«ҚазГерҚұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі индустрияландырудың бірінші бесжылдығында бой көтерген іргелі кәсіпорын. Серіктестік өткен жылы 114 миллион теңгенің өнімін саудаға шығарды.
Осы заманғы озық технологиямен жабдықталған кәсіпорында жылына 300 миллион дана жұмыртқа және 100 тоннадан астам құс еті өндіріледі.
Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағытында қолға алынған жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшті. Бұл үшін кәсіпорында 650 мың тауыққа арналған 10 қора салынды. Сонымен қатар, кәсіпорынның инфрақұрылымын дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 250 мил-лион теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілді.
Ауқымды жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 250 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде олардың орташа айлығы 87 мың теңгені құрайды.
Кәсіпорын басшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес аудан орталығы Степняк қаласында балабақша мен төрт қабатты тұрғын үй құрылысын бастауға ниет білдіріп отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Еңбекшілдер ауданы.