Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық «25 қайырымды іс» жобасы аясында өтіп жатқан облыстық мәдениет басқармасының «Өнерлілер – өңірге» акциясы өз жалғасын табуда.
Таяуда акцияны ұйымдастырушылар Атбасар ауданының Новомариновка, Сепе ауылдарында болып, Көкшетау мәдениет сарайы және Бурабай, Сандықтау аудандарының өнерпаздарының қатысуымен қайырымдылық концертін өткізді. Бағдарламада қазақ, орыс, өзбек, армян, тағы басқа халықтардың ұлттық билері, халық және эстрада әндері мен түрлі музыкалық шығармалар орындалды. Әсіресе, «Алға, Қазақстан!» әнін қазақ тілінде орындаған Александр Агафонов көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева елді мекендердің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбектерін атап өтіп, марапаттар жасады. Сепе селолық округінің әкімі Еркін Әуезханов, Новомариновка селолық округінің әкімі Светлана Валитова акцияны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Акция барысында, облыстық тарихи өлкетану мұражайы ауыл тұрғындарына қазақ халқының этнографиялық және тұрмыстық бұйымдары қойылған «Ғасырлар тоғысындағы Көкшетау» атты көрме ұйымдастырса, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Кітап сыйла» акциясын өткізіп, жиналғандарға әдебиеттер тарту етті.
Ақынбай СӘРСЕНБИ.
Атбасар ауданы.