Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тастанды сәби, тасбауыр ана - АРҚА АЖАРЫ

Тастанды сәби, тасбауыр ана

қоғамымызда осы бір жат көрініс неге жиілеп кетті?!. 

Жуырда облыстық «Арқа ажары» газеті соңғы уақытта жалпақ жұрттың жанын түршіктіріп, елді алаңдатып отырған осы тақырыпта дөңгелек үстел басындағы жүздесу өткізді. Оған дін өкілдері, оқу орындарының басшылары мен психолог мамандар, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен облыстық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ұлттық интеллегенция өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел басындағы жүздесуді облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа ашып берді. Басылым басшысы өз сөзінде бүгін жан-жақты қозғалғалы отырған тақырыптың өзектілігіне тоқтала келе, тұтас елге қатысты маңызды мәселені талқылауға келгендері үшін барша жиналғандарға алғыс айтты.
Дөңгелек үстел басындағы кездесуді басылымның руханият бөлімінің қызметкері Мерген Тоқсанбай жүргізіп отырды.
Тілші: – Армысыз, ардақты қауым! Ұлтым деп елжіреген, ел болашағына бейжай қарай алмайтын, қоғамдағы әрбір келеңсіздіктерге жаны ауыратын жамағат. Бүгін ащы да болса шындықты айтқалы бас қосып отырмыз. Атамыз қазақта «ауруын жасырған өледі» дейтін аталы сөз бар. Айтпасқа болмай тұр. Айтылуы керек. Бірақ, жай ғана айтып қоймай, осы бір дендеп еніп бара жатқан қасіреттің алдын алу жолдары бірге қаузалса, құба-құп.
Науан Хазірет мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин:
– Мерген дұрыс айтып отыр. Ендігі арада жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп жауырды жаба тоқымдаудың қажеті жоқ шығар. Алла тағаланың тоқсан тоғыз көркем есімі бар екендігі белгілі. Соның бірі – Жасырушы екен. Бұл не деген сөз? Арғы мәніндегі мазмұнын түсінікті тілмен айтатұғын болсақ, ел ішіндегі шетін шаруаны, әлдебір оқыс оқиғаның салдарын жаһанға жария етпеу. Омар халифаның заманында ел ішінде ұрлық қылған бір адам қылмыс үстінде ұсталады. Өзгенің ақ адал дүниесіне суық қолын салған арсыз ұрының қылмыс жасаған қолы шабылсын деген үкім шығарылыпты. Егер ұрлықты тұңғыш рет жасап отырса кешірілуі де мүмкін. Мұның үлкен күнә екендігін санамен ұғып, өзінің істеген қылмысын мойнымен көтеріп, енді қайтып мұндай іс жасамайтындығын айтып тұрса оны кешірер еді. Бірақ, жаза орындалады. Кейін Омар халифа қолы кесілген ұрыдан шыныңды айтшы, сен осы қылмысты тұңғыш рет жасап тұрсың ба деп сұрайды. Белшесінен күнәға батқан, шабылған қолынан қызыл қаны саулап ағып тұрған кешегі ұры, бүгінгі мүсәпір міскін, енді қайтып ұрлық жасауға, кісіге қылдай қиянат жасауға еш мүмкіндігі жоқ әлгі адам: «Жоқ бұрын да талай ұрлық жасаған едім» депті. Осы арада айтылатын ой, кез-келген іс-әрекет Алланың бұйрығымен белгілі бір уақытқа дейін жасырын қалады да, әлгі адамның өздігінен тоқтай алмайтын хәлге жеткен кезде әшкере болады. Әлгі ұры да әлденеше рет ұрлық жасаған. Сол ұрлығы үшін лайықты жазасын алып тұр. Бүгінгі тақырып бірден туындап отырған жоқ. Соңғы кезде тіпті етек алып кетті. Алдымен, Жамбыл облысында Алматы-Ташкент күре жолының бойындағы әжетханада жаңа туған сәби табылды. Ел есін енді жия бергенде дәл осы облыста көлікте босанып қалған қыздың сәбиін өгей анасы жол бойына лақтыра салған. Естіген жанды есінен тандыратын осындай оқыс оқиғалар бірінен соң бірі іле әлденеше рет қайталанды. Міне, осы кезде тұңғыш рет жасалған күнәлі істі жасырып қалу мүмкін болмады. Алла тағаланың өзі адамдарды тасбауыр тірліктен сақтандыру үшін ашып тастап отыр.
Мүмкін мұндай күнәлі іс бұрын да болған шығар. Болғаны болған жерінде айтылмай, ашылмай қалған, жария қылмауға тырысқан. Алланың әмірімен жария болмаған да. Енді Алла тағала пенделерді сақтандыру үшін ашып, көрсетіп отыр. Айталық, арамшөптің жапырағын жұлып тастаймыз. Бірақ, ол қайтадан өсе береді ғой. Зиянды шөптің зардабын өзге дақыл шекпеуі үшін тамырымен қосып жұлып тастау керек. Бұл арада да дәл осындай әрекет керек сияқты.
Тілші: – Өршіген, етек алып бара жатқан қасіреттің себеп-салдары белгілі. Енді ұлт бойындағы осы бір дерттен айығудың жолы қайсы?
Таңсық Жұрын, ардагер ұстаз:
– Бүгін әңгіме өзегіне айналып отырған тақырып өте ауыр. Тіпті, ауызға алудың өзі ауыр. Жүрегіңе жүк түспей, тілім-тілім болып жарылмай айта алмас едіңіз. Енді бір ауық осындай мінез, түсінік пен түйсік қайдан қалыптасты деген сауалға әліміз жеткенінше жауап іздеп көрелік. Ілкі заманнан бастау алып, жылдар бойы жетіліп, толысып келе жатқан халықтық педагогика таудың тұма бұлағындай мөп-мөлдір емес пе еді. Оның көзіне шөп-шалам қайдан түсті? Меніңше, жастарды «тамағы тоқтық» аздырып жату әбден мүмкін. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгеннен кейін де ата-анасына қарайлайтын, солардың зейнетақысымен, бейнетақысына ортақтасып, масыл болып отырған жастар аз емес. Керісінше, ата-аналар да оларды өбектеп, үстерінен құс ұшырмай әлпештейді. Қызылды-жасылды дүниенің естен тандырар қызығына әбден мелтектегеннен кейін ойы шолақ, рухани жан дүниесі тайыз жас толқынның қайсыбірінің бойында өмірге жеңіл қарау, жауапкершілік жетіспеу орын алып жататыны жасырын емес.
Қазіргі күні қыз баланы кінәлау басым тәрізді. Ол байғұстарды шырылдатып неге кінәлай бересіздер. Ал, енді осы келеңсіз іске ер азаматтардың қатысы жоқ па? Олар кінәлі емес пе, сүттен ақ, судан таза ма? Сондықтан да, жауапкершілік жүгі тең, ортақ болуы керек. Әрбір азамат жанындағы қызғалдақтай қылтиып өсіп келе жатқан қырмызы қыздарға менің қарындасым, менің бауырым деп қараса, дәл бүгінгідей қасіретті оқиғалар орын алмас еді ғой. Ендігі бір дүние жас толқынның көркем әдебиеттен қол үзіп қалуы. Яғни, тәрбиенің жоқтығы.
Қанат Қыдырмин:
– Дархан даланың данышпан қағидасын бойына жиған кейінгі ұрпағына өлмес мұра ретінде қалдырған дана халқымызда «жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей» деген аталы сөз бар. Демек, тәрбиенің ту бастағы қайнар көзі сәби шақта берілгені абзал. Елді елеңдетіп отырған осындай шетін оқиғаларды тыю тек Ислам дінінің ғана ізгілікті ықпалының арқасында мүмкін болмақ. Қазір қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Білім ошақтарында, студент жастар арасында кездесулер өткізіп жатырмыз. Ондағы әңгіменің басты тақырыбы бүгін өзіміз қозғап отырған тәрбиенің төңірегінде. Мешітке келетін, имандылыққа бет бұрған жастардың бойынан жаман қылық көре алмас едіңіз. Міне, ішкі жан дүниенің тазалығы, адамның дінге наным-сенімі қандай да бір күнәлі іске тыйым салуға қарымы қаптал жететін ғаламат күш. Әрбір жұма намазының басында мешітте насихат айтылады. Тақырыбы да әр алуан. Оның ішінде әйел адамдардың отбасындағы, қоғамдағы рөлі. Алдымен, ананы тәрбиелеу керек. Ана бауыр етінен жаралған баласын тәрбиелеу керек. Сонда барып ұрпақ, жалпы қоғам түзу жолға түспек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да үмбетіне өсиет еткен. Біз қазір отбасындағы тәлім-тәрбиенің кейбір қырына жіті назар аударып жатырмыз. Он жастан асқан ер балалардың бөлмесі қыз балалардан бөлек болу керектігі, басқа да толып жатқан осы тақылеттес жайлар. Бірақ, «күн астында жүргенмен күрсінуге себеп көп» демекші, көңілдегі көрікті ойды өмірдің ащы шындығы – әлеуметтік-тұрмыстық жайлар бұзуы бек мүмкін. Аядай ғана бір бөлмеде қысылып-қымтырылып күн кешіп жатқан отбасылар аз ба. Тәрбиеге тосқауыл болатын, инабаттылық иірімінің кең арнада жайылуына жол бермейтін жанама себептер толып жатыр.
Тілші: – Құрметті Қанат Қоянбекұлы, тәрбиесіздіктің тақсіретін тартқан жұрт кейде заман, кейде адам кінәлі деп жатады. Қалай болған күнде де тәрбиенің жұрт жетесіне жететіндей ықпалы болуы керек емес пе?
