Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаяқтың ақыры - АРҚА АЖАРЫ

Алаяқтың ақыры

Қазақ «ұрлық түбі – қорлық» деп бекер айтпаған ғой. Дегенмен, халықтың осы даналығын қаперіне ала бермейтін пенделер аз емес. Жан қинамай мол олжаға кенелеміз деген үмітпен бір жасаған қателігін өмірде қайта-қайта жасап, опық жейтіндер баршылық.
Астана қаласының тұрғыны, орда бұзар отыз беске келген Андрей Серов та оңай жолмен мол олжаға қарық боламын деген жалған үмітке алданған жандардың бірі. Әйелі, екі баласы бар отбасылы азамат оңай олжа табамын деп құқық қорғаушылардың құрығына түсіп, бес жылға сотталған. Бірақ, жазасын өтеп шыққан соң да тәубесіне келмей, оңай олжа табу ниетінен қайтпағанын өмір көрсетіп отыр.

 

«Тамаша жоспар»
Бұл оқиға 2014 жылдың қазан айында болған. Жазасын өтеп шығып, екі қолға бір күрек табылса да, жұмысқа құлқы болмай теңселіп бос жүрген Андрей өзінше ойға шомған. Ой болғанда, жан қинамай мол олжаны опырып алсам деген санасына сіңген баяғы ескі қиялдар. Ойлаған адамның басына не түрлі арман-қиялдардың келетін әдеті емес пе. Содан ол мол олжаға  кенелетін амал-айланы тапқандай болды. Өзі сияқты түрмеден шыққан бір танысы түзеу мекемесінде бірге болған Владимир Самарцев дегеннің Щучинскіде тұратын анасының ұялы телефонын берді. Жай бере салған жоқ әрине, бір жарты қойғасын  ұялы телефон мен «зонадағы» досының анасының есімін айтып, бар мәліметті алдына жайып салды. «Ақпаратты иемденген барша әлемді иемденеді» деген сөз текке айтылған ба, қолына осындай тамаша ақпар түскен соң-ақ, ақша табудың керемет тәсілі қиялын алыстарға жетелеп әкеткен.
Содан ол көп ойланбастан әлгі танысы берген ұялы телефонға хабарласты. Өзін Виталий деп таныстырған ол мұның ұлы Владимирді танитынын, түрмеде бірге отырғанын айта келе, оны мерзімінен бұрын босатуға көмектесетін танысы бар екендігін мәлімдеді. Жалғыз ұлы сотталып, жаны жабығып жүрген кемпір мынаны естігенде елең ете түскен. Қармағының қапқанын сезген әккі қылмыскер кемпірдің сеніміне әбден кіру үшін әлгі мықты танысының телефонын берді. «Менің бар ниетім, Владимирге көмектесу, одан басқа ештеңенің қажеті жоқ. Қалғанын өзіңіз Данил Андреевичпен (көмектесетін танысы) келісіп аларсыздар» деп әңгімені доғарған.
Ұлын босатудың амалы табылғанына қуанған кемпір сол сәт уақыт өткізбестен бірден Данил Андреевич Осакинге (кейін белгілі болғандай, мұндай адам мүлде болмаған) телефон соқты. Телефонды алған адам (ол Андрей Серов болатын) бұл мәселе жайында Виталийдің айтқандығын, ұлын мерзімінен бұрын босату қолынан келетінін, бірақ, ол үшін біраз ақша қажеттігін ашық айтып салды. Қанша керек деген кемпірге, «сіздің жағдайыңызды түсінемін, сондықтан, таныстарымды 8 мың долларға көндіремін» деді.
Ештеңені күлбілтелемей, бәрін ашық айтқан әлгі кісінің сөзіне неге екені белгісіз, Наталья Трушкова бірден сенген. Ұлын түрмеден босатудың амалы табылды деп қуанған оның санасын енді әлгі бейтаныс айтқан ақшаны қайдан аламын деген ой билеген.

Әккінің қармағы
Астаналық қайырымды адам телефонмен келіскеніндей, ертеңінде Щучинскіге, Трушкованың үйіне келді. Телефонмен сөйлескен тілі жұмсақ жасамыс Данил Андреевичтің орнында отызды енді орталаған көздері жылт-жылт еткен жылмыңдаған жас жігіт тұрды. Оның сыртқы кейпі кемпірге аздап күдік тудырғанымен, сөйлесе келе күдігі сейіліп сала берген. Наталья Алексеевна жарылқаушының қолына қалтасындағы бар ақшасын – 100 мың теңгені салып берді.  Кемпірдің жағдайын түсінген сыңай танытқан жарылқаушы мұның аздау болатынын анық сездірді. Наталья Алексеевна енді бірер күнде өзінің барлық әшекей бұйымдарын ломбардқа өткізіп, содан алған ақшаны беретінін айтып көңілін жұбатты. – Жақсы, мен таныстармен алдын ала әңгімені бастай беремін, тек қалған соманы тездетіңіз, олар күтуді ұнатпайтын адамдар, –  деді бейтаныс кетерінде.
Араға екі күн салып жарылқаушы тағы келді. Кемпір барлық әшекей бұйымдарын беріп алған 200 мың теңгені тағы да оның қолына ұстатты. Қалған соманы бір жетіде табамын деп сендірді. Ақшаны алған жарылқаушы «бәрі ойдағыдай
болады, таныстармен келістім» деп кете барды.
Наталья Алексеевна жалғыз ұлдан несін аясын, бар байлығы – баспанасын кепілге қойып, Каспий банктен 1300000 теңге несие алды. Қазір несие алу деген бұрынғыдай емес, жеңілдеп кетті ғой. Бұрын несие алмаған кемпірге банк еш кедергісіз сұраған ақшасын көп әуреге салмай, бере салды. Данил Андреевич сөзінде тұрып, айтқан уақытында жетіп келді. Кемпір оның қолына қалған 1 миллион 300 мың теңгені ұстатып, үлкен шаруаны бітіргендей бір жеңілдеп қалған. Ол уәдесінде тұрса, енді әрі кетсе бір айдың ішінде Володясымен қуана қауышатын күн де туатын болады. Кемпір өзін осылай жұбатқан.

Алданған кейуана
Бір жетінің ішінде хабарласамын деп кеткен Данил Андреевичтен хабар болмағасын, кемпір оның ұялы телефонына өзі хабарласты. Бірақ, ұялы телефоннан «хабарласу мүмкін емес» деген сөз естілді. Араға бірер сағат салып және хабарласып көрді. Содан кейін тағы телефон шалды. Бірақ, қанша хабарласса да, ұялы телефон «хабарласу мүмкін емес» дейді де тұрады.
Ертеңінде, арғы күні де солай болды. Міне, сонда ғана Наталья  Алексеевна бір сұмдықтың болғанын  сезіп, бойына қорқыныш ұялай бастаған. Содан кейін де бірнеше күн бойы қайта-қайта телефон шалумен болды. Алайда, арғы жақ үнсіз.
Күдерін үзген кемпір өзін алаяқтың тақырға отырғызғанын сезіп, жанын қоярға жер таппай қиналды. Іштегі өкініші мен құсасын  жақын араласатын көршісіне барып жайып салды. Мынаны естіген көршісі «дереу полицияға бар, арыз жаз» деп ақыл қосты. Содан ертеңіне амалсыз өмірі табалдырығын аттамаған полицияға барып, арыз жазуға мәжбүр болды. Ондағылар кемпірді бес сағаттай ұстады. Алаяқтың сыртқы кескін-келбетін, түр-түсін тәптіштеп түгел сұрап алды.
Үйіне құр сүлдері  оралған кемпір өзін банкке берешек етіп, қарызға белшесінен батырып кеткен алаяқты полицияның табарына
сенбеген еді.

Көз жасы жібермеді
Дегенмен, Наталья Алексеевна қателесіпті.  Құқық қорғаушылар арада ай жарым уақыт өткенде алаяқты құрыққа түсірді. Бұған бәлкім, кемпірдің қылмыскердің түр-түсін, сөз мәнерін тәптіштеп түгел айтып бергені себеп болды ма, әлде үнсіз қалған ұялы телефон нөмірі көмектесті ме, кім білсін, әйтеуір, қыруар ақшаны алдап алып, қарасын жоғалтқан жылмыңдаған жігіт
қармаққа түсті.
Өзіне полициядан телефон шалып, қылмыскердің ұсталғанын хабарлағанда кейуана алғашында онша сене қоймаған. Мүмкін қателесіп басқа біреуді ұстаған шығар деп ойлаған. Бірақ, полиция бөлмесіне басқа емес, өзін тақырға отырғызған жылмыңдаған жігітті алып кіргенде кемпір есінен танып қала жаздады. Данил Андреевич деп таныстырған жігіттің есімі Андрей Серов болып шықты. Ол қылмысы үшін бұрын бір рет сотталған екен.
Бурабай аудандық сотының судьясы А.Құлмағамбетовтың төрағалығымен өткен сот отырысында А.Серовтың алаяқтық қылмысына қатысты іс қаралды. Сот Серовты жасаған қылмысы үшін айыпты деп тауып, 3,6 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге және жеке мүлкін түгел тәркілеп, алдап алған 1 миллион 600 мың теңгені қайтаруға шешім шығарды. Осылайша оңай жолмен олжа таппақ болған жігіт ендігі күндерін тар қапаста өткізетін болды және оған қоса алдап алған бар ақшаны қайтарады, ол аз десеңіз, мүлкі де түгел тәркіленбекші. «Ұрлық түбі – қорлық» деген осы болар…

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар