«Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік ел» ету. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз, – деп Президентіміз өзінің кезекті Жолдауында еліміздің келешегіне нық сенім білдірді.
Ауылдық жерде тұрып, елдің тыныс-тіршілігін ел қатарлы басымнан өткізіп отырмын, ауыл адамдарының әл-ауқаты артып, жастарымыз шама-шарқынша еңбек етуде. Ақ жаулықты ана ретінде ең бастысы елдегі тыныштыққа, ауызбіршіліктің барлығына шүкіршілік етіп қуанамын. Қазір қандай іспен шұғылданып, нендей бір кәсіп ашып, несібесін табамын десең, үкімет қол ұшын созып, мүмкіндік жасап отыр. Түрлі бағдарламаларға қатысып, несие алып, не нәрсені болса да дөңгелетіп алып кетуіңе ниетің болса жол ашық. Дәм-тұздары жарасқан әртүрлі ұлт өкілдері мекендеген Наурызбай батыр ауылында шаруашылықпен шұғылданып, бизнестің басқа да түрлерімен айналысып жүрген танымал кәсіпкер жерлестеріміз баршылық.
Зейнеткерлеріміз зейнетақысын уақытылы алып отыр, 2016 жылдың қаңтарынан бастап оның мөлшері тағы көтерілді, жәрдемақылар өсіп, асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік төлемақылары да 25 пайызға артты. Бюджеттік сала қызметкерлері дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, студенттер, әлеуметтік сала қызметкерлері де жаңа жылдан бастап қосымша еңбекақы мен шәкіртақыға қол жеткізді.
Елбасы қандай қиыншылық кезең болмасын, әлеуметтік саланы ұмытқан емес, халыққа берген уәдесін орындап келеді. Сондықтан, дағдарысқа аса алаңдамай, ертеңгі күнге сеніммен қараудамыз.
Күлкәш ШАҒАТОВА,
Наурызбай батыр ауылы ардагерлер ұйымының төрайымы.
Бурабай ауданы.