Қоянды орта мектебінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, «25 қайырымды іс» аясында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Өнерлілер – өңірлерге» акциясы болып өтті.
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесінде облысымыздың барлық шалғай аудандарында аталмыш акция шеңберінде жыл бойы көптеген концерттер мен көрмелер өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл мәдениет ошақтары жоқ елді мекен тұрғындары үшін бір сәт болса да өнердің нәрімен сусындауға таптырмайтын мүмкіндік. Қоянды орта мектебінің директоры Жәди Шәкенұлының айтуынша, игі шара оң септігін тигізбек. Себебі, жиырма мыңға жуық халқы бар ауылда бос уақытты тиімді өткізетін демалыс орны жоқтың қасы.
Осынау шараны тамашалауға ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары көптеп жиналды. Мұнда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Кенжебай Мұқышев, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жансұлу Мұқатаева өнер кешінің құрметті қонақтары болды. Әсем әндермен өрілген сырлы кештің шымылдығын әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Бақытбек Бекмұратұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі. Содан соң облыстық филармонияның әртістері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегерлері Жанат Есов пен Мереке Бекмағамбетов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Махаббат Мұхамеджанова мен Эльмира Төлеубаева, Серікболсын Бекмолдин, Сәрсенбай Хасенов, Эльмира Нысанбаева, Ләззат Ыдырысова, Алмаз Оразалин, сондай-ақ, халықаралық «Шабыт» өнерлі жастар фестивалінің лауреаты «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Ару» қобызшылар триосы, «Гәкку» би ансамблінің концерттік бағдарламасын көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Әншілер Ақан серінің «Балқадиша», Нияз серінің «Ой көк» сынды дәстүрлі қазақ әндерімен өнерсүйер қауымды тәнті етті. Кештің тамаша өткені жиналған қауымның қайта-қайта қол шапалақтағанынан да аңғарылды. Шара соңында ауыл әкімінің орынбасары Серікжан Инуар ұйымдастырушыларға тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Сонымен бірге, акция аясында жұртшылық облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Өлкенің асыл мұрасы» атты жылжымалы көрме экспозициясын тамашалады. Киіз және тоқымалы кілемдер, ағаштан жасалған бұйымдар, кестеленген тұскиіздер көрменің көркін ашты. Өз кезегінде жас шеберлер Рүстем Шәріпов, Мелжан Сыздықов пен Бақытгүл Зейнелдің туындылары өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тағы бір рет дәлелдей түсті.
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымының «Кітап – ауылға» керуені арқылы тұрғындар жаңа әдебиеттермен танысып, өздеріне ұнаған кітаптарды сыйға алды. Көрме сөресіне Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Баянғали Әлімжановтың «Деген екен…», Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің жүрек, сүйесің» сияқты кітаптары қойылды. Әдебиетке қызығушылық танытқан адамдардың қарасы көп болды.
Ырысгүл АШУОВА
Целиноград ауданы.