Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасар түрмесінің тарихы - АРҚА АЖАРЫ

Атбасар түрмесінің тарихы

 Тарихы тереңнен тамыр алатын Атбасар қаласының алғашқы кірпіші 1845 жылдары қаланыпты. Содан бері өткен 170 жыл уақыт аралығында бұл өлке небір қилы замандарды басынан кешіріп, көптеген айтулы оқиғалардың  куәсі болды.

 

Үш жүзге есімі танымал жаны жайсаңдардың, сал-серілердің ат тұяғы тиген Атбасар шаһарында есте жоқ ескі заманнан қалған ғимараттар күні бүгінгі дейін сол қалпын сақтап келеді. Солардың бірі болып табылатын бұрынғы мемлекеттік автокөлік инспекциясы, одан кейін Каравай жекеменшік дүкені болған шағын ағаш үйдің арғы-бергі тарихын көбіміз біле бермейміз.
Осы маңайда орналасқан «Континент» дүкенінің орнында патша заманында төрт бұрышында биік мұнарасы бар абақты болған екен. Қазір бұл түрменің жұрнағы да қалмаған. Оның есесіне абақтының кеңсесі (бұрынғы МАИ мекемесінің ғимараты) дүкен ретінде тұрғындарға қызмет көрсетуде.
«Мен ұмытпасам, түрменің негізгі ғимараты 1960 жылдарға дейін бұзылмай, жұмыс істеп тұрды. Жеңіс көшесіне қарай бұрышында бір мұнара, сосын қазіргі Жеңіс саябағы тұсында екінші мұнарасы, сырт жағында ағаштан салынған үй бар еді. Бала кезімде біз көргенде ол төрт жылдық орыс мектебі болатын.  Қазіргі тұрған түрме кеңсесінің қасында төртінші мұнарасы көк аспанмен таласып тұратын. Оның үстіне сырты биік дуалмен қоршалған, жоғары жағына айқыш-ұйқыш сымдар тартылған. Мұнара басында көк қалпақ киген күзетшілер жүретін. Көк қалпақ кигендеріне қарағанда, солдатқа ұқсамайды, шартты келісіммен қызмет етіп жүргендер болуы керек.
Ол уақытта бала болдық, онша айыра алмаймыз. Оспан деген ағамыз, қазір марқұм болып кетті, балалар үйінде тәрбиеленген, негізі  Қарқаралының тумасы. Осы жақта кішкентай күнінде біреулер асырап алған екен. Біз суға түсуге Жабай өзеніне бара жатып, мұнара басында тұрған Оспан ағамен қалжыңдасып ойнайтынбыз. Содан есімде қалыпты. Түрменің ішіне кіріп көргеніміз жоқ. Әйтеуір, сыртқы қоршауы биік болатын», – деп есіне алады Атбасардың байырғы тұрғындарының бірі, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыржан Кенжебаев ағамыз.
Патша заманында салынған бұл түрмеде үш жүзге есімі мәлім әнші, сері Мәди Бәпиұлы қамауда отырып, қапалы күндерін өткізген екен. Ол түрмеден 1915 жылы қашып шығып, Терісаққан болысында бір жыл қыстайды. Атбасар түрмесінде жатқанда елге кеңінен таралған «Үшқара» әнін шығарады. Бұл әннің өлең жолдарында:

Атбасар түрмесінде жыл жатамыз,
Көңілді құмалақпен жұбатамыз.
Есіктің тесігінен дыбыс шықса,
Бар ма деп қаракесек тіл қатамыз.

Терісаққан қалып қалды құрған сайран,
Секілді көшкен бұлттай өтті жалған,
Көрген аз, көрмеген көп, не күтіп тұр,
Бой ұсынып шыға алмайсың терең ойдан, –
деген шумақтар бар. Абақтыдан қашып жүргенде Атбасарда түскен Мәдидің жалғыз суретіне де биыл жүз жыл толады екен.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар қаласы.

Суреттерде:   Мәдидің Атбасар түрмесінен шыққаннан кейін түскен суреті;  бұрынғы
түрме ғимараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар