Көкшетау қалалық білім бөлімі мен жеке кәсіпкерлер өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Аталмыш құжат негізінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын арттыру, тәрбие мен білім сапасын жақсарту көзделіп отыр. Осы мақсатта жеті кәсіпкер әлеуметтік түйткілдің түйінін тарқатысуға ниет білдіріпті.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіповтың айтуынша, 2010 жылдан бастап облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде он жекеменшік балабақша ашылған екен. Алдағы уақытта қосымша жеті мекеме балапандар үшін есігін айқара ашпақ. Осылайша тағы 14,6 пайыз бала мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтылады деп күтілуде. Краснояр кентінде 3 пен 6 жас аралығындағы 140 балаға шақталған балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылатын болады. Барлық нысандар жайлы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін дәрежеде жабдықталған. Балалардың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтуге бағытталған қажетті оқу-әдістемелік құралдарымен де толық қамтамасыз етілген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.