Көкшетау қаласының бір топ өнерпаз жастары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің салтанат залында көпшілікке «Жастар шақырады» тақырыбымен арнайы бағдарлама ұсынды.
Сайдың тасындай іріктеліп, ысылған, ақын-әнші жастар бойындағы өнерімен көрерменді тәнті етті. Осы оқу орнының филология факультетінің студенті, айтыскер ақын Мұхаммед Қоңқаевтың ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шараға Мерген Тоқсанбай, Оюлы Қуаныш Оспанов, Бақытбек Бекмұрат сынды жас ақындармен қоса, Әлібек Серғалиев пен Азамат Қожанов сияқты айтыс өнерінде танылып қалған ақындар да қатысты. Сонымен қатар, аталмыш білім ордасының студенттері Күләш Нысанбек пен Серғазы Қайырболды тырнақалды туындыларын оқыды.
Арқаның әнін әуелетіп, Ақан мен Біржаннан қалған қасиетті домбырамызды қастерлей білген дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері Аслан Мұхамедияр мен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенті Әділ Құсайынов ән шырқап, көрермен көзайымына айналды. Эстрада жанрында жаңа әндер жазып, жергілікті ақын, композиторлармен шығармашылық одақ құрып жүрген Ерлан Мұхамедияр мен Ерлан Базылбек те биіктен көрінді.
Кеш соңында іні-қарындастарын қанаттандырып, алған беттеріңнен қайтпаңдар деп жылы лебіздерін білдірген Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Құдайберлі Мырзабек пен Алмас Темірбай сынды қабырғалы ақындар жастарға батасын беріп, өлеңдерін оқыды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.