Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәңгіліктің адамы - АРҚА АЖАРЫ

Мәңгіліктің адамы

Мәңгіліктің адамы

Өмір өтеді, бәрі де өткінші!
 Өмiр – ұлы өзен, үлкен ағыс, ағады, кетеді!..
Тоқтауы жоқ, толассыз ағып жатқан толайым тiршiлiктiң арынды ағысы анау замандардан берi Адам-ғапылды айтқанына көндiрiп, айдағанына жүргiзiп келе жатқандығы да ақиқат. Сол өмірдің асау толқындармен арпалысқан ескексiз қайықшыны елестететiн осынау хал кейде сол пенде бiткеннiң пешенесiне жазылған ба дерсiз. Алас-күлес тiршiлiктiң алды-артын бағамдап, арғы жағын аңдап бiле бермейтiн адам пенденiң ағаттығы да һәм арман, өкiнiшi де өмiрде көп болатыны бәлкiм сонан да шығар.
  Әр адам өзiнше бiр әлем. Ал, сол адамың қатардағы қарапайым жай адам емес, жаны жайсаң, жүрегi жомарт, сезiмi нәзiк, ойы сергек, көңiлi адал, көкiрегi кең, ақылы кемел, адамгершiлiгi зор, ақұштап тiлектiң ақ кептерiн алысқа ұшыруды арман еткен абзал жан болса ше?! Асылы мұндай жанды түсiну де, ұғыну да сол заман үшiн де, қоғам үшiн де, қала бердi, қаумалаған қауым үшiн де оңайға соқпаған.
Уақыт ұзарып, өмiр өтiп, керуен дүние келмеске кеткеннен кейiн кем-кетiгiмiздi түгендеп, кейiс мiнез танытып, «апыр-ай, ә» деп артымызға өкiнiшпен қарайтынымыз да өтiрiк емес. Осындай бiр оймен отырғанда көзiңе оқшау көрiнiп, көңiлiңе ормандай ой тастап кеткен, туа- бiттi тұманың суын iшкен, тумысы бөлек, тұлғасы бөтен, тұғыры биiк азаматтарды аңсайсың. Мен үшiн солардың алғы қатарында тұрғандардың бiрi – абзал жан, арлы қаламгер Жанайдар Мусин.
  Ең әуелi бiзге Жәкеңнiң азаматтық болмысы, қаламгерлiк қарымы қымбат. Азаматтық болмыс дегеннен шығады, сарабдал ойды сарқып сiңiрiп, салиқалы пiкiрдi сабасынан қотарып, сырбаз мiнездiң салмағымен басып, саңлақ қиялдың биiгiнде самғап жүретiн санаулы адамдар болса, соның бiрi – Жанайдар ағамыз едi.
Қаршадайынан өмiрдiң ауыр тауқыметiн тартып, ащы запыранын iшiп, қағылез өскен баланың бара-бара байсалдылыққа бой тартып, бапты қылығымен, байыпты жүрiсiмен, барлағыш мiнезiмен өз ортасын «ә дегеннен-ақ» бағындыруы анау-мынау адамның алақанына бұйыра бермейтiн алшы түскен асықтай өмiр сыбағасы дер едiм. Басшылық қызметпен бiрге қаламгерлiктi қатар алып жүру – қайыспас нарға бiткен қасиет пе дерсiз! Бiрегей журналист, бiлiктi ұйымдастырушы ретiнде Жәкеңнiң орны бөлекше болғанын көзiн көргендердiң көбiсi мойындайтынына да шүбә жоқ.
  Алысқа салсаң алқынбайтын үлкен жазушы есебiнде де, жақынға салсаң тартынбайтын мықты көсемсөзшi ретiнде де көбiмiзге үлгi-өнеге бола бiлгенiн несiне жасырамыз. Жұтынып тұрған әңгiменi, жұлып әкететiн журналистиканың жұлын-жүйкесiне дейiн еркiн бiлiп, меңгерген Жанайдар Мусиннiң қаламы тербетпеген тақырып аз болмады десем, асылық айтқандық болмас. Өзiнiң  ең алғашқы әңгiмелер мен очерктер жинағы – «Үмiттен» басталған үкiлi арман үлкен-үлкен дүниелерге, кесек-кесек туындыларға алып келдi. «Таң нұрымен» таласа оянған балапан талап «Қанат ұшқанда қатайып», «Тың түлектерiмен» бiрге түлеп, «Ақ алаңымен» алаш аспанына көтерiлiп, «Туған үйдiң түтiнiндей» тiк ұшып, «Жер шоқтығы Көкшетауымен» бiрге көкке самғағандай сыр қалдырады. Бұлар жайында жақсылар мен жайсаңдар сол кездерi-ақ айтқан, әлi де айтыла беретiнi сөзсiз.
  Сырбаз жүрiп, айнала қоршаған дүниеден сыр аңдай бiлген қаламгердiң сұңғақ ойынан ғана сұлу бiтiмдi сұңғыла сөзбен өрiлген келiстi туындылар ғана керуен көшiндей болашаққа жол тартып жатса керек-тi. Сұлу да тәкаппар Көкшенiң қайталанбас келбетiне көз суарып өскен жазушының жан дүниесiн баураған бiр сиқыр әлем болса, ол – сұлулық және соған деген ыстық ынтызарлықтан туған  кiршiксiз, таза да мөлдiр махаббат. «Көкiрегiң» таза болмай кемеңгерлiк жоқ» деген екен данышпан Бальзак. «Адам экологиясы» демекшi, «Тазалық» атты қасиеттi ұғымның өзi қасқалдақтың қанындай болып, тамшы судай талмап жұтарға таптырмай бара жатқан мынау заманда «кiсiлiк» деген киелi дүниеге зарықтырмаса екен деп алаңдайсың.
  Адамды жақындастыратын – тумыс табиғат, алыстататын – болмыс ғадет. Өмiр атты ұлы жiңгiрдiң базарында жүрiп, болмыс пен ғадетке тым-тым бой алдыратынымыз өкiнiштi-ақ. Қалай болғанда да адам – пенде. Несiне жасырайын кезiнде Жәкеңе де жәреуке құрмет көрсеткен болып, жортақы сөз сөйлеп, мүләйiм көзiн сүзгендер де аз болған жоқ. Қаумалаған көп тобыр алды-артына қаратпай қақпақайлап, жарамсақ мiнез бен жартыкеш пиғылдарын майлап өткiзiп, маңайына  талайларды жолатпағаны ақиқат. Антис Фен айтыпты: «Жағымпаздарға iлiккенше, құзғындарға iлiккенiң жақсы. Бiрiншiсi тiрiнi жейдi, екiншiсi өлiнi жейдi» деп. «Бiздiң доспыз, асықпыз дегенiмiз, жалғандықтан жасалған көңiл iсi» – деп қайран Абайдың да  аһ ұрып кеткенi көп нәрсенi меңзесе керек. Сезiмi сергек болса да сенгiш, ақылы асып тұрса да алданғыш адамдардың алдын орап апанға құлату, «анау анандай деп жүр» деп ашық күнде жар астынан жау тауып берiп арандату, секемшiлдiктi серiк етiп қосып беру, жан дүниесiн сенiмсiздiкпен селкеулеу, түптеп келгенде сол адамның рухани мүжiлiп, таусылуына әкеп соқтыру бұрынғы-соңғының ғана әңгiмесi емес. Ол  әлмисақтан солай екен. Қазiр де… Тобыр мiнездi топты қарға тоңқаңдап әлi келедi, қияға көз тiккен қырандар тұғырында шөжидi… Қазақта: «Ең жәй отырған қазақ бiр кебiстi бiр кебiске сұғып отырады» деген ескiлiктi сөз бар. Адал ниеттен, ақ жолдан айнытып, адастырып алып кетуге әккi де әбжiл әлдекiмдердiң әуресi талай жүректi сыздатып, талай жүйкенi жұқартып  әлi де келе жатқаны өкiнiштi-ақ. Өкiндiң не, өкiнбедiң не, өмiр заңы дейсiң де қоясың.
