9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясында партиялық тізімдерді ұсыну қорытындылары туралы брифинг болып өтті.
Онда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 8 ақпанда кандидаттарды ұсыну аяқталғандығы атап көрсетілді.
Ортсайлауком төрағасы Қ.Тұрғанқұлов өзінің сөйлеген сөзінде атап өткендей, «ұсыну жөніндегі барлық іс-шаралар Конституцияға және сайлау заңнамасына толық сәйкестікте өтті». Барлығы 6 саяси партияның: «Нұр Отан» партиясының, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының, Қазақстан Коммунистік халық партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының және «Бірлік» саяси партиясының тізімдері, жалпы саны 234 кандидат ұсынылды.
Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді.
Олардың құрамында 10 ұлттың өкілдері бар 203 кандидат қамтылған. Тіркелген кандидаттардың 80 пайызы ер адамдар және 20 пайызы әйел адамдар. 99 пайыздан астамының жоғары білімі бар. ЖСДП және «Бірлік» СП-ның тізімдеріне енгізілген кандидаттардың Конституцияның және сайлау туралы заңның талаптарына сәйкестігін тексеру жалғастырылуда.
Өткен кезеңде сайлауды ұйым-дастырушыларды оқыту жөнінде 407 семинар, кеңес, тренинг өткізілген. Облыс, қала және аудан деңгейінде барлық қатысушылар үшін тағы 573 семинар өткізу жоспарлануда.
Жергілікті өкілетті билік органдарына дауысқа түсетін азаматтардың жоғары белсенділігі байқалуда. 8 ақпандағы сағат 19.00-дегі мәлімет бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат ұсынылды. Олардың
581-і облыстық мәслихаттарға,
21-і Астана мәслихатына, 95-і Алматы қаласының мәслихатына үміткерлер. Аудандық мәслихаттарға 3244 кандидат, қалалық мәслихаттарға 929 кандидат ұсынылды. Кандидаттардың 69 пайызы ер адамдар, 31 пайызы әйел адамдар. 66 пайызының жоғары білімі бар. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 568 кандидатты тіркеді.