Таяуда «Егемен Қазақстанда» публицист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаровтың Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы үлкен очеркі жарияланды.
Сексеннің сеңгіріне шыққан қазақ журналистикасы алыбының ерекше дарыны, жазушылық шеберлігі, талантты жастарға қамқорлығы, әсіресе, редактор ретіндегі қайталанбас тұлғасы сан қырынан керемет көрсетілген. Автор Шерағаны бейнелі түрде алып генераторға, оның өзі маңайына топтастырған қаламгерлерді тот баспайтын тетіктерге теңейді, сол тегеурінді тетіктер бүгінгі рухани әлемді де сетінетпей ұстап тұр деген тұжырым жасайды. Сол сияқты есімізде, Ш.Мұртаза 60-қа толғанда Оралхан Бөкей: «Төменге қараңызшы, аға, мен көрінер ме екем», – дегені бар еді, осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Өте дұрыс-ау деген ой амалсыздан өзім алдынан өткен, тәлім-тәрбиесін көрген, Шерағаңның шекпеніндей олардың шекпендерінің жылуын бойға сіңірген қадірменді редакторларды еске түсірді. Шүкіршілік, өмір жолымызда тағдыр өте тамаша адамдармен, білікті басшылармен сапарлас еткен екен, олардың рухани әлемінен, адамгершілік университетінен алғанымыз ұшан-теңіз десем, артық айтқандық болмас. Солардың бірі – қайран Жәкең, бүгінде бәріміз ел болып 80 жылдығын атап өтіп отырған Жанайдар Мусин еді.
Мұның алдында сырттай естуім ғана болмаса, мен ол кісіні алғаш Үкілі Ыбырайдың 130 жылдық мерейтойының сол кездегі Володар ауданында, кейін Көкшетауда аталып өткен күндері, соған іле жалғаса қаланың орталық алаңында тіл мерекесі ұйымдастырылған күндері көрдім. Мереке қарбаласымен жүгіріп жүргенде ауданымыз құрған киіз үйге облыстық газеттің редакторы келеді деген сөз жетті. Қарсы алуға дайындалдық. Көп ұзамай жанында Райхан жеңгеміз бар Жәкең де киіз үйдің табалдырығын аттап, төрге шықты. Толықша келген, дембелше денелі, ақшыл өңді келісті адамның келбетінен бірден табиғи маңғаздылықтың, айрықша бекзаттылықтың лебі есіп тұрғандай сезіндік. Орыс тілімен айтқанда, кәдімгі аристократтықпен, біздіңше нақтылағанда, ешқандай жарнамасыз өзін-өзі әйгілеп тұратын тектілікпен бетпе-бет келгендей әсер алдық. Жеңгеміз де әйел жанының көркемі екен, ерлі-зайыптылар қазақы жасауы құлпырып тұрған киіз үйдің ішін одан сайын жарқыратып жібергендей болды. «Өзім туған ауданның шаңырағына сәлем беріп шығайын деп едім», – деді Жәкең сөз арасында…
Зеренді аудандық газетінде істеп жүрген жылдары облыстық «Көкшетау правдасымен» жақсы шығармашылық байланыс-та болдық. «Самал» сенбілік беті, «Ел аузынан» сияқты айдарлармен берілетін материалдарымыз жиі шығып тұратын. Бірде «Аялдамада» деген тырнақалды әңгімем үшін жыл қорытындысы бойынша редакцияның бағалы сыйлығына леккенім де бар. Тың көтерудің 30 жылдығына арналған Лосевка селосының тыңгер механизаторлары Василий мен Николай Лукащуктер туралы «Ағайынды екеу еді» атты көлемді очеркім де жақсы аталды.
Зерендіде, аудандық газетте істейтін кезім. Бірде кабинетке хатшы қыз кіріп, редактордың телефонға шақырып жатқанын айтты. Басшымыз Баймұрат Азнабаев сұқ саусағын жоғарыға шошайтып, «Көкшетаудан Жанайдар Мусиннің өзі сенімен сөйлескісі келеді» деді. Абдыраңқырап телефон тұтқасын құлағыма тостым. Әр жағынан биязы, жайлы дауыс естілді: «Ғосман, өз газеттеріңде Үкілі Ыбырай туралы ел ақсақалдарының естеліктерін жазған екенсің. Мен қазіргі кезде Көкше өңірі туралы кітап жазып жатыр едім. Сенің материалыңдағы бір деректі кіргізудің орайы келіп тұр, қарсы болмайсың ба?». Қайдағы қарсылық! Жазғаныңнан бірдеңе үлкен кісінің кәдесіне жарап жатса, біз үшін, сол кездегі үрпек балапан журналистер үшін одан асқан мәртебе
бар ма?!
Екіншіден, үлкен кісінің базынасының өзі таң қалдырды. Неткен мәдениеттілік, кәсіби әдептілік! Осы бір штрихтың өзі менің өмірлік бағытым үшін нағыз мектепке айналып еді. Кейін 1989 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан Жәкеңнің «Жер шоқтығы Көкшетау» атты кітабы шықты. Жүрегіміз лүпілдеп парақтап жіберіп едік, 167-168 беттерден манағы дерек жарқ ете түсті. Өзім кітап жазып шығарғандай қуанғаным есімде. Елімізге танымал жазушы Жақау Дәуренбековтың бір айтқаны бар еді, «Жақсыдан ұл қалса өзі, қыз қалса – көзі, ал, кітабы қалса – сөзі», – деп. Жәкеңнің артына қалдырған көп шығармалары осының дәлелі іспеттес. Аға буынның есінде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман Кеңес елінде нағыз тарихи бетбұрыстың толғағы жетіп, қоғам үлкен бір сілкіністерге тақап келе жатты. Алып империяның іргетасы шайқалып, оның көшбасшысы – компартияның іштей іріп-шіруі күннен-күнге шынайы ақиқатқа айнала бастаған-ды. Мен ол кезде Зеренді ауданындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атты үлкен шаруашылықтың партком хатшысы едім. Замана лебінің басқа бағытта соға бастағанын және де бұл үрдістің тоқтаусыз, қайырылусыз екенін бәріміз де түсіндік. Сол себепті өзімнің кәсіби шаруа-ма, бұған дейін он бес жыл істеген журналистикама қайта оралсам қайтеді деген ой мазалай берді.
