Алдыңғы толқын ағалардың ғибратты ғұмырын, табаны тастан таймайтын еңбекқорлығын айтудың маңызы өте зор.
Бұл жас құрақтай желбіреп өсіп келе жатқан жастар үшін өміршең өнеге, тәуір мысал. Зерек зердемен көңіл таразысына салар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ақжар ауданының Алқатерек ауылында дүниеге келген Аманжол Ахметжановтың қилы тағдыры, өнегелі өмір жолы елеп, ескеруге тұрарлық.
Тағдырдың кейде шарананы да аямайтын кездері бар. Тіршіліктің қаталдығын ағамыз ес біліп, етек жаппастан-ақ көріп, төрт жасында әкесінен айырылған. Ауыр тағдыр оны мүсіркеп маңдайынан сипай қойған жоқ. Әйтсе де, «Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер» демекші, көңілі қапалы, жанары жасқа толып жүрсе де, өмірдің тосқауыл кедергілеріне мойымады.
Жеңіп те шықты. Жаратқан ие бойына сыйлаған қарым-қабілетінің арқасында 1978 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің жанындағы жоғары партия мектебін оқып бітіргенінің өзі неге тұрады?!. Кешегі кеңес заманында кез-келгеннің қолы жете бермейтін, келешегіне сара жол ашатын абыройлы оқу орны еді ол. Мұнан соң өзі туған өңірде партия, кеңес қызметтерін атқарды. Соңғы қызметі Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінің әкімі лауазымы болатын.
Ақырын жүріп анық басқан, сөйтіп, абыройлы биікке көтерілген Аманжол ағамыз жетпісінде де тың. Тұла бойындағы кісілік келбеті, адамгершілік ажары тұрғысынан алғанда, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген рухты азамат. Жетпіске келсе де, қарап отырған жоқ. Біздің диспансердегі «Нұр Отан» партиясы «Парасат» бастауыш ұйымының төрағасы ретінде белсенді қоғамдық жұмыстар атқаруда. Сондықтан, жастарға осы Аманжол ағаларымыздың өмірге құштарлығы мен қажыр-қайратын берсе екен дейміз.
Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Ақмола облыстық
туберкулезге қарсы күрес диспансерінің
бас дәрігері.