Қанат Қыдырмин:
– Бүгінгі біз қозғап отырған мәселе көлеңкелі көп істі жастардың ұят санамайтыны. Иманына ұйып отырған Алаш жұртының аспанына батыстан соққан қара дауылдың әсері көп. Шындығын айтқанда батыс жұрты біз бүгін шырылдап айтып жатқан ұлт болашағына, ел келешегіне уайымдап отырған дүниені ұят санамауы да мүмкін. Тіпті, көңіл аудармайды да. Ал, арыдағы Алаш жұрты үшін бұл өліммен тең дүние. Күні кешегі кемеңгер Құнанбайдың зина жасап күнәһар атанғандарды түйеге байлап, таспен атып өлтіргенін білеміз. Содан кейін қалың Тобықтының ішінде мұндай оқиға орын алмаған. Міне, тәрбиенің тәлімі. Қатыгездеу көрінер, тым қатты болып есептелер, бірақ, түпкі нәтижесі бар ғой. Мен бұл жерде қылдан тайғанның бәрін Құнанбай атамыз құсап түйеге таңайық деп отырған жоқпын. Бірақ, адамның жетесіне жету үшін де әсерлі тәрбие тетіктері керек. Ол тәрбие тетігі не? Тәрбие тетігі – Ислам діні.
Тілші:  – Шынында да тәрбие тетігінің алғашқы негізі отбасында басталады. Содан соң балалар бақшасында. Бұл орайда, мамандар не айтар екен?
Айгүл Мәментикова, «Нұрай» балабақшасының меңгерушісі:
– Негізі ұзақ жыл жастармен жұмыс істеген, жастардың жанын жақсы түсінетін Таңсық апамыз тамаша айтып өтті. Мен де сол пікірге қосыламын. Орын алып отырған одағай оқиғаларға тек қана қыздарды кінәлау жөн емес. Бұл арада ер азаматтардың азаматтығы неге айтылмайды? Ілкі заманнан бері алтын арқауын үзбей келе жатқан, бір-бірімен сабақтаса жалғасатын ата-әжелеріміздің кейінгі ұрпағына қалдырған баға жеткізгісіз мол мұрасы, асыл қазынасы – тәлім-тәрбиесі неліктен үзіліп қалды? «тез қасында қисық ағаш жатпайды» дегендей жүгенүзер тентектерді қайырып үйіріне қосатын, оң жолға салатын ұлттық салт-дәстүріміз қайда? Шынымен үзілгені ме, енді қайтып жалғанбайтындай болғаны ма? Мен осындай келеңсіз құбылыстардың орын алуына отбасының берік болмауы, жалғыз басты аналардың көбеюі себеп болып отыр дер едім. Жалғыздың үні шықпайтыны тәрізді жалғыз адамның тәрбие беріп те жарыта алмайтыны даусыз. Өйткені, ол бала-шағасын асыраудың қамымен жүр. Әне бір жылдары Египетте болған едім. Көшеде жүрген бір де бір әйелді көрмеппіз. Дәл біздегідей қап арқалап, базарда сауда-саттық жасап жүрген бір де бір әйел жоқ. Тіпті, қонақ үйде де кездеспейді. Кейін сұрап білсем, ондағы әйелдер өз өмірлерін ұрпақ тәрбиесіне арнайды екен. Міне, ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы жауапкершілік дегеніміз осы. Ал, қазір біздегі тәрбиенің бұзылуына қырсығын тигізіп жатқан дүниенің бірі – теріс пиғылды ақпараттар ағыны. Шындығын айтқанда бұл саланың маманы болмағандықтан әлеуметтік желіде жарияланатын материалдарды кім қарап, қадағалайтынын біле бермеймін. Қалай болған күнде де бұған тыйым болуы керек. Әйтпесе, қазір бәрі өз бетімен кетіп отыр. Бесіктен белі шықпай жатып балаларымыз осындай әлеуметтік желілердегі небір сойқы материалдарды оқып, анайы суреттерді көріп теріс тәрбие алады. Бала емес пе өздерінше еліктейді. Бізге де осылай істеуге болады екен, бізге де осылай киінуге болады екен, бізге де осылай жүруге болады екен деп ойлайды. Әлгі теріс құбылыстар жас баланың сорғыш сияқты сорып алатын санасына сіңе береді.
Ерболат Асылбеков, 31 телеарнасының Ақмола облысындағы меншікті тілшісі:
– Шынында да бұл биік мінбелерден шешілуге тиісті өте үлкен  мәселе. Ақпарат берудің де өз этикасы бар. Мысалы, жол-көлік апаты орын алды дейік, айтып келмейтін апаттан қара жолдың бойында қанға боялып жатқан адамды көрсету ешбір адамгершілік нормасына сыймайды. Сондықтан, біз ондайға жол бермейміз. Ал, көлік тізгіндеген жүргізушіні, жүргіншіні сақтандыру міндет. Сондықтан да, оқиғаны айту бар да, көрсету бар. Ал, әлеуметтік желілердің сенсация қууы, тәрбиеге жат, этикаға сыйымсыз дүниелерді көрсетуі өз алдына бөлек әңгіме. Қазір осы мәселе жиі көтеріліп жүр.
