз бен тебенді жанына серік қылып жүрген көкшетаулық Сағдат Бекішев дер едік. Бұл кәсіпке кейбіреулер өзінше қырын қарап, етікші болудан арланса да, біздің кейіпкеріміз күнделікті нәпақасын осы мамандығының арқасында айырып отыр.
Оның аяқ киім жөндеумен айналысқанына 15 жылдың жүзі болыпты. Көкшетау қалалық ауруханасының маңында өзінің кішігірім дүңгіршегі де бар. Халық бұл жерді біліп алған. Тырбанып тіршілік еткенге тәңірдің де болысатыны анық. Мұны Сағдаттың жұмыс орнындағы жөндеуге сұранып тұрған бірнеше қысқы және жазғы аяқ киімдерден анық байқауға болады.
Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.