Қараөзек ауылындағы іскер Серік Асқаров жетекшілік ететін «МММ» шаруа қожалығында жыл бойы жұмыс бір толастамайды.
Қожалық егіншілікке қоса, мал шаруашылығымен айналысады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8 миллион теңге көлемінде несие алынып, тұрғындардан 150 бас сиыр, қазақтың ақ бас тұқымды 5 бұқасы сатып алынды. Қазір мал төлдеп, бұзаулар арнайы шарбақта күтіліп бағылуда.
Қожалық басшысы ірі қара санын 1500 басқа жеткізуді межелеп отыр. Бүгінгі таңда мұнда еділбай тұқымдас 600 қой қыстатылуда. Шопандар қой қоздату науқанын ойдағыдай өткізді. Сөйтіп, отар екі есе көбейді. Асыл тұқымды қойлардың салмағы 85-90 келіге дейін жетеді. Қожалықта 200 бас жылқы бағылып, қымыз да өндіріледі. Бағалы сусын Астана қаласы мен аудан орталығындағы мейрамханаларға жіберіледі. Өткен жылы қожалық 80 тонна ірі қара, жылқы мен қой етін сатты. Түскен кіріс мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды.
Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.
Ақкөл ауданы.