Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Жиынға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің, оқу орындарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен іс-шарада облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарованың 2011-2015 жылдарға арналған білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы және 2016-2020 жылдарға арналған міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды. Сала басшысының айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысында бөлінетін қаржы көлемі 1,5 есеге өскен.
Бұл қаражат есебінен мектептер жөнделіп, білім ошақтарының материалдық-техникалық базалары нығайтылған. Осы уақыт аралығында өңірімізге 1870 жас маман келіпті. Алайда, ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздар тапшылығы сезіліп отыр. Бұл мәселені «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шешу көзделуде.
Қамқоршылық кеңестерін құру бо-йынша білім беру индикаторлары орындалып, оқу орындарының 578 қамқоршылық кеңестері тіркелген. 2011 жылдан бастап олардың саны екі есеге өскенін атап өткен жөн. Айта кетерлігі, Көкшетау, Степногорск қалалары мен Аршалы ауданында ғана бұл кеңестер заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеуде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны көбейіп келеді. Мәселен, бағдарлама жүзеге аса бастаған уақыттан бері 16800 балаға арналған 226 мекеме іске қосылды. Әсіресе, Сандықтау, Целиноград, Шортанды, Атбасар және Егіндікөл аудандары мен Степногорск қаласында балдырғандарды балабақшамен қамту жұмысы жақсы жолға қойылған. Білім басқармасының басшысы бала- бақшадағы орын тапшылығын азайту үшін аудан әкімдері мен білім бөлімдерімен бірлесе отырып, жеке инвестицияларды тарту қажеттілігіне тоқталды. Өйткені, еліміздің басқа облыстарында бұл жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келе жатыр. Мәжіліс барысында оқу жылының басында түрлі қиындықтар тудыратын оқулықтармен қамту жағы, оны мектеп басшылығы тарапынан қатаң бақылау сияқты жағдайлар да сөз болды.
Бұдан әрі Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Мейрам Қожахмет, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқу-әдістемелік кеңесінің жетекшісі Сәуле Ескендірова, Аршалы аудандық білім бөлімінің басшысы Нұркен Тілеубаев, Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің директоры Владимир Скляров сөз алып, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыстық білім басқармасы мен аудан әкімдіктері ынтымақтастықта болу қажеттігіне назар аударды.
– Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы ең алдымен облыс экономикасымен тығыз байланысты. Өткен жылы білім беру саласына 54 миллиард теңге қаржы қарастырылған еді. Алайда, бірқатар көрсеткіштер бойынша өңіріміз артта қалып отыр. Сол себепті, жұмысты ширатып, нақты шаралар қабылдау қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, ұстаздардың біліктілігін арттыру, мультимедиялық кабинеттер сатып алу және бюджетті тиімді жұмсау мәселелері де баса айтылды.
Ырысгүл АШУОВА
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.