Мұрат қажы Ыдырысұлы:
– Көп нәрсе жаңағы әзірде маған дейін айтқанындай болған дүниені, ұлтымыздың болашағына балта шауып, келер ұрпаққа кеселін тигізіп жатқан ауруымызды жасыруда жатыр. Мынадай бір тәмсіл бар: «Шығысты жаулап алғанда қандай саясат қолданамыз?» деп сұрағанда. Гитлер: «оларға таңның атысы, күннің батысы музыка тыңдату керек. Бір сәт ойлануға, кітап оқуға мүмкіндік қалдырмаған жөн. Өйткені, адам неғұрлым рухани жағынан таяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді» деп жауап берген екен. Гитлердің сол айтқаны бүгінгі күні орындалып тұрғандай. Бізде ғана емес, күллі әлемде. Қазір кез-келген телеарнаны басып қалсаңыз екі иығын жұлып жеп ойқастай секіріп ән салып тұрған әншіні көресіз. Әйтпесе, күлкі. Күлкі болғанда да, қазақтың ақсақалы мен ақ жаулықты әжесін әжуа ететін, келекеге айналдыратын у күлкі. Әншілердің ән мәтінінде ешбір мағына жоқ, мазмұн жоқ. Бұлардан басқа бейәдеп, біздің ұлттық болмысымызға жат дүние толып жатыр. Телеарнаның басым көпшілігі Ресейдікі. Олардың қандай саясат жүргізіп отырғандығында, біздің ұрпағымызды қалай тәрбиелеп отырғандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Осыдан барып ұлтымыздың, еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыздың рухани жан дүниесі жұтаң тартып барады. Оны бәріміз күнде көріп жүрміз. Көргенмен көңіл бөле бермейміз. Алпысыншы жылдары мұндай көрініс кездесе қоймаушы еді. Қазір көшеге шығып қараңызшы, еститінің бейпіл сөз, көретінің темекі тартып тұрған, сыра ішіп тұрған жастар. Бірақ, солар өздерінің осы бір өрескел іс-әрекетін ұят санамайды. Сол жері қорқынышты.
Мұндай жастар өз халқының тарихын терең білмейді, мәдениеті мен әдебиетін зерделемейді. Тіпті, азан шақырып қойған аттарын айтуға намыстанып, қысқартып айтуға, лақап ат қоюға бейім.  Ұлт болашағы алдымен қыз баланың тәрбиесіне тікелей қатысты. Осы мәселені облыстық «Арқа ажары» газеті өте орынды көтеріп отыр. Атамыз қазақта желкілдеп өсіп келе жатқан бойжеткеннің оң жақта отырып жүкті болып қалуы өліммен тең болған. «Ұл ұяты – әкеге, қыз ұяты – шешеге» дейтұғын қазақтың ұлттық ұстанымынан бүгінде жұрдай болдық. Дәл кешегідей қызға қырық үйден тыйым салынып отырған жоқ. Өйткені, қоғам азды. Оны аздырған дуалы ауыз ақсақалдардың аздығы немесе жоқтығы. Ертегі айтатын әже жоқ. Алдына бас тартса қадірлей білетін қазақтың қара шалдары қайда. Жоқ болған соң жастар кімге қарап бой түзейді.
Жапонияға барған бір сапарында ақын Мұхтар Шахановқа хайуанаттар паркін көрсетіпті. Сол жолы аң патшасы арыстанды шошқаның торайлары еміп жатқанын көрген екен. Мұндай шетін көріністің сырын сұрағанда әлгі арыстанның өзін шошқаның сүтін беріп өсіріпті. Міне, мәселе қайда жатыр. Арыдағы арыстан бітімді қазақ басынан сөз асырмаған, ұлан-ғайыр жерін жауға таптатпаған, ұлын ұлықты, қызын қылықты қылып тәрбиелеген ел емес пе еді. Ендігі арада дәл бүгінгідей қасіретті оқиғалар орын алмауы үшін тәрбиені мықтап қолға алу керек. Бұл арада қадірменді имам Қанат Қоянбекұлы айтып отырғанындай арымызды сақтап қалатын, ұлтымызды сақтап қалатын ұлы күш – Ислам діні.
Таңсық Жұрын:
– Ұл бақытын қыздан табу керек. Маған дейін пікір айтқандардың арасында жалғызбасты аналар туралы ащы шындық айтылды. Бұл да өз алдына үлкен мәселе. Осы мәселенің туындауына қыз өсіріп отырған ата-аналардың өздері кінәлі. Біздің заманымызда қайтып келген қыз жаман болатын. Бізді «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деп өсірді. Пәленшенің қызы қайтып келіпті деген сөз ата-анасының жан жүрегін аяздай қаритын. Қазір еттері үйреніп алды. Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды деп отырғызып қояды. Сосын кеткен қыз қайтып келмегенде қайтсын. Рас, бұл арада әлеуметтік-тұрмыстық себептер де болуы мүмкін. Баспананың жоқтығы, балабақшасының кезегінің келмеуі, еңбекақының аздығы, өзгенің жегенін жеп, кигенін кие алмауы. Бірақ, тұрмыстың тақсыретін тарттым екен деп ақ адал некелерін бұзуға бола ма. Бұрынғының ата-аналары кеттің екен қайтып келуші болма дейтін. Қазір екі жақ қит етсе бірін-бірі кінәлауға дайын тұрады. Әрқайсысының өзінікі жөн.