 Өткінші өмірдің таласты да толас-ты ағынымен Жанайдар ағаның соңында қалған ізбасар інілері, біздің де ғұмырымыз жалғасып жатыр. Ағаның орнында отырдық, ісі мен ізін жалғастырдық.  Кезіндегі «Көкшетау правдасы», кейіндегі «Көкшетау» газеті сонау 1997 жылы Көкшетау облысының аумақтық өзгерістерге ұшырауына байланысты жабылып, таратылуына орай әрі-сәрі күй кешкеніміз де есте. Алғаш Солтүстік Қазақстан облысының құрамына қарап қалған шағымызда, сол кездегі сол облыс әкімінің орынбасары Майра Қанафина телевидениені басқарып отырған Кәрібай Мұсырманов пен Көкшетау облыстық газеті редакторының орынбасары мені шақырып алып, обалдары нешік, Қызылжардан қызмет ұсынды. Маған «Солтүстік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, екі-үш айдан соң редакторы зейнеткерлікке шығады, сол газеттің бас редакторы боласыз,  деді.
– Жанашырлықпен ұсынып жатқан қызметіңіз үшін рахмет! – деп  бара алмайтынымды айттым. Әкімнің орынбасары Майра ханым таңданысын жасыра алмай «Неге? Бұл қалай?» деді.
– Кешегі күні Көкшетаудың ұлымыз деп кеудемізді соғып жүрген едік, бүгінгі күні Көкшетау мынандай күйге түсіп отырғанда мен өз елімді тастап кете алмаймын. Көкшетауға мен керек болмасам да, Көкшетау маған керек! Нені болсын өз Көкшетауыммен көремін, – деп жауап бердім. Өз еліме деген сол адал ниетім мен адал көңілімнің қайтарымы болар, бәрі де оңалды, бәрі де орнына келді. «Көкшетау» газеті 1997 жылдың 1 тамызынан бастап қалалық газет есебінде жарық көре бас-тады. Бұл іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласы тарихындағы тұңғыш қалалық газет болатын. Әйтеуір, кешегі Жанайдар ағамыздың қолтаңбасы мен жан дүниесі қалған «Көкшетау» газетін сақтап қалып, осы күнге жеткізе алғанымызға аға алдындағы інілік те, шәкірттік те парызымыздың бір парасының адал орындалғандығына шүкіршілік етерім бар.
Жанайдар аға, еліңіз барда, өзіңіздің қасиетті қара шаңырағыңыздың шырағын жағып отырған өзіңіздің  адал жан жарыңыз, жеңешеміз Райхан Сүлейменқызы, Алаштың ардақты азаматы, ініңіз Еркін Шахмаұлы, өз ұл-қыздарыңыз барда «Жанайдар Мусин» атты тұлғаның есімі де, ісі де мәңгі жасай беретін болады. Өйткені, Жанайдар Мусин Мәңгіліктің адамы!
 Жанайдар аға, «Көкшетау» көзден бұл-бұл ұшпасын деп, бұқпантайламай, бұйрығы болып, сол өз «Көкшетауыңыз» қалалық газет деңгейiнде қайта өмiрге келсе, ол да, ел мен жер алдындағы перзенттiк борыш, азаматтық намыс және өмiрден өткен өзiңiздей адамдардың аруағына деген құрмет деп бiлемін. Сіз сол құрмет пен ардақтаудың қай-қайсысына болсын, лайықты жан едіңіз. Ендігі құрмет Тәңірден болсын!
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар