Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың төрағалығымен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мен әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үш жақты комиссияның отырысы өтті.
Комиссия жұмысын облыс әкімінің орынбасары, облыстық үш жақты комиссияның төрағасы Дәурен Әділбеков ашып, жүргізіп отырды. Онда облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар кеңесі және облыстық кәсіпкерлер палатасының арасында 2013-2015 жылдарға арналған келісім бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
Аталған комиссия жұмысының басты мақсаты жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын ұжымдық шарттар арқылы реттеу, қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады.
Отырыста алғашқы болып хабарлама жасаған «Ақмола облысының кәсіподақ орталығы» кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы Кеңес Бекішев үш жақты комиссияның үш жыл бойы атқарған жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, соңғы 10 жылдың ішінде Ақмола облысында еңбек қатынасына байланысты елең еткізер үлкен дау-дамай тіркелмеген екен. Биылғы жылы күшіне енген жаңа Еңбек кодексіне байланысты жергілікті кәсіподақтар тарапынан үш жақты келісімге жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек қатынастарын реттеп, даулы мәселелерді болдырмау және жұмысшылардың құқығын қорғау мақсатында жұмыс жоспарына 30-дан астам ұсыныс енгізіліп отыр. Оған қоса, айлық еңбекақы қарызы бар кейбір кәсіпорындарға қатысты ұсыныс та бар. Облыс аумағындағы 5018 кәсіпорынмен ұжымдық келісім-шарт
жасалған.
Мұнан кейін хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Тәжмиева мен облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллина ұжымдық шарттар арқылы қоршаған ортаны қалыптастыру мен денсаулық сақтау шараларын ұйымдастыру барысына кеңінен тоқталды.
Отырыс соңында Ақмола облыстық әкімдігі, облыстық жұмысшылар бірлестігі және облыстық жұмыс берушілер бірлестігі тарапынан 2016-2018 жылдарға арналған келісімге қол қойылды.
Аслан ОСПАНОВ