Ертеректе білім ошақтарында қыздар жиналысы өткізілетін. Сәл ғана қателескен қыздарды осындай жиналысқа саламыз десе, төбе шаштары тік тұратын. Мәселе қорқытып-үркітуде емес, жастардың жанын түсінуде. Қыздарға жігіттерден хат келсе, ой бөлісетінбіз, ақылымызды айтатынбыз. Қазіргі күні адаммен адам жан сырын айтып сөйлесе ала ма. Әркім өзінің ойы жеткен жерге дейін ғана ұмсынатын уақыт қой. Қыз жігітті іздейтін заман туды.  Ата-аналар да өздерінің бауыр етінен жаралған балаларының ертеңін ойлай бермейді. Тәрбиенің кемшін соғып жатуы осыдан. Құдайға шүкір, тәрбие тетіктері аз емес, қоғамдық ұйымдар тіпті толып жатыр. Бірақ, солардың атқарып отырған жұмыстарының нәтижесі көзге көрініп тұрған жоқ.
 Мұса Елеусізов, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
– Біздің облыста жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін 7-8 ұйым бар. Ал, бала тәрбиесімен айналысып жатқан он шақты қоғамдық бірлестік бар. Солар шынымен не бітіріп жатыр? Біз қоғамдық бірлестік болып ашылғалы біраз игі шаралар атқарамыз деп жоспарлап қойдық.  Алды орындалып та жатыр. Облыс әкіміне аралас мектептерді азайтып, бірыңғай қазақ мектебі, орыс мектебі қылып бөлу туралы хат жазған болатынбыз. Ол да дұрыс шешімін табады деген сенімдеміз. Аралас мектептің мұғалімдер жиналысы да, мектепішілік іс-шаралары да орыс тілінде өтетіні әмбеге аян. Таза қазақ мектебі болса, оқушылардың үзіліс кезінде де, сабақтан тыс уақытта да орыс тілінде сөйлеуіне тосқауыл қоюға болар еді. Өткенде қоғамдық көліктің ішіндегі немересімен орысша тіл бұрап, шүлдірлеп сөйлеп кетіп бара жатқан екі әженің әңгімесін құлағым шалып қалды. Астана қаласында Есілдің сол жағалауында екі мектеп ашылыпты. Біреуі қазақ мектебі де, екіншісі орыс мектебі. Қызығын қараңыз. Орыс мектебіне қазақтар балаларын беріп жатса, қазақ мектебіне орыстар балаларын апарып жатыр. Ертең қазақ балалары мемлекеттік тілде сөйлей де, оқи да, жаза да алмайтын болады. Сол кезде бүкіл жоғары лауазымды орындарға өз ана тілін ұмытпай, қазақ тілін жетік меңгерген орыс ұлтының балалары келеді.
Тілші: – Енді сол төрт аяғы түгел ақсап тұрған тәрбиені қалай жетілдіріп, түзеуге болады?
Айгүл Мәментикова:
– Бәрін басынан бастауымыз керек. Бізге жетпей үзіліп қалған ата дәстүрді. Менің ойымша әр ұлт тамырын тереңге жайған ұлттық салт-санасын жетілдірмей, жаңа заманның талаптарымен байытпай, алысқа бара алмайды. Ұлттық тәрбиеде жаңаша әдіс-тәсілдерді, нәтижесі күмәнді методикаларды ойлап табудың түк те қажеті жоқ. Барлығының қайнары, бастау көзі халықтық педагогикада. Ертеректе бала тәрбиесі ата-ана, мектеп, қоршаған ортаға жүктелетін. Қазір ата-ана сырт қалды. Әлдебір оқыс оқиға орын алса бәрі мектеп мұғалімдерін кінәлауға дайын тұрады. Сонда ата-аналар біржола бала тәрбиесінің жауапкершілігінен босатылған ба. Өздерімен сөйлесе қалсаң, тұрмыстың ауырлығын, уақыттарының жоқтығын, тіпті, өзге түгіл өз баласының тәрбиесіне көңіл бөлетін жағдайларының жоқ екендігін айтып зар жылайды. Мектеп қанша жерден тәлім-тәрбие ошағы болғанымен, толайым тәрбие береді деп айта алмас едіңіз. Оқушының сабақтан бос кезінде не істеп жүргендігін, қоршаған ортасының қандай екендігін кім қадағалап жатыр. Сондықтан да, дәл қазір ұрпақты ата-ана да, мектеп те емес, аула тәрбиелеп жатыр. Оның үстіне қара танымайтын қарағымдар Интернет тілін жетік меңгеріп алған. Тіпті, тілі шықпаған балалардың өзі нешетүрлі құбыжықтар бейнеленген ойын ойнайды. Оның бала ағзасына келтіріп жатқан зияны, ағзасымен қоса санасының да ойсырай өзгеріске түсіп жатқандығына ата-ана көңіл бөліп отырған жоқ. Әйтеуір, аман болса болғаны. Біздің ұлттық тәрбиенің босаңсып кетуіне бірден- бір әсерін тигізіп отырған дүние дәл осындай немқұрайлық. Сондықтан, мен алдымен ата-аналардың өздерін тәртіпке шақырса дер едім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін аталы сөз тегін айтылып отырған жоқ қой. Дәл осындай отбасында тәрбиеленген балалардың күні ертең өздері балалы болғанда қандай тәрбие беретіндігін ойласам болды, аза бойым қаза
болады.
