Биыл Премьер-лиганың жаңа маусымы 8 наурыз күні суперкубок ойынымен басталады. Ал, 12 наурызда командалар алғашқы кездесулерін өткізеді. Жуырда «Оқжетпес» футбол клубы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен бірінші оқу-жаттығу жиынынан оралды. Келісімен клуб директорының міндетін атқарушы Николай Панин журналистермен баспасөз мәслихатында жүздесті.
Клуб басшысы алдымен, «Оқжетпес» футбол командасының бас жаттықтырушысы Владимир Мухановтың биыл өз жұмысын одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Бас жаттықтырушы көптеген футбол жанкүйерлерінің сеніміне кіріп үлгерген көрінеді. Жергілікті футбол сүйер қауымды команданың құрамы алаңдататыны белгілі. Бас жаттықтырушының шешімі бойынша командада Әлібек Бөлешов, Олександр Чижов, Даниил Чертов, Виталий Волков, Никита Хохлов, Антон Куксин, Мирас Төлиев, Сергей Гридин, Ильнур Мангуткин және Олег Лебедев тәрізді былтыр ойнаған ойыншылар қалыпты. Сондай-ақ, Руслан Сақалбаевпен және Еркін Нұржановпен келісім-шарт ұзартылды. Қақпада Руслан Әбжанов, Ярослав Багинский және «Тараз» футбол клубынан келген Журахон Бабаханов кезекпен тұратын болады.
Черногорлық ойыншы Лука Ротковичтің «Оқжетпеске» келуі туралы өткен футбол маусымының соңында көптеген мәселе туындады. Ол өткен жылы қарсыластар қақпасына отыз доп соғып, Қазақстан Премьер-лигасы үздік ойыншыларының тізіміне енген болатын. Николай Паниннің айтуынша, кәсіпқой ойыншы Лука Ротковичтің ойын мәнері бас жаттықтырушыға ұнамаған көрінеді. Сондықтан, аталмыш легионер биылғы маусымға шақырылмапты. Биыл «Оқжетпестің» негізгі құрамына ресейлік Александр Алхазов, қызылордалық Жасұлан Молдақараев пен Кирилл Шестаков, ақтөбелік Санат Жұмаханов пен Марат Хайруллин, көкшетаулық Игорь Юрин мен Анатолий Богданов кірді. Шабуыл, қорғаныс шептеріне мықты ойыншылар іздестірілуде. Кейбір деректер бойынша, өзге өңірлердің футбол клубтарымен салыстырғанда «Оқжетпеске» қомақты қаржы бөлінеді екен. Николай Панин клуб бюджеті сол қалпында қалғанын айтты. Бұл қаржы негізгі команданың дамуына ғана жұмсалмайтын көрінеді. «Оқжетпес» футбол клубының құрылымына негізгі құрамнан басқа жастардың қосалқы командасы және екі жүз бала жаттығатын футбол орталығы кіреді. Стадионды күтуді қосқанда барлық бюджет төртке бөлінеді.
Өткен футбол маусымының қорытындысы бойынша «Оқжетпес» сегізінші орыннан көрінді. Премьер-лига биыл да екі кезеңге бөлінеді. «Оқжетпес» футбол командасы бірінші кезеңде алғашқы алтылықтың қатарынан көрінуді жоспарлап отыр. Ол үшін барлық күш жаңа нәтижелерге қол жеткізуге жұмылдырылады. Баспасөз мәслихаты барысында келешекте жас футболшылардың тәжірибелі ойыншылардың қатарынан көріну мүмкіндігі жөнінде сауал қойылды. Бұған Николай Панин, Антон Куксин мен Олег Лебедев сияқты жергілікті жас тәрбиеленушілер негізгі құрамда ойнап жүргенін, олардың қосалқы командадағы Виктор Зябкомен бірге Қазақстан Республикасы жастар құрамасына шақырылғанын айтты.
Клуб жұмысының маңызды бағытының бірі – футбол жанкүйерлерін көбейту. Бүгінгі таңда орталық стадионның трибуналары жанкүйерлерге толы деп айту қиын. Осы орайда, футбол клубтарын дамыту бағытында жұмыс істейтін АҚШ-тың фирмасымен бірге 2016-2020 жылдары «Оқжетпес» футбол клубын дамытудың бағдарламасы жасалыпты. Мұнда бәрі назарға алынған. Аталмыш бағдарламаның арқасында клубтың жоғары нәтижелерге қол жеткізбек ниеті бар. Бағдарламаның маңызды бір бөлімінде жанкүйерлерді стадионға тарту жұмысы да қарастырылған. Бұл бағытта көптеген шаралар көзделгенімен, стадионға кіру билетінің құны көтерілмейді. Клуб әкімшілігі дағдарыс жетегімен кетпей, халықтың төлем қабілетін есепке алыпты. Ақпанның соңында Көкшетау қаласына АҚШ-тан мамандар келеді деп күтілуде. Олар клуб мамандарын оқытып, жаңа маусымның дайындығына көмектеседі.
Бүгінгі таңда «Оқжетпес» стадионындағы футбол алаңының сапасы сын көтермейді. Әу баста топырақ құмды жерге төселгендіктен, алаңдағы шөп дұрыс шықпады. Сондықтан, жерді өңдеу технологиясын қолдана отырып, қайтадан құнарлы топырақ төсеу қажет. Бұл жұмыс бюджетке қаржы түскенде атқарылмақшы. Әзірге қажетті техника сатып алынған көрінеді. Ауа райы мен футбол алаңының жағдайына байланысты «Оқжетпес» әзірге маусымның басындағы ойындарды биыл да «Астана Аренада» өткізуге мәжбүр. Щучинск қаласының «Жақсы» спорт базасында сапалы футбол алаңы бар. Мұнда қосалқы команда өздерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.
Клуб басшысының айтуынша, «Оқжетпес» футбол командасының келешекте Премьер-лиганың алғашқы үштігіне кіруі уақыт пен футболшылардың сапалы ойы-нына байланысты. Кім біледі, бұл арман биыл немесе келесі жылы орындалуы да мүмкін. Жалпы, команда бір жыл ішінде құрылмайды. Оның белді ойыншыларын бірнеше жыл бойы сақтап, көптеген ойындар өткізгенде ғана, көңілдегі ой өз жемісін береді. Клубты дамытудың стратегиясына сәйкес 2017 жылы «Оқжетпес» «еурокубоктар» аймағына да өткісі келеді. Ниет болса, соған сай ойын өрнегі болса, бұл жоспардың негізі жоқ емес. Журналистер футбол клубын жекешелендіру мәселесі туралы да сөз қозғады. Клуб директорының айтуынша, биыл және келесі жылы «ЖШС», «МКК» мәртебесіне ие кәсіпорындар жекешелендірілмекші.
– Қазақстанның бірнеше футбол клубтарының қаңтардағы оқу-жаттығу жиындары Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Мұнда маусымға сапалы дайындалу үшін барлық жағдай жасалған. Өткен маусымда команданы іріктеуге көп уақыт кетті. Қазір командада дене шынықтыру мәселелері бойынша украин маманы Вячеслав Руженцев жұмыс істейді. Бұл маман жарақат алған ойыншыларды тез емдеудің хас шебері. Кезекті оқу-жаттығу жиынымыз Түркияның Белек қаласында өтуде, – деп түйіндеді өз сөзін брифингте Николай Панин. Біз болсақ, сүйікті командамызға жаңа маусымда тек жеңіс тілеп тарқастық. Оның басталуына да бір айдай ғана уақыт қалды. Әрине, бұл маусымда команда құрамынан өзіміздің қаракөз ұлдарымызды да көбірек көргеніміз дұрыс болар еді…
Рамазан ТІЛЕУОВ
Суреттерде: Николай Панин және команданың бір топ ойыншылары.