Ол кезде Жанайдар ағамыз обкомның идеология жөніндегі хатшысы қызметінде болатын. Қалада өтіп жататын көп жиналыстардың бірінде сәті түсіп Жәкеңе жолығып, бұйымтайымды айтып едім, ол кісі бірден қолдады. «Мен саған баяғыдан айтып едім ғой, – деді сәл қатыңқылау. – Бір сиырыңды сылтау қылып ауылдан шықпай қойып едің. Мынауың енді дұрыс болды! Қазір «Көкшетаудың» редакторына телефон шаламын, оларда ауыс-түйіс болып жатыр, іле сонда бар!». Сөйтіп, облыстық қазақ газетінің белді бір бөлімінің меңгерушісі болып шыға келдік. Рас, бұл тұста Жәкеңнің өзінің жеке басының жағдайы мәз емес-ті. Денсаулығы кәдімгідей сыр бере бастаған. Редактор болып істеген жылдардың ол кісі үшін жетістігі мен кемістігі, қызығы мен шыжығы қатар жүргенінен хабардар болатынбыз. Оның соңына шам алып түскендер де болды, тіпті, өз ұжымының ішінен де шықты. Бұл туралы «Арқа ажарының» өткен нөмірлерінде баһадүр журналист, жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев ашып жазды. Шынында да, Жәкең басқарған жылдары облыстық қазақ газетінің керемет бағы жанып, абыройы одақ көлеміне жайылған-ды. «Көкшетау правдасы» көтерген мәселе ара-тұра облыстық партия комитетінің бюросында оң бағасын алып, экономика мәселелеріне де, идеология саласына да, басқа ақпарат құралдарына да игі ықпалын тигізгенінің талай куәсі болдық. Оның үстіне, бас редактордың көркемсөз әлеміндегі қарымды еңбегі де, республика жазушылары қауымдастығындағы беделі де кейбіреулерге маза бермесе керек. Күншілдіктің ала мысығы ондайлардың ішін аяусыз тырналағаны анық. Олардың сондағы мұқату қаруы – нағыз тырнақ астынан кір іздеген жалақорлық, домалақ арыз болды, мұны өздерінше дәреже көрді, күштімен ұстасудағы жеңіс деп білді. Шіркін, дана халқымыз: «Жапалақ құс мақтанса, жардан қоян алдым дер. Жаман адам мақтанса, жақсының жағасынан алдым дер» деп бекер айтпаған ғой. Әрине, одан аспан айналып жерге түспесе де, бұл – Жәкеңнің жүйкесін қатты тоздырғаны хақ, оның өмірден ерте озуының бір себебі де осы болуы мүмкін.
Жәкеңнің публицистикалық шеберлігі өте жоғары болатын, жалпы, ол кісі журналистика деген, газет технологиясы деген ерекше, тұңғиық әлемді жете меңгерген майталман еді. Бір ғана штрих. Сол замандағы баспасөзге тән мықты талап – газеттің әр санында бірінші бетте бас мақаласы болу керектігі, оны бейнелі түрде нөмірдің туы, жалауы дейтін. Ондай материалда дәл сол кезеңнің аса көкейтесті проблемасы көтеріліп, соны шешу жолдары, бұл тұрғыдағы биліктегі, қоғамдағы үрдістер көрсетілетін, айтулы жетістіктер мен принциптік сынға да орын берілетін. Бас мақала жазу үшін авторға, әрине, қалам жүйріктігімен қатар, жалпы білімділік, сая-си сезімталдық, көтеріп отырған мәселені терең игеру қабілеті сияқты қасиеттер қажет. Баймұрат ағамыздың: «Нағыз журналист болу үшін «Правда» газетінің бір жылдық тігіндісіндегі бас мақалаларды оқып шығу керек, осының өзі университеттің журфагін бітірумен тең», – деген естен кетпес сөзі болушы еді. Кейінірек облыстық газетке Жанайдар ағамыз басшы болып келгеннен кейін ол кісі жаңағы талабына «Көкшетау правдасындағы» Жәкеңнің қаламынан шыққан бас мақалаларды міндетті түрде оқу керек деген нұсқауды қосатын болды. Шынында, бұл да шеберлік мектебінің бір қыры болатын.
Аяулы ағамыз дүниеден ерте кетті, бергенінен берері көп еді. Бүгінде облыста, республика көлемінде ол кісінің «шекпенінен» шыққан талай ізбасарлары еңбек етуде, тәуелсіз Қазақстан баспасөзін сапалық баспалдақтармен ілгерілетуде, еліміздің болашақ жарқын белестерге ұмтылуына өз үлестерін қосуда. Ендеше, бұл ұлағатты ұстазымыз, көсемсөз бен көркемсөздің шынайы сардары Жанайдар Мусиннің алдындағы моральдық парыздың орындалуы деп білеміз.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
жазушы, аудармашы