Дана Жантемірова, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары:
– Бүгінгі қордалы проблемаларды қаузаған ордалы ойлардың жалпы бағыты дұрыс. Бұл жайлы өз басым аз айтылып жатыр демеймін. Біздің орталық та салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында қалтқысыз қызмет етуде. Әртүрлі форматтағы жүздесулер, мәнді шаралар өткізіліп жатыр. Бірақ, соның өзінде бүгінгі біз естіген статистикалық мәлімет адам жанын түршіктіреді. Жасанды түсік жасау арқылы біз еліміздің ертеңгі болашағының тамырына аяусыз балта шауып жатырмыз. Егер сол шараналар мынау жарық дүниенің сәулесін көріп, мөлдір ауасын жұтып, азамат болып ер жетсе, еліміздің бір-бір діңгектей тірегіне айналмас па еді. Әрі-беріден соң обал-сауабы қайда? Жаңа мен өз сөзімді тәрбие тақырыбында өткізілетін шаралардың көп екендігін айтудан бастадым. Бізден басқа да қаншама ұйымдар осы мәселемен айналысуда. Бірақ, соның нәтижесі көрінбей отыр. Міне, осы жері қорқынышты. Дөңгелек үстел барысында әрқилы пікір айтылды. Бәрі де жөн тәрізді. Бірақ, тәрбиенің басы қыз баладан басталғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, әлемге қуат беретін, ұрпаққа ғұмыр сыйлайтын аналар емес пе. Сол аналар кейінгі толқынды тәрбиелейді. Демек, ең алдымен өзгені былай қойып қыздар тәрбиесіне көбірек көңіл аударған жөн. Ол тәрбие ұлттық ұлағатпен астасып жатса екен дейсің шіркін.
Маржан Қабдөшева, қалалық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкері:
– Жалғызбасты аналар жайында айтылғанда мына бір статистикаға көңіл аударып көріңіздерші. Өткен жыл ішінде облыс бойынша 5388 неке тіркелсе, 2596 неке бұзылған. Тең жартысына жуығы. Ал, Көкшетау қаласындағы жағдай мынадай өткен жылы 1816 неке тіркелсе, 744 неке бұзылған. Бұл тек жалаң цифр ғана. Оның ар жағында қаншама қасірет бұғып жатыр. Әдетте, сезімнен жұрдай цифрдың көлеміне көңіл аударғанымызбен, оның арғы жағында жатқан трагедияны түйсіне бермейміз ғой. Дәл осындай жауапсыздық, өз тағдырына өздері жүрдім-бардым қарайтындар ертеректе аз болатын. Ел ішінде пәленшенің ұл-қызы дәм-тұздары жараспай айырылысып кетіпті дейтін сөз сирек айтылатын. Естіген жұрт елең етіп, таңырқайтын. Әке-шешесі қара бет болатын. Жалғыз өздері ғана емес, тұтас әулеті. Сүйек сынды деген осы. Қазір адамдардың еттері үйренген. Тіпті, некелерін бұзу туралы арыз бергенде беттері бүлк етпейтіндер бар. Қорықсақ осындай сезімі жоқтардан қорқу керек. Өз бетін аямаған адам кісінің бетін шиедей қылады. Тілші: – Қазақ «баланы жастан, қатынды бастан» дейді. Баланы кішкентайынан тәрбиелеп, келінді түскен күннен бастап үйрету керек деген сөз. Тіпті, ушыққан жағдай болса, оқушылардың құқығын заңмен қорғап, тиісті шаралар қолдану керек.
Дидар Ерғалиев, Көкшетау қаласының аға прокуроры:
– Біздің тараптан мұндай шаралар жүріп жатыр. Біз былтыр ғана білім басқармасы мен ішкі істер басқармасына талап қойған болатынбыз. Оның негізгі мақсаты жоғарыда айтылған жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу. Осы орайда ішкі істер басқармасының инспекторлары, әлеуметтік педагогтар жұмыла жұмыс істеп жатыр. Әр ай сайын әлеуметтік жағдайы төмен, тұрмысы нашар оқушыларды медициналық тексерістен өткізіп, үй ішінің тұрмыс-тіршілігімен хабардар болады. Ата-аналар комитетімен де тығыз байланыста. Әке-шешесі ішкілікке салынған балалар бар. Солардың өз ата-аналары тарапынан зорлық-зомбылық көретін кездер де тіркелген. Оларды біз арнайы есепке аламыз. Қатаң қадағалауда ұстаймыз. Қолдан келгенше көмектесеміз.
Тілші: – Бала өлімі, баланы тастап кету, ажырасу осының бәрінің байқап тұрсаңыз, сюжеттері өте ұқсас. Бірі екіншісін қайталап жатыр. Мұның себебі неде?
Әсел Мақсұтханқызы, Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің психологы:
– Менің ойымша бұл ешқандай да қайталау емес. Адам мұндай қадамға көп жағдайда шарасыздықтан барады. Өзі кәмелет жасқа толмаған, ақыл-ойы толыспаған болса, ата-анасынан қолдау көрмесе, кімнен барып көмек сұрайды? Көргені мен білгені сол әлеуметтік желінің шеңберінен шықпаса ол басқа не істейді?
Жүкті болып қалды. Құрбылары мен қатарластарының өсегі бар. Ата-анасының қаһары бар. Соның бәрінен қорқады да, баланы тастай салады.
Тілші: – Айгүл Аманжолқызы, біздің қоғамда баланың теріс жолға түсіп кетуі мектепте дұрыс тәрбие бермеуінен деген көзқарас бар. Сол қаншалықты дұрыс?
Айгүл Мәментикова:
– Жоқ, бұл жерде тек мектепке кінә арту ағат болар. Мұғалім жалғыз. Оған 25-30 оқушы бар. Беретін сабағы бар, онысы-мұнысы бар, ол әр баланың тәртібін бақылап үлгермеуі де мүмкін. Тіпті, баланы мектепте тәрбиелеудің өзі тым кеш. Отбасылардың ажырасуы көп болып кетті дедік қой. Бұл бала тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Балаға әкенің тәрбиесі керек. Егер баланың қасында әжесі болса, атасы болса онда бір басқа. Жалғыз басты әйел ешқашан дұрыс тәрбие бере алмайды. Тәрбиені тым құрығанда балабақшадан бастау керек. Біз балаларды қазақы салт-дәстүрмен тәрбиелейміз. Ертең теріс жолға түсіп кетпеуі үшін бүгін ұлттық тәрбие береміз. Ал, ең дұрысы баланы іште жатқан кезде тәрбиелеу керек. Құрсаққа бала бітті деген күннен бастап тәрбиелеу қажет. Менің екі немерем бар. Үлкенімен іште жатқан кезден бастап кәдімгідей сөйлесетінмін. Сенің атың Бақдәулет болады. Сен менің тұңғыш немерем боласың деп. Келініме айы-күні жеткенше  ұлттық нақыштағы әндер мен күйлерді тыңдаттым. Қазір сол немерем маған жанымен жақын. Өнерге, әнге жақын. Кішкентай ғана домбырасы бар, өзінше күй шертіп ойнайды. Ал, екіншісі қыз бала. Біз оған аса мән бермеп едік, ол кішкене шу болса шошып оянады. Музыка қойсаң жылайды. Балаға тәрбиені құрсақтан бастап беру керек екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Мұрат қажы Ыдырысұлы:
– Осы жерде бір қоса кететін сөздің орайы келіп тұр. Жапон елінің бір ғалымы мынадай тәжірибе жасапты. Үш бірдей ыдысқа үш бірдей күріш салып, әрқайсысына күнделікті бірдей мөлшерде су құйыпты. Бірақ, бірінші ыдыстағы күрішке су құйған уақытта «сен әдемісің, сен ақылдысың, сен жақсысың» деген сөздер айтады екен де, екінші күрішке су құйған кезде «сен жамансың, сен оңбағансың» деген сияқты жағымсыз сөздер айтыпты. Ал, үшіншіге су құйғанда мүлде ештеңе демепті. Арада бір ай уақыт өткенде бірінші ыдыстағы күріш быршып, көтеріліп, ыдысынан тасуға айналыпты да, екінші ыдыстағы күріш қап-қара болып қарайып кетіпті. Үшінші ыдыстағы болса мүлде шіріп кеткен екен. Міне, баланы да осылай күту керек. Осылай бағу керек. Оның таланты мен талабына қолдау көрсету қажет. Неге біздің барлық ұлы тұлғаларымыз бала кезінде ерке болған? Шоқанды алыңыз, Ақанды алыңыз. Бәрі ерке болған. Сөйте тұра тәрбиеден кенде емес. Ал, біздің бүгінгі балаларымыз шетіннен ынжық. Бұл туралы да ойлану керек.
Тілші: – Кәмелет жасқа толмай жүкті болып, жасанды түсік жасатып жатқан қыздардың көбеюінің тағы бір себебі ол медициналық жағынан сауатсыздығынан шығар?
Жұлдыз Әлпіләмқызы, Көкшетау қалалық емханасының дәрігері:
– Ол жағынан сауаты аз деп айтуға болмайды. Өйткені, бізде жылына екі рет көктем мен күзде қыздарды акушер-гинекологтар амбулаторияда және облыстық перинаталдық орталықта тексереді. Жеке өз басым күн демей, түн демей мектептерде, колледждер мен арнаулы оқу орындарында, университеттерде дәріс оқимын. Ерте жастағы жыныстық қатынасқа түсудің зияны мен зардаптары туралы егжей-тегжейлі айтамын. Ескертемін. Кейбір кезде тіпті ұрсып та аламын. Әрине мектеп оқушыларымен жас ерекшелігіне қарай сөйлесемін. 5-ші сыныптан бастап дәріс берсем де, негізінен 8-11 сынып аралығындағы қыздарға көбірек көңіл бөлемін. Олармен ашығырақ
әңгімелесемін.
Ал, жасанды түсік мәселесіне келсек, бұл өте қиын жағдай. Оның адам ағзасына тигізер салдары да, кесірі де орасан. Біріншіден, түсік жасатқаннан кейін ішкі жамбас мүшелері мен жатыр асқынады, қабынады. Екіншіден, қан кетуі мүмкін. Үшіншіден, жатырдың перфорациясы болады. Бұл жасанды түсіктің ең қауіпті асқынуы болып есептеледі. Төртіншіден, жасанды түсіктің салдарынан ішкі ағзалар зақымдалуы мүмкін. Бесіншіден, жасанды түсік бедеулікке алып барады.Біз қанды тоқтатармыз. Асқыну мен қабынудың бәрін емдерміз. Ең өкініштісі тесілген жатырды қалпына келтіре алмайтынымызда.  
Менде бүгінгі күні 100 адам есепте тұр. Оның 50-і осы жасанды түсіктен кейін ажырасып кетті. Өйткені, енді бала сүйе алмайды.
Тілші: – Нұргүл Қайырбекқызы, сіздер осы мәселелер бойынша университет ішінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
Нұргүл Смағұлова, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Айғаным» қыздар клубының төрайымы:
– Біздің «Айғаным» клубы сияқты клубтар жер-жердегі университеттерде ашылып, өз жұмысын істеп жатыр. Біздің жұмысымыз алаулатып, жалаулатып істейтін жұмыс емес. Университеттегі әр қызбен жеке-жеке әңгімелесіп, оның қандай да бір шешілмей жатқан қиындықтары болса, соған мейлінше көмектесуге тырысып, ақылымызды айтамыз. Әр топтың өз кураторы болады ғой. Сол кураторлар арқылы жұмыс жасаймыз. Мысалы, былтыр жазғы демалысқа кеткен бірнеше қыз биыл хиджап киіп, оранып, тұмшаланып келді. Бұның себебі неде? Ата-анасы да, туған туыстарының ішінде де ондай адам жоқ екенін білеміз. Тексере келе оларды тағы сол әлеуметтік желі арқылы танысқан жігіттердің теріс діни ағымға бет бұрдырғанын анықтадық.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ақмола облыстық филиалы жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алмат Махмұтұлы:
–  Нұргүл Қайырбекқызы кешіріңіз, олардың теріс ағымда жүргенін қайдан білдіңіздер? Ажырасып, баласын тастап кеткен, тұрмысқа шықпай жатып аяғы ауыр болып қалған хиджаптағы қызды көрдіңіз бе? Немесе сондай статистика бар ма? Жалпы оранып жүрген қыздардан ондай оғаш қылықтар шықпайды. Біз неге хиджаптағы қыздарға шүйліге береміз?
Нұргүл Смағұлова:
– Оларға ешкім шүйлігіп жатқан жоқ. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдың қыркүйек айында осындай хиджап киген келіншек екі бірдей баласын көп қабатты үйдің терезесінен лақтырып жіберген болатын. Осы келеңсіз оқиғадан соң бізде сақтықта қорлық жоқ деп жаңағы қыздардың кімдермен араласатынын, қандай көзқараста екенін білдік. Бұл да бүгінгі күні өте қажет дүние. Бүгін алдын алмасақ, ертең кешігіп қалуымыз мүмкін.
Қанат Қыдырмин:
– Нұргүл Қайырбекқызы сіз дұрыс айтасыз теріс ағымда жүрген бауырларымызбен, қарындастарымызға біз де алаңдаймыз. Олардың дұрыс жолға бет бұру жолында бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Қазақта «есті қыз етегін жабады» деген сөз бар. Оранып, әуретін жапқаны жақсы. Біз ислам дініне Ресейдің немесе Израильдің көзқарасымен қарамауымыз керек. Ол біздің ата-бабамыздан бері келе жатқан кимешегіміз бен жаулығымыз емес пе?! Ұятты жерлеріңді жауып жүріңдер деп қасиетті Құранның «Әнбия» мен «Әзхәп» сүрелерінде де айтылған.Біз орамалға емес, оның ішіндегі пиғыл мен ниетке қарағанымыз дұрыс.
Дана Асадқызы:
– Біздің бүгін қозғаған тақырыбымыз, талқылаған сұрақтарымыз тек ана мен балаға ғана емес, сонымен қатар ес біліп, ақыл тоқтатқан ағаларымызға да қатысты. Бірде мемлекеттік қызметкерлерге дәріс оқыдым. Сонда арамызда жер ортасы жасқа келген, 40 жылдай лауазымды қызметте жұмыс істеген. Облысымыздың бір ауданын басқарып отырған ағамыз «сен қызықсың, өзің әлі жассың, өмір туралы ештеңе білмейсің. Маған арақ ішпе, темекі шекпе дейсің. Мен қанша жыл болды ара-тұра ішіп, темекі шегіп келе жатқаныма. Денсаулығым жақсы. Менің бір түсінбегенім, менен туған ұрпақ сау емес. Бәрі аурушаң. Денсаулығында кінәрат бар» дейді. Сол жерде отырған 40-50 адам қосылып, әлгі шенді азаматқа мұның бәрі бұрын ішкен арағы мен темекісінің кесірі, ұрпағына тиіп жатқан таяқ екенін айтып түсіндіре алмадық. Ұрпағымыз үшін алаңдасақ, өзімізді салауатты өмір салтын ұстауға бейімдейік. Рухымыз бен жанымыз, тәніміз сау болсын!

 

«Көзқарас» пікірталас клубының отырысын жүргізген
арнаулы тілшіміз Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар