Елбасы Жолдауы егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, барлық салаға серпін беріп, халқымыздың игілігін көздейтін тарихи құжат.
Жолдауда мемлекеттік қызметтің барлық саласы қамтылған, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың мүддесін қорғаудың нақты жолдары ұсынылған. Білім
саласы да ұмыт қалмаған, мұғалімдер жалақысын көбейту – бұл ұстаздар еңбегінің еленгендігі әрі ұстаз мәртебесінің жоғарылағаны деп білеміз.
Бүгінде орта мектептерде үштұғырлы тіл саясаты жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр деуге болады. Көпұлтты мемлекетімізді мекендеген әр ұлт өз тілі мен салт-дәстүрін насихаттай алады. Мәселен, Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталығы жемісті жұмыс істеуде. Өскелең ұрпақ өкілдерін қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатын көздеген бұл мектептің жұмысының басты бағыты ұлттар арасындағы достық пен келісімнің сақталуына лайықты үлес қосу болып табылады. Бұл тіл ұстарту мектебі «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығының жанынан 2010 жылы құрылған болатын.
Қазақ, орыс, неміс, татар, поляк, кәріс, ингуш және армян тілдерін оқып, үйрену үшін мұнда тоғыз топ құрылған. Біздің мектептің оқушылары да бос уақыттарында аталған орталыққа барып, өзге тілдерді үйренуге ынта қойып жүр. Оқыту бастапқы және жалғастырушы екі топқа бөлініп жүргізіледі. Мектепте әр ұлт өкілі өзі қалаған тілді меңгерумен қатар, сол ұлттың тарихы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрімен де таныса алады. Мұндағы барлық топтар өзінің құрамы жағынан интернационалдық болып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда жастардың білім алып, тіл үйренулеріне барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан, кемел келешегіміздің кепілі білімді ұрпақ екеніне
күмәнданбаймыз.
Гүлмира ӘЛКЕНОВА,
Көкшетау қаласындағы
№1 орта мектептің мұғалімі.