Ақмолалық жастар Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын бірауыздан қолдайды және оған белсене қатысады.
Степногорск қаласында өткен форумға қатысушылар облысымыздың жастар ұйымдары атынан осындай үндеу қабылдады. Жас жұмысшылар мен қызметкерлер, колледждер мен жоғары сынып оқушылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жас-тар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Ринат Галлямовтың, аймақтық жастар ресурстық орталығының директоры
Тимур Ысқақовтың өңірімізде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жоспарлары жайлы баяндамаларын қызығушылықпен тыңдады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына, бес институционалды реформаларды жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына, Мемлекет басшысының аталмыш құжаттарда жас қазақстандықтарға қойған міндеттеріне басты назар аударылды.
Партияның Степногорск қалалық филиалының төрағасы Қажымұрат Шәкенов өзі делегат болып қатысқан «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінен алған әсерлерімен бөлісті.
Сайлауды қолдау жөніндегі үндеудің мәтініне бірауыздан дауыс берген форумға қатысушылар жас ақмолалықтарды егемен еліміздің дамуына лайықты үлес қосуларына және 20 наурыз күні өтетін сайлауға белсенділікпен қатысуға шақырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.