Бестоғай ауылдық округіне қарайтын Байсары ауылы табиғаты көркем Сілеті өзенінің оң жағалауында қоныстанған. Ауыл тұрғындары табыс көзін төрт түлік малдан айыруда.
Аталмыш ауылдық округте бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, алты шаруа қожалығы және бес жеке кәсіпкер өз істерін дөңгелетуде. Өткен жылы ашылған «Қаппасов» шаруа қожалығы картоп өсірумен және қымыз өндірумен айналысуды қолға алмақшы. Бұлармен қатар қоныстанған «Сұлтан» шаруа қожалығы да жылқы мен қой басын көбейтуді жоспарлап отыр. Жылы мал қоралары күре жолдың бойында орналасқан. Екі қора арасындағы қоршаулы жерге мал ұсталады. Шөп маялары да осында. Бізді шаруа қожалығының басшысы Бекболат Жұмашев жылы жүзбен қарсы алды. Шаруашылығын аралатып, алдағы жоспарымен таныстырды. Ол шаруа қожалығын ашпастан бұрын да, жылқы өсірумен айналысыпты. Әкесі Төлеу Жұмашев барлық саналы ғұмырын жылқы бағуға арнаған. Жылқышыға жаздың аптап ыстығы, қыстың бораны мен аязы кедергі болмапты.
«Әке көрген оқ жонады» демекші, Сұлтан мен Бекболат та ата кәсібін одан әрі жалғастырды. Бұл жұмыстың қыр-сырын әкелерінен үйренді. Бақташы жер жағдайын, шөптің ерекшелігін, желдің бағытын жақсы білуі тиіс. Өкінішке орай, әкелері өмірден ерте озды. Ағасы Сұлтан Отан алдындағы борышын атқарып жүргенде қайтыс болды. Аналары Күлбағила сегіз бала тәрбиелей жүріп, шаруашылықта бие мен інген сауған көрінеді. Кейін көптеген жұмыстың басы-қасында болды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Жастайынан отбасындағы еңбек тәрбиесінен өткен Бекболат ауыр жұмыстардан қашпады. Қиындықты жеңуге тырысты.
Шаруашылық басшысы жөнделген мал қорасын аралатты. Қораны жекешелендіру және оны жөндеу барысында біршама қиындық туындаған көрінеді. Сол кезде мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне аса мән берілмеген көрінеді. Қаржы жинап, су жаңа МТЗ-82 тракторын сатып алыпты. Соның арқасында былтырғы жазда 200 тоннадан астам шөп даярланған. Шаруашылықтың мың гектар жайылым жері бар. Жуырда егістік алқабы мен жайылым жерді кеңейту жөнінде басшыларға өтініш білдіріпті. Шаруашылықта 164 жабы тұқымдас жылқы күтіліп бағылады. Олардың барлығы таңбаланған. Алдағы уақытта жылқы санын бір мыңға жеткізіп, Елорданы қымызбен қамту көзделуде. Бұған тәжірибелі мамандар бар. Бүгінгі таңда бірнеше бас жылқы да семіртілуде. Біз барған күні жылқы тебінге шығарылған екен.
– Келешекте ұлттық ат спортын жаңғыртамыз. Егер демеушілер мен жергілікті тұрғындар қолдап жатса, экологиялық туризммен айналыспақпыз. Жазда бұл өңір дем алуға, суға шомылуға, балық аулауға, атпен серуендеуге қолайлы. Мұндағы ет пен сүт өнімдері экологиялық жағынан таза. Қой шаруашылығы да табыс көзі болғандықтан, Атырау-дан 30 еділбай қойы мен 10 қошқар сатып алдық. Асыл тұқымды қойлардың пайдасы көл-көсір. Әкелінген ұсақ малды карантинде ұстадық. Қазақы қойдың санын 250-ге жеткізіп отырмыз. Қазір мал төлдей бастады. Бүгінгі таңда қой жеке-жеке күтіліп бағылады. Мал фермасындағы жұмыс өз ырғағымен жүріп жатыр, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Қазір өзімен бірге қарындасы Әлия мен күйеу баласы Серік Рақымовтар жұмыс істейді. Евгений Мальцев көмекші. Су скважинадан алынады. Қораның маңында малшылар үйі орналасқан. Мұнда тамақтанатын, дем алатын, жуынатын жағдай жасалған. Бекболат Жұмашев аудандағы асыл тұқымды ірі қара және қой өсірумен айналысатын алдыңғы қатарлы шаруашылықтар жайында айтты. Олардың арасынан Валерий Кармелюк пен Серік Биімжановты өзіне үлгі-өнеге етті. Таблетка түріндегі қымыз өндірісі туралы ойын жайып салды. Жайылым бөлу мәселесін көтерді. Мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде хабарсыз екенін де жасырмады.
Ерейментау-Степногорск бағытындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Ерейментау қаласындағы медициналық қызмет көрсету деңгейі де Степногорск қаласындағыдан төмен көрінеді. Теміржол қоршалмағандықтан мал пойыздың астына жиі түседі екен. «Ағайын тату болса, ат көп…» деген аталы сөздің мағынасын жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер түсінбей отырған көрінеді. Ауызбіршілік болған жағдайда ешкі сүті мен қымыз тәрізді сүт өнімдерін өңдейтін жаңа цехтар салуға болады. Туризм – қаржының көзі. Бірақ, бұл сала дамымай отыр. Көкөніс өсіріп те қомақты қаржы табуға болады. Ауыл шаруашылығында шопан, жылқышы, көлік жүргізушісі тәрізді жұмыс қолы жетіспейді.
Кәсіпкер дамып келе жатқан ауылдың мектебі жабылуына қарсы. Бекболат пен Әсел Жұмашевтар отбасындағы бес баланың үшеуі мектеп жасында. Екі ұлы әкесінің қолғанаты. Ынтымағы жарасқан отбасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етуде. Отағасы шаруашылығының өркендегенін, өзінің ізбасарлары болғанын қалайды. Кенже ұлы Асанәлі де еңбекқор болып өсіп келеді. Анасы Күлбағила Думатқызының ақыл-кеңесімен жаңа үй салыпты. Оның маңын абаттандыру да көзделген. Биыл көршілері де жаңа үй мен қора салған. Тағы бір тұрғын үйдің іргетасы қаланған. Ауылға орталықтандырылған су желісі тартылыпты. Тұрғындар екі жылдан бері су тасымалдамайды. Бекболат Жұмашев ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының біріккенін қалайды. Бұл ауылдардың көптеген өзекті мәселелерін шешуге, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына септігін тигізер еді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Ерейментау ауданы.
Суретте: үй ішімен өнегелі іске жұмылған Жұмашевтар